Ресей мемлекеттік думасы отырысында Бішкек қаласындағы қырғыз-ресейлік славян университетінің жаңа кампусын салу мәселесі қаралып, осы тұста Қырғызстандағы бірқатар көше мен елді мекен атауларының өзгеруі де сөз болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Әңгіме 2025 жылғы 25 қарашада қол қойылған келісім жөнінде өрбіді. Құжатқа сәйкес, Ресей тарапы жаңа кампусты жобалау, салу және қажетті жабдықтармен қамтуды өз міндетіне алады. Ал Қырғызстан кемінде 30 гектар жер бөліп, инфрақұрылым тартуы тиіс.
Жоба іске қосылғаннан кейін оқу орнындағы студенттер саны 15 мың адамға дейін жетеді деп күтілуде. Келісімді Қырғызстан парламенті мақұлдап, ел президенті қол қойған.
Талқылау барысында Дума депутаты Михаил Матвеев Қырғызстанда кеңестік және орысша атаулары бар көшелер мен елді мекендердің атауы жаппай өзгеріп жатқанын айтып, бұл үрдісті сынға алды.
Ол мысал ретінде Горький, Толстой, Фрунзе және Молодая Гвардия секілді атауларды атады.
