Freedom Inside '26

Ұлттық кітап күні: қай өңірдің тұрғындары кітапқұмар, қай өңірде кітапхана көп?

Ұлттық кітап күні: қай өңірдің тұрғындары кітапқұмар, қай өңірде кітапхана көп?
Шығыс Қазақстан облысының дін істері басқармасы

Қазақстанда 23 сәуір Ұлттық кітап күні ретінде ресми түрде аталып өтіледі, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елде 3 912 кітапхана жұмыс істейді. Бұл салада 10 мыңнан аса адам еңбек етеді. Кітапханалардың басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан, олардың саны - 3 343.

Еліміздегі кітапханалардың көпшілігі әмбебап бағытта қызмет етеді, жалпы саны - 3 866. Сонымен қатар, 20 ғылыми, 19 арнайы және 7 өзге типтегі кітапхана бар. Балаларға арналған 269 мекеме жұмыс істеп тұр.

Өңірлер бойынша ең көп кітапхана Түркістан облысында тіркелген, саны - 388. Одан кейін Батыс Қазақстан (359), Ақмола (341) және Қостанай (336) облыстары бар. Кітапханалардағы қор 110,3 миллион басылымды қамтиды, соның ішінде 69,6 миллионы - кітап. Ең ірі кітап қоры Алматы қаласында шоғырланған: 37,5 миллион басылым.

2025 жылы кітапханаларға келушілер саны 55,2 миллионға жеткен. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы алда: 5,4 миллион. Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысында 4,6 миллион, Түркістан облысында 4,1 миллион келуші тіркелген.

Айта кетейік, Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы бастаманы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген еді. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда тиісті тапсырма беріліп, нәтижесінде 2025 жылдан бастап 23 сәуір Ұлттық кітап күні ретінде бекітілді.