Мақтааралдың баклажаны экспортқа шығып жатыр

Dalanews 03 қар. 2018 05:08 799

Биыл ерте егілген 350 гектар көкөніс дақылдары толықтай жиналып, ең бастысы – егістіктен алынған өнімдер кезінде тиімді бағаға саудаланыпты.

Ол үшін аудан әкімдігі тарапынан барлық көмектер көрсетілген. Бұл туралы бірнеше шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен танысқан Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов мәлім етті.

Аудан басшысы алдымен  "Тахиржан"  шаруа қожалығына барып, биылғы баклажан өнімдерін жинау науқанының барысы қалай жүргізілгенін сұрап білді.  Шаруа қожалықтың төрағасы Арыстан Сапаров биыл  1 гектарға баклажан, 1 гектарға жүгері, 9 гектар жерге мақта егіпті.  Былтыр 1 гектардан 27 тонна баклажан өнімін алған шаруа биыл да бұл дақылдан жоғары өнім алған. Аталған қожалық баклажанның 1 келісін делдалдарға 300 теңгеден сатып жатыр екен.

 

«Баклажан - күнделікті тұрмысқа өте қажетті өнімдердің бірі. Құрамында дәрумендер өте көп. Міне, егіншілікті әртараптандырудың арқасында диқандарымыз бұрын соңды екпеген көкөністің осындай түрлеріне бет бұра бастады. Диқандарымыз осылайша отандық нарықпен қатар, Ресейге баклажан өнімдерін экспорттауда " - деді Бақыт Асанов.


 

Мұнан соң аудан әкімі "Исрайл" шаруа қожалығының жұмыс барысымен танысты. Қожалықтың төрағасы Алтынбек Тораев биыл 0,5 гектар жерге болгар бұрышын егіп, алғашқы өнімдерін экспортқа шығара бастапты. Болгар бұрышының келісін 400 теңгеден сатып жатыр екен. Сондай-ақ, ол биыл қияр мен қызанақ егіп, олардан да жоғары өнім алған.

Айта кетейік, былтыр мақтаралдық шаруалар 3877 гектар жерге көкөніс дақылдарын егіп, 89689 тонна өнім алған болатын. Ал биылғы көрсеткіш мұнан да жоғары болады деген сенім бар.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар