Дінаралық келісім феномені: Қазақстан тәжірибесі және халықаралық мән

Ақтоты Жапатова 05 қыр. 2025 10:31

Жаһандану дәуірінде діни әралуандылық пен мәдениеттер арасындағы өзара ықпалдастық қауіпсіздіктің жұмсақ өлшемдерімен байланысты жаңа күн тәртібін қалыптастырды. Осындай жағдайда дінаралық келісім қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға, радикалданудың алдын алуға және бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін орнықтыруға ықпал ететін маңызды құралға айналды.

Қазақстан посткеңестік кеңістікте зайырлы конституциялық негіз бен институционалдық тетіктерді ұштастыра отырып, конфессияаралық диалогтың ерекше моделін қалыптастырды және оны халықаралық деңгейге шығарды. Бұл модельдің негізінде ар-ождан бостандығын қамтамасыз ететін Конституция қағидалары, діни қызметті реттейтін арнайы заңнамалық база және әлемдік деңгейде танылған тұрақты диалог алаңы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері бар.

Қазақстанның дінаралық келісім үлгісі, ең алдымен, құқықтық айқындығымен ерекшеленеді. Конституцияның 22-бабы әркімнің ар-ождан бостандығын таниды, ал «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң діни ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін, мемлекеттік реттеудің шектерін және қоғамдық қауіпсіздікпен үйлесімін белгілейді. Мұндай құқықтық негіз діни әралуандылық пен қоғамдық тұтастық арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге Қазақстан халықаралық деңгейдегі диалог инфрақұрылымын жүйелі түрде дамытты. 2003 жылдан бері үш жыл сайын өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері 11 қыркүйек оқиғаларынан кейін өркениетаралық шиеленіс қаупі күшейген кезеңде ұсынылған бастама ретінде пайда болды және 20 жыл ішінде беделді жаһандық платформаға айналды. Бұл алаңның даму бағыты мен мақсаты Съездің 2023–2033 жылдарға арналған Тұжырымдамасында айқындалып, оның тұрақтылығы мен мазмұндық сабақтастығы қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар дінаралық келісімнің эмпириялық негізін ел ішіндегі конфессиялық алуандық көрсеткіштері қуаттайды: Қазақстанда 18 конфессияны қамтитын 3999 діни ұйым және 3788 діни ғимарат тіркелген. Бұл құрылым діни субъектілердің заңды қызметін атқаруына және діни қажеттіліктерін институционалдық деңгейде қанағаттандыруына мүмкіндік береді.

2022 жылы Қазақстанның бастамасымен өткен VII Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі 50 елден 100-ден аса делегацияны жинап, дінаралық диалогтың жаһандық тақырыптарын жаңғыртты. Съезд қорытындысында қабылданған Қорытынды декларация дінаралық татулықты, адам қадір-қасиетін, діни төзімділікті және радикалдануға қарсы иммунитет қалыптастыру қағидаттарын нақты тұжырымдады. БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясында Декларацияның ресми құжат ретінде таратылуы оның халықаралық ықпалын күшейтті. Бұл қадам Қазақстан моделінің халықаралық-құқықтық процестермен үйлесімін және БҰҰ институттарының құндылықтарымен үндестігін көрсетті.

2019 жылы Алматыда ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру жөніндегі халықаралық орталық (ICRC) құрылды. Бұл шешім орталық ЮНЕСКО құрылымымен ресми келісім арқылы бекітілді. Аталған мекеме ғылыми, білім беру және сараптамалық бағыттарда жұмыс істеп қана қоймай, Қазақстанның мәдениетаралық және дінаралық диалогты ғылыми-әдістемелік деңгейде дамытуына ықпал етіп отыр. Бүгінде ол өңірлік әрі жаһандық маңызы бар институттардың біріне айналды.

БҰҰ Бас Ассамблеясы шеңберінде де конфессияаралық диалогты қолдауға арналған тұрақты резолюциялар қабылдануда. Мәселен, 71-сессияда (A/RES/71/249), 74-сессияда (A/RES/74/23) және 78-сессияда (A/RES/78/129) қабылданған құжаттар мемлекеттерді дінаралық және мәдениетаралық өзара түсіністікті дамытуға, тәжірибелік шараларды кеңейтуге үндейді. Бұл құжаттар Қазақстан ұсынған диалогтық тәсілдермен мазмұндас және оларды жаһандық деңгейде нормаланған құндылықтар қатарына енгізеді.

Қазақстан тәжірибесінің практикалық мәні үш қырдан көрінеді. Біріншіден, тұрақты көпжақты диалог алаңы – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі – діни көшбасшылар мен халықаралық ұйымдар арасындағы сенім арнасын қалыптастырды. Бұл алаң дағдарыс кезеңдерінде моральдық бағдар ұсынып, шиеленіс риторикасын жеңілдетуге ықпал етеді.

Екіншіден, ішкі саясаттың деректік базасы – тіркелген діни ұйымдар мен инфрақұрылымның кеңеюі – мемлекет тарапынан діни әралуандылықты құқықтық шеңберде ұстап, экстремизмнің алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралардың жүйелі жүргізіліп отырғанын көрсетеді. Мұндай тетіктер қоғамдағы идеологиялық бөлінуді төмендетуге бағытталған.

Үшіншіден, ЮНЕСКО қамқорлығындағы орталық (ICRC) арқылы жүзеге асатын ғылыми-білім беру жобалары (зерттеулер, оқу-әдістемелік бағдарламалар, сараптамалық жиындар) өңірлік деңгейде білім трансферін қамтамасыз етеді. Институционалдық білім мен тәжірибені жүйелеу басқа мемлекеттер үшін «модельден – практикаға» көшуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның дінаралық келісім моделі – құқықтық айқындық, институционалдық диалог және халықаралық көпжақтылық тоғысқан кешенді тәжірибе. VII Съездің Қорытынды декларациясының БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясында ресми құжат ретінде таратылуы бұл тәжірибенің жаһандық нормативтік дискурсқа еніп отырғанын дәлелдейді. Ал ЮНЕСКО қамқорлығындағы орталықтың қызметі модельдің ғылыми-әдістемелік әлеуетін күшейтіп, оны тарату мүмкіндігін арттырады. Демек, Қазақстан үлгісі – діни әралуандылық жағдайында қоғамдық тұрақтылыққа қол жеткізудің және мәдениетаралық түсіністікті институционалдандырудың озық үлгілерінің бірі.

Жасмин Сағиданова,

Қазақстандық қоғамдық даму институтының жетекші менеджері


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар