Биыл Оңтүстік алғашқы қарбыздарын Якутияға жіберді

Dalanews 28 мам. 2018 10:17 946

Биыл Мақтарал ауданында бақша өнімдері былтырғыдан  10-15 күн бұрын ерте пісіп, диқандар алғашқы қауын-қарбыз өнімдерін көршілес Ресей мемлекетіне жөнелте бастады. Қарбыздан алғаш боп өнім алғандардың қатарында "Әбіш-ата" шаруа қожалығы да бар. Бір күнде 20 тонна өнімін саудалаған аталған қожалық  биыл 3 гектар жерге қарбыз егіп,  гектарына 30 тоннадан өнім алуды жоспарлап отыр. 



– Жалпы біздің қожалықтың иелігінде 8 гектар 16 соттық суармалы жер бар. Биыл соның 3 гектарына қарбыз ектік. Алғашқы өнім көлемі жаман болған жоқ. Қырғыстандық кәсіпкер келіп,  20 тоннаны келісіне 140 теңгеден төлеп, Якутияға әкетемін деп отыр, – дейді қожалық төрағасы Бөрехан Әбішев.



Биыл Мақтарал ауданында 19 500 гектарға  қауын, 8 мың 65 гектарға қарбыз  егілген.  Оның ішінде ерте егілген қауын көлемі 7800 гектарды, ал қарбыз 5400 гектарды құрайды. Аудан әкімі Жамантай Бейсенбаев "Әбіш-ата" шаруа қожалығында болып, алғашқы өнімнің артылуына куәгер болды.

– Мақтарал ауданының негізгі күнкөрісі егіншілік. Сондықтан мақтаралдық диқандар көктемнің әрбір күнін тиімді пайдалануды ойлайды. Екі қабатты пленкаға ерте пісетін қауын-қарбыз, баклажан, балгарский егеді. Бүгін міне, қарбызымыздың алғашқы өнімін сонау Якутия еліне жөнелткелі отырмыз. Биыл мақтаралдық диқандардың өнімі өтімді  әрі өнімді болады деген сенім бар, – дейді Жамантай Қанайұлы.

Мұнан соң өңір басшысы кәсіпкер делдалдармен арнайы кездесіп, сұхбат құрды. Қырғызстандық алыпсатар Равшан Хакимов 10 жылдан бері Мақтарал ауданының диқандарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеді екен.  Әлемнің ең тәтті қауын-қарбызы осы жерде өсетінін айтқан ол мақтаралдық өнімдерге Ресей Федерациясы тарапынан сұраныс жоғары екенін атап өтті.

– Алғашқы қарбыз өнімін Ресейдің Якутия қаласына алып барып сатпақшымыз. Онда бару үшін кемінде 10 күн жол жүреміз. Диқандардан қарбыздың келісін 140 теңгеден сатып алудамыз және ол былтырғы бағамен салыстырғанда қымбат. Ал, Якутияда бағаның қалай болатынын әлі білмейміз. Мақтаралдың қауын-қарбызы ерекше тәтті дәмге ие. Сондықтан, Ресейде сұраныс өте жоғары, – дейді Равшан Хакимов.



Кәсіпкер делдалдармен болған кездесуінен соң Жамантай Қанайұлы "Жанат" шаруа қожалығына  атбасын бұрды.  Шаруа қожалыққа қарасты 85 гектар жер бар болса,  биыл соның 45 гектарына қауын, 40 гектарына мақта егіліпті.  Қожалықтың төрағасы Ержан Асауов қауынның ең ерте шығатын "Аэропорт" сортын 70 күн бұрын егіп, бүгін алғашқы өнімдерін алуда екен. Сондай-ақ, ол қауынның келісін 400 теңгеден сатып жатқанын айтты.

Айта кетейік, былтыр Оңтүстік Қазақстан облысының диқандары 1 миллион 300 мың тонна бақша өнімдерін өндірсе, соның 631 мың тоннасы мақтаралдық диқандарға тиесілі болатын.

 

https://dalanews.kz/36325

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар