Осынау заңға жариялы түрде қол қою шарасында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы егемендік алған алғашқы жылдардан бастап Қазақстанда нарықтық экономиканың іргетасы берік институционалдық алғышарттары қалыптасқанын айтты.
– Жеке бастама мен еркін кәсіпкерлік еліміздің экономикалық дамуының және әл-ауқатымыздың артуының басты факторына айналды. Біздің реформаларымыздың табыстылығы мен тиімділігінің жарқын мысалы ретінде Астананы айтуға болады. Оның 20 жылдық мерейтойын бүкіл Қазақстан атап өтуде, – деді өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті қол қойылатын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңның маңыздылығын ерекше атап өтті.
– Енгізіліп отырған өзгерістердің басты мақсаты – бизнесті реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіре түсу. Заңда мемлекеттік бақылау функцияларын шамамен 30 пайызға қысқарту көзделіп отыр. Құқық бұзушылықтың алдын алатын профилактикалық бақылау институтына баса мән берілген. Табиғи монополиялар мен квазимемлекеттік сектор тарапынан көрсетілетін қызметтер реттеледі, – деді Елбасы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы бизнес шығындарын жаппай төмендету үшін заңда қарастырылған шаралар жөнінде және бәсекеге кедергі келтіретін нормалардың алынып тасталғаны туралы айтты.
– Осы заң арқылы 14 кодекс пен 109 заңға шамамен 1 мыңға жуық өзгеріс енгізіліп отыр. Осы өзгерістердің бәрінің діттеген мақсаты бизнесті дамыту үшін мейлінше қолайлы жағдай қалыптастыру жөніндегі мемлекеттің басты стратегиялық бағытына толық сай келіп отыр.
Қазіргі уақытта іскерлік белсенділікті күшейту және жұртшылықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту үшін барлық мүмкіндікті пайдалану аса маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға неліктен жария қол қойғанын түсіндірді.
«Бүгін мен кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіруге бағытталған заңға қол қоямын. Осылай ашық түрде қол қоюдың себебі, бұл құжат өте маңызды деп есептеймін, әсіресе кәсіпкерлерге.
Халыққа кеңінен түсіндіруіміз керек. Кәсіпкерлер заңның мән-мағынасын білуі керек. Шағын және орта бизнесті дамыту – еліміздегі өте маңызды талаптардың бірі.
Сондықтан мен Тәуелсіздіктің бірінші күнінен бастап бұл мәселені қолға алып, ылғи реттеп келемін.
Кәсіпкерлікпен айналысуға қолайлы жағдай жасау үшін жүйелі жұмыс жүргізіп келгенімізді білесіздер. Бизнес пен билік арасында серіктестік қатынастар орнату маңызды міндет болып саналады.
Сол арқылы кәсіпкер қауымының мемлекетке деген сенімі арта түсетін болады», – деді Елбасы.
Сондықтан Елбасының атап өтуінше, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды Парламент қабылдаған.
«Енді мен бүгін соған қол қоямын. Бұл бизнесті дамыту, жағдай жасау жолындағы тағы да бір үлкен қадам болып саналады.
Бұл құжат бизнес саласын түбегейлі жақсартуы керек. Менің тапсырмамды орындау мақсатымен қабылданып отыр. Заң мемлекеттік органдардың қадағалау функциясын қысқарту арқылы бизнес өкілдерінің еркін жұмыс істеуіне жол ашады.
Біз алдағы уақытта да кәсіпкерлікті өркендету үшін қолайлы жағдай қалыптастыра береміз.
Бизнес қоғамдастығы елімізді өркендетуге, халықтың әл-ауқатын арттыруға белсенді атсалысады деп сенемін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сөз соңында Қазақстан Президенті бүгінде жүзеге асырылып жатқан «Бес әлеуметтік бастама» шағын және орта бизнес үшін зор мүмкіндік туғызып отырғанын атап өтіп, осы заңның қабылдануы халқымыздың игілігі жолында елдегі кәсіпкерлік қызметті жандандыруға тың серпін беретініне сенім білдірді.
Айта кетсек, бұдан бұрын мемлекеттің бизнесті бақылау қызметі қысқаратыны белгілі болған.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, мұндай өзгерту жаңа профилактикалық бақылау институтын енгізуді қарастырады. Ол әкімшілік істі бастамай, құқық бұзушылықтардың профилактикасын жүргізеді.
Сонымен қатар ол мұндай шара кәсіпкерлердің негізгі қызметіне кедергілеріне байланысты шығындарын және қысымды, сыбайлас жемқорлықты азайтуға мүмкіндік беретінін айтқан.
«Сонымен бірге бүгін бар болған 144 саладан 20-сы және 544 бақылау қызметінен 108-і алынып тасталады. Оларды алып тастаудың негізгі себебі – қайталануы және жүзеге асыру кезінде тиімділіктің болмауы. Сондықтан тұтынушылардың қауіпсіздігі тиісті деңгейде қамтамасыз етіледі», – деген еді Тимур Сүлейменов.