Ақтау қаласы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

Ақтау қаласы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды
Фото: Ақтау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Аида Садатқызы Тулеева Ақтау қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұған дейін ол Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарған.

28 қазанда Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш жаңа орынбасарын қала активіне таныстырды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Аида Тулеева мемлекеттік басқару, журналистика және қоғамдық коммуникациялар салаларында тәжірибе жинақтаған.

Ол Мәскеу политехникалық университетінің Баспасөз және медиаиндустрия жоғары мектебінде «Журналистика» мамандығы бойынша білім алған. Сонымен қатар «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білімі бар.

Еңбек жолын 2015 жылы «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Маңғыстау облыстық филиалында бастаған. Мұнда редактор, редактор-жүргізуші және редактор-талдаушы қызметтерін атқарды.

Кейін республикалық басылымдардың меншікті тілшісі болып жұмыс істеп, Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінде еңбек етті.

2021 жылдан бастап Маңғыстау облысы әкімі аппаратында өңірлік даму және талдау бағытында қызмет атқарған.

Сол жылдың желтоқсан айында облыстық Қоғамдық коммуникация орталығының директоры болып тағайындалып, бұл лауазымды 2025 жылғы наурызға дейін атқарды.

Одан кейін Ақтау қаласының жергілікті атқарушы органдары жүйесінде жұмыс істеді. Ал 2025 жылғы қазан айынан бастап Маңғыстау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары болды.

Аида Тулеева – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісінің иегері.

Сондай-ақ ол спорт шеберлігіне үміткер, Маңғыстау облысының көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының президенті.