ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапи Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновке, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Елимановқа, ҚР Ұлттық банктің төрағасы Тимур Сүлейменовке жазбаша депутаттық сауал жолдап, экономиканың басқа саласы түгілі, елдегі ойын бизнесінің өзін ресейлік олигархтар жаулап ала бастағаны жөнінде дабыл қақты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Аталған сауалда Парламент Мәжілісінің өткен жылы қолданыстағы «Ойын бизнесі туралы» заң нормаларына өзгерістер мен түзетулер қабылдағаны айтылады. Депутат Бапидің бағалауынша, онда ойын бизнесін нарықпен, салық тәртібімен реттеудің жап-жақсы нормалары бар еді.
Бірақ арада бір жыл өткенде, осы заңның орындалу және қолданылу барысын сараптай келгенде, атқарушы органдар тарапынан заң талаптарын мүдделі топтардың ықпалына қарай бұрмалау деректері айқындалды. Бір сөзбен айтқанда, ел Президенті қол қойған осы заңның астарында жасалған актілер арқылы монополияға қарсы талаптарды бұзу деректері анықталуда.
«Өкінішке қарай, Президенттің бірнеше рет берген тапсырмаларына қарамастан, Үкімет жаңа монополиялық құрылымдар құруды жалғастыруда. Бұл бизнес пен қоғамның жүргізіліп жатқан реформаларға деген сеніміне нұқсан келтіруде. Осы депутаттық сауалға түрткі болған ойын бизнесі саласындағы Бірыңғай есеп жүйесі (БЕЖ) монополиялық үстемдіктің нақты мысалы бола алады. Бастапқыда құмар ойынға тәуелділікпен күресу үшін құрылған БЕЖ бүгінде «РОП операторы» сияқты жеке меншік субъектінің мүддесін күйттейтін прокладкаға айналып кеткен. Соның салдарынан осы сектордағы заңды қазақстандық бизнестен түсетін 110 млрд теңгеге жуық салықтың және спортқа демеушілікке жұмсалатын 14 млрд теңге шамасындағы түсімнің едәуір қысқаруына әсер етуде», - деп жазылады депутаттық сауалда.
Депутаттың мәліметінше, мемлекет атынан БЕЖ-і функцияларын жүргізу үшін құрылған «NomaPay» (НомаПэй) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Үкімет берген өкілеттіктерді пайдалану арқылы барлық монополиялық тетіктерді иемденіп алып, бүгінде ол Ресейдің мүддесіне жұмыс істеуде. Бұл серіктестіктің түпкілікті бенефициары ресейлік функционер Умар Кремлев.
Ал былтыр заң жобасын талқылау барысында депутаттар бұл БЕЖ жүйесін қажетсіз делдал деп санаған еді. Алайда неге екені белгісіз, осы жүйеге букмекерлік кеңселердің қызметін бақылау үшін қосымша өкілеттіктер берілді. Соның салдарынан Умар Кремлев бақылайтын «НомаПэй» компаниясы қазақстандық ойын бизнесі нарығын монополиялау қаупін тудырып отыр. Бұған қоса, сарапшылардың бағалауы бойынша, БЕЖ жылына шамамен 3,9 трлн теңгені құрайтын ставкалардың үлкен көлемінен комиссия алатын болды. Бұл соманың басым бөлігі қолма-қол ақша қаражатын құрайды.
Енді қараңыз, Умар Кремлевтің сепаратист деп танылып отырған «Северный казахқа» қолдау білдіріп келгені анықталып отыр. Бұл туралы ресейлік «Русская община» скинхедтер ұйымының подкастында ашық айтылды. Подкастта «Русская община» ұйымының лидерлерінің бірі Роман 7.62 «әлеуметтік желіде «Северный казах» деген лақап атпен танылған блогер Аслан Төлегеновті өздерінің жиындарына шақырғандарын және Асланға Умар Назарұлы Кремлев емделуге деп мол ақша бергендігін» жасырмай айтады. Ол әңгіме сұхбаттың 20-шы минуты.
Биыл тамыз айында Умар Кремлев қолдап жүрген Аслан Төлегенов Қылмыстық кодексінің 174-бабы – «ұлттық, әлеуметтік, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру» бабы бойынша ұсталған болатын. Ал артынан оған бөлек іс қозғалып, Аслан Төлегеновтің ісі Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тергеуіне өткен. Енді құзырлы органдарға Умар Кремлевтің Аслан Төлегеновке қандай мақсатпен ірі көлемде ақша беріп жүргенін де анықтау қажет. Себебі, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қауіп төне бастағаны анық байқалады.