– Соншалықты ұзақ жыл елшілік қызметін атқардыңыз. Сонда Қазақстанның сыртқы саясатындағы қандай тұстар көкейіңізге қонбады?
– Жалпы әр мемлекет қай заманда болмасын, алдымен өз мүддесін қорғауы тиіс. Ұлттық мүддені қорғау – дипломатияның қазығы. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі ҚР сыртқы істер министрлігінің саясаты бұл концепцияға сай емес. Бізде ұлттық мүддені қорғау жоқ. Алдымен, Қазақстанның қандай мемлекет екенін анықтап алайық. Бар еститініңіз: «Қазақстан – көп ұлтты әрі көп дінді мемлекет» деп жарияланады.
Ал Қазақстан – қазақ халқының мемлекеті деген ұғым тысқары қалған.
Бұл – ең үлкен қате!
– Орыс баспасөзі осы үшін сізді ұлтшыл деп таныр еді...
– Жоқ. Бұл – ұлтшылдық емес, мемлекеттің қандай болу қажеттігінің алғы шарты. Қай мемлекетті зерделесеңіз де, ол бір ғана ұлттан, бір ғана діннен құралған емес. Бірақ бұл мемлекеттердің негізі – халық. Яғни, қай мемлекетті алып қарасаңыз да, сол мемлекет сол халықтың мемлекеті болып табылады. Ал Қазақстан бұл жағынан кенжелеп отыр.
Бізде қазір тіл, шекара, азаматтық беру, азаматтардың келіп-кетуі мәселесіне келсек те, мемлекеттік тұрғыдан таразылайтын көзқарас жоқ. Қазақстанда кім келем, қанша тұрамын, не істеймін десе де – есік ашық.
Мен кезінде президентке: «Қазақстан, орысша айтқанда, «проходной двор» болды», – деп айтқанмын.
Шын мәнінде, мемлекет үлкен үй сияқты. Онда тұратын адамдар болады. Бірақ олардың барлығы иесі бар үйдің ішінде тұрғандай сезінулері тиіс. Қазақстанда басқа қазақ емес азаматтар тұрады, тұрсын, тұра берсін. «Қазақстан – қазақтар үшін!» деген сөзді айтудан аулақпын. Бұл ұғым – бізге жат, қасаң түсінік.
Бірақ мен «Қазақстан – қазақ халқының елі» дегенді баса айтқым келеді. Мәселен, сыртқы істер министрлігін алайық, қазір онда сіздің қазақ тілін білу, білмеу мүмкіндігіңізге ешкім көңіл аудармайды.
– Иә. Биыл Парламентте ҚР «Дипломатиялық қызмет туралы» заңына дипломат маманға міндетті түрде мемлекеттік тілді білу туралы талап енгізу төңірегінде жанкешті тартыс болғаны белгілі. Ақыры мұндай шарт қабылданған жоқ....
– Бұл – нағыз саяси таяздық, ұлттық нигилизм, «мемлекет қандай болуы керек?» деген түсініктен жұрдайлық. Сол кездегі Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, соны қадағалап отырған премьер-министр Қасымжомарт Тоқаевтың «қазақ дипломаттарына қазақ тілін білу шарт емес» деулері тіптен түсініксіз.
Басқа кез-келген мемлекетте сол елдің мемлекеттік тілін білмесеңіз, сыртқы істер саласында істеу түсіңізге де кірмес еді. Маңайларына жолатпайды.
Мәселен, орыс тілін білмей Ресей сыртқы істер министрлігін маңайлай аласыз ба?!
– Ыдырысовтар дипломат мамандардың аздығынан туындайтын мұқтаждықты алға тартар еді...
– Біріншіден, сіздер маған алдымен орыс тілін біліп, істеп жүрген мамандарды көсетіңізші. Сыртқы істер министрлігінде кәсіби білімі бар тек қана Тоқаев пен Ыдырысов. Ал қандай маман-елшіні атап бере аласыз? Тек қана орыс тілін білетіндерді алып отыр. Неге?
Өйткені Тоқаев та, Ыдырысов та қазақша білмейді.
Неге? Қазақстанның өзінде, жоғарыда айтқандай, «Қазақстан – қазақ мемлекеті» деген ұғым қалыптаспаған. Сондықтан, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қызмет істей алмай отыр. Тоқаев мырза премьер-министр болып тұрған кезінде: «Мемлекеттік тілге жағдай жасаймыз. Бірақ орыс тіліне ешқандай нұқсан келтірмейтіндей...», - деген.
Бұл білмеске айтылған сөз. Егер де мемлекеттік тіл қазақ тілі болса, әрине, орыс тіліне нұқсан келеді. Бұл даусыз. Бұл жерде біз ешкімге «қазақ тілін білсең, орыс тілін білме» деп отырған жоқпыз. Біздің орыс тілін білемін деп, қазақ тілінен айрылып отырған жәйіміз бар ғой.
Сондықтан, екі тілді қарама-қарсы қоюға болмайды.
Әуелі, қазақтар қазақ тілін білетіндей жағдай жасау керек. Содан кейін қазақ тілі Қазақстанда да мүлтіксіз мемлекеттік тіл болуы шарт.
– Оның нақты көрінісі қандай болады?
– Президент, премьер-министр, үкімет орындары, Парламент, сыртқы істер министрі, басқа министрлер қазақ тілінде сөйлеуі тиіс. Бұл шарт! Бұл заң! Сонымен бірге жоғары білім Қазақстанда басым түрде қазақ тілінде берілуі керек. Орысша, немесе басқа тілде оқимын дегендерге бизнесмендер оқу орнын ашсын. Оған қарсылығымыз жоқ.
Ал мемлекет қазақ тіліне қолдау көрсетуі тиіс.
Айталық, Ресей – федералды мемлекет. Ол – тек қана орыс халқының ғана емес, басқа халықтардың да тарихи мекені.
Ал Қазақстанды қазақтан басқа тарихи мекендеген халық жоқ!
Әрине, осыдан бір-екі жүз жыл бұрын келген орыстар да, украиндер немесе елу-жүз жыл бұрын қоныстанған неміс, корейлер бар. Бірақ бұл – олардың тарихи мекені емес. Сондықтан, Қазақстан – тек қана қазақ халқының мемлекеті, қалғандары – басқа халықтардың өкілдері.
Мысалы, Ұлыбританияның өзінде миллиондаған азиаттар тұрса, Германияда да соншалық курдтар ғұмыр кешуде. Бірақ олардың саны қанша болса да, бәрібір Ұлыбритания – ағылшындар, Германия – немістер жері. Дәл осындай ұғымды 1991-ші жылдан бері ешқандай қақтығыссыз, зорлық-зомбылықсыз уағыздап айта бергенде, ешқандай дау тумас еді.
Менің көрмеген елімнен көрген елдерім көп: Жапония, Қытай, Африка, Шығыс Азия, Оңтүстік Азия, Еуропа... Оларға саяхатшы ретінде емес, көбінесе қызмет бабымен бардым.
Сонда түйгенім: көп халық әртүрлі мемлекеттерді мекен етуде, бірақ барлық елде басқа ұлт өкілдері өздерін жергілікті халықтың жерінде тұрып жатырмыз деп есептеп, өздерін осы халықтың мемлекетінің азаматымыз деп санайды. Ал бұл сияқты түсінік бізде жоқ.
– Неге? Оның тамыры қайдан шығады?
– КСРО – аты өзгерген Ресей империясы ғана. Осыны сонау 1964-ші жылы «Жас тұлпарға» келгеннен бері айтып жүрдім. Жалпы бұл – федералды емес, отаршыл мемлекет. Өйткені, Украинаға да, Балтық жағалауына да, басқа республикаларға да орыс тілін енгізуге, орыс әдебиеті мен мәдениетін дәріптеуге күш салынды. Бұл – бір халықтың басқа халықтарға үстемдігін көрсетудің үлгісі.
Сол жағдайды өзгерту шаралары Қазақстанда қолға алынуы тиіс еді. Бірақ ол жасалған жоқ. Керісінше, керісінше...
Тіпті ресми, әкімшіліктер өздері ұйымдастырған кештерге, мерекелерге Ресейден әртістер шақырады.
Бұл – отаршылдыққа бейімделген тәрбиенің салдары. Әйтпесе, әр мемлекет өз мәдениетін, өз өнер белсенділерін құрметтеуі керек емес пе?! Соған табынуы қажет! Кейбір мемлекеттердің Конституциясында: «Егер сіз біздің мемлекеттің азаматы боламын десеңіз, басқа мәдениетке, басқа әдебиетке, басқа тілге табынбауыңыз керек», - деп жазылған.
– Мысалы, қай мемлекетте?
– Малайзия Конституциясында. Өркениетті, дамыған мемлекет деп саналатын Германия әр елден келетін неміс оралмандарына мынандай шарт қояды: «Сіз келерде біздің тілімізді, мәдениетімізді білуіңіз шарт. Әйтпесе, Германиядағы біздің мәдениетімізге, тілімізге нұқсан келеді. Сіз басқа мәдениетпен оны ыдырата бастайсыз...»
Тағы бірде Қазақстан баспасөзінен бір хабарландыруға көзім түсті. Осындағы Польша елшілігі Польшаға көшем деген қаны поляк азаматтарға елшіліктен рұқсат алу үшін келіп поляк тілінен емтихан тапсыру қажеттігін хабарлапты. Егер поляк отбасының бір мүшесі ұлты басқа болып, поляк тілін білмесе, онда оған бес жыл мерзім беріледі.
Яғни, ол осы уақыт аралығында Польшада поляк тілін үйрене алмаса, азаматтық ала алмайды. Себебі, олар поляк мәдениетінің тұнығын бөтен мәдениетпен, бөгде тілмен, жат көзқараспен лайлайды. Ал бізде отаршылдықтан арылуға әлі қадам жасалынбай отыр.
Мақала «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі Болатхан Тайжан парақшасынан алынды.