Бүгінде отандық ғылымды дамытуға еліміздегі жоғарғы оқу орындары айрықша үлес қосып келеді. Кеңес заманында ғылымды дамытуда ғылыми-зерттеу институттары алдыңға орынға шықса, қазір іргелі оқу орындары ғылымды дамытуға бастамашы болуда. Қазақ ғылымының көшін өрге сүйреп жүрген еліміздегі іргелі университеттің бірі һәм бірегейі – Алматы технологиялық университеті. «Қала мен Дала» газеті АТУ ұстаздарының тың ғылыми-зерттеу жұмыстары жайында бұған дейін де бірнеше рет жазған болатын. АТУ ұстаздары тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласында білікті мамандар даярлап, бұл бағытта іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді. Таяуда АТУ профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Әйкен Құтжанова бастаған жас ізденушілер бойына су жұқтырмайтын жаңа мата ойлап тапқанын естіп, әдейілеп іздеп барып сұхбаттастық.
– Әйкен Жұматайқызы, АТУ мамандары суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын инновациялық маталар шығарып жатқанын жақсы білеміз. Бойына су жұқтырмайтын жаңа мата ойлап тауыпсыздар. Бұл іс қашан қолға алынып еді?
– Қазіргі таңда еліміздегі жетекші университеттер білікті маман дайындап қана қоймай, сонымен қатар ғылымды дамытуды да мойындарына алып отыр. Қазір АТУ-дың магистранттары мен докторанттары маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Іргелі ғылыми-зерттеу жұмысын бір ғана ғалым жүзеге асыра алмайды. Біз ойлап тапқан су жұқпайтын матаның жаңа түрін дайындауға университетіміздің бірнеше магистранты мен PhD доктор атағын алуға ниеттенген ізденушілеріміз қатысып, көп жұмыс істеді. Жаңа матаны ойлап табуда шәкірттерімнің көмегі көп тигенін айтуға тиіспін. Жалпы, біз бұл жұмысты 2012 жылы бастаған болатынбыз. Сол кезде біздің кафедра тоқыма материалдарға химиялық әдіспен жаңа қасиет беру және тоқыма бұйымдарының жаңа түрін шығару бағыты бойынша Ғылым комитеті мен Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттікке өзіміздің жобаларымызды ұсындық. Өз кезегінде аталған мекемелер жанындағы комиссия мүшелері жобамыздың отандық жеңіл өнеркәсіп саласын дамытудағы маңызын түсініп, арнайы грант бөлді. Содан бері қызу жұмыс істеп, бойына су жұқтырмайтын жаңа матаны ойлап таптық.
– Жалпы, жеңіл өнеркәсіп саласында бойына су жұқтырмайтын бірнеше матаның түрі бар екенін білеміз. Сіздердің маталарыңызды олардан қандай артықшылықтары бар?
– Сұрағыңыз орынды. Біздің жобамызда жаңа ноу-хау болғандықтан тиісті орындар жобаны мақұлдап, оған қаржы бөлді. Кеңес заманында біздер қолымызда қандай шикізат болса, содан тоқтаусыз өнім өндіре бердік. Өндірген заттың халық арасында қаншалықты сұранысқа ие екеніне ешкім бас ауыртпайтын. Нәтижесінде өндіріс орындары шамадан тыс тауар өндіріп, оның біразы қоймаларда шіріп кеткені жасырын емес. Сол себепті біздер жобамызды қолға алғанда халықтың сұранысын назарға алдық. Жалпы, Қазақстан ешқашан су жұқпайтын арнайы мата өндірмеген. Егер біздің жобамыз өндіріске еніп кетсе, еліміздің атын шығаратыны анық. Негізінен жобамыз Оңтүстік Қазақстан облысындағы мақта-мата өндірісінің ассортиментін кеңейтуді көздеді. Еліміздің мұнай өндірісінде жұмыс істеп жүрген жұмысшыларға арнайы киімдер тігуде су өткізбейтін мата ауадай қажет. Біздің матамыз бұл бағыттағы сұранысқа толықтай жауап береді.
Енді су жұқтырмайтын матаның өзге маталардан қандай артықшылығы бар деген сұраққа жауап берсем. Жобаны қолға алғанымызда Қазақстандағы өндіріс орындарында тұрған құрал-жабдықтарды ауыстырмауды және толықтай отандық өнімді пайдалануға баса мән бердік. Егер жаңа матаның түрін шығару үшін сырт елден шикізат тасымалдап, жаңа құрал-жабдықтар сатып алсақ, біздің матамыз нарықта бәсекеге қабілеттілігін жоғалтар еді.
– Сонда сіздер ойлап тапқан жаңа матаны өндіріске шығару үшін еліміздің шикізат қоры жеткілікті ме?
– Әрине. Біздер алдымен кәдімгі мақта талшықтарынан қажетті матамызды тоқып аламыз. Содан кейін химиялық полимер талдау әдісімен оның бетіне жұқа гидрополимер жабынын жабыстырамыз. Осыдан кейін мата су жұқтырмайтын қабілетке ие болады. Мата бетіндегі жұқа полимерді арнайы микроскоппен көруге болады. Жобаны іске асыру барысында мақта-мата өндірісі саласында бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі технологияларды дамытып, химия ғылымының заманауи жетістіктерін кеңінен пайдаланып, көздеген мақсатымызға қол жеткіздік.
– Сіздер арнайы гидрополимер жабынын химиялық жолмен матаға қондырдыңыздар. Енді осы мата бетіндегі жабын қаншалықты сақталатынын тексеріп көрдіңіздер ме?
– Сұрағыңыз өте орынды. Ғылыми-зерттеу жұмысымызды аяқтағаннан кейін арнайы сынақтардан өткіздік. Гидрополимердің мақтаға берік түрде жабысқанын электронды микроскоппен тексеріп көрдік. Бұдан басқа өңдеуден өткен матаны жуып, созған кезде қандай күйге түсетіні де жан-жақты сыналды. Осы сынақтардың нәтижесінде матамыз өзінің беріктігімен жоғары нәтиже көрсетті. Бұдан басқа су жұқпайтын матаның адам денсаулығы үшін қауіпсіздігі де арнайы тексерілгенін айта кетуіміз керек. Осындай сынақтардан өткеннен кейін ғылыми жаңалығымызды патенттедік.
– Әйкен Жұматайқызы, ғылыми жобаларыңызды таза қазақстандық технология деп атаса бола ма?
– Әрине. Дүниежүзінде бойына су жұқтырмайтын мата дайындаудың көптеген жолы мен әдіс-тәсілі бар. Мәселен, кейбір технологияларда мақта талшықтарына химиялық тәсілдермен су жұқпайтын қасиет беріп, содан кейін мата тоқиды. Бұдан басқа матаның бойына су жұқтырмау үшін ғалымдар түрлі химиялық әдістерді қолданады. Осы тұрғыдан алғанда біздің әдісімізді таза қазақстандық технология деп атауға болады.
– Сіздер ойлап тапқан матаны қандай салаларда қолдануға болады?
– Көптеген салада қолдануға болады. Өндіріс ошақтарында жұмыс істейтін адамдар үшін арнайы киімдер тігуге болады. Сонымен қатар су өткізбейтін арнайы жабындар дайындауға да таптырмайды. Қазіргі таңда Оңтүстіктегі тоқыма-тігін саласымен айналысатын кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істеп жатқан жайымыз бар. Келешекте отандық су өткізбейтін маталарды өндірістік деңгейде өндіріп қалуымыз әбден мүмкін. Өйткені бұл саланың келешегі зор.
Нұрлан Жұмақанов, «ҰҒТАО» АҚ Қоғаммен байланыс бөлімі