– Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді сапалы іске асыру, қойылған KPI межелеріне қол жеткізу үшін процестің барлық қатысушы бірқатар жүйелі мәселені бірлесіп шешуі тиіс. Бүгінгі алаң пікір алмасуға, осы бағыттағы сын-қатерлер мен қолда бар әлеуетті бағалауға мүмкіндік беретініне қуаныштымын, – деді "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев форум барысында.
Нұрахмет Нұриев отандық өндірісті қолдауда мемлекет тарапынан тау-кен секторының сатып алу қызметіне реттеушілік ықпал ету мәселесін атап өтті.
Спикердің айтуынша, 2007 жылы жер қойнауын пайдаланушылар үшін тауар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудың бірыңғай қағидаларын қабылданғанға дейін тау-кен секторында арнайы реттеу болмаған.
– Қағидалардың бірінші редакциясының қабылдануымен нормаға жеке жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу рәсімдерін мемлекеттік реттеудің негізгі қағидаттары алынды.
Жалпы, 2010-2018 жылдар аралығындағы күрделі реформаларға, соның ішінде сатып алу тәсілдеріне қарамастан, бұл қағидалар сатып алуды реттеудің принциптерін, модельдері мен тәсілдерін тұжырымдамалық түрде сақтап қалды.
Бастапқы кезеңде қағидаларды енгізу нарықтың дамуына және оны реттеуге серпін берді. Мұның бәрі отандық өндірушілерге дамуға мүмкіндік берді. Бірақ уақыт өте келе жекелеген нормалар мен тәсілдерді ескеріп, сатып алу қағидалардың кейбір жүйелі сәттері отандық өндірісті дамытуда тежеуші факторға айналды, – деді Нұрахмет Нұриев.
Коррпорация төрағасы бағаны қайта қарауға мүмкіндік беретін икемді жүйенің шарттарын қарастыру қажет деп есептейді. Сондай-ақ, ол мемлекеттік сатып алудың электрондық жүйесіндегі мәселелерге де тоқталды.
Оның айтуынша, тапсырыс беруші және жеткізушілермен толық көлемде өзара іс-қимыл жасау үшін жаңа электрон жүйені әзірлеу және енгізу жөніндегі мәселені жеделдету қажет.
Нұриев тау-кен компаниялары үшін сатып алынатын өнімнің сапасы маңызды екенін де атап өтті. Сол себепті отандық тауар өндірушілер әлемдік стандарттарға бағдарлап, өндірістік процестері мен технологияларын жетілдіруге, сапа менеджменті жүйесін дамытуға ұмтылуы керек.
– "Өнеркәсіптік саясат туралы" заңының қолданыстағы нормаларын нарыққа икемдеп, мемлекеттің ынталандыру шараларын енгізуін қамтамасыз ететіндей қайта қарау қажет. Бұл шара өндірістерді табысты іске қосу үшін мемлекеттік қолдау шараларын сапалы әкімшілендіруге елеулі ықпал етеді, сұраныс пен ұсынысты түсіну үшін қажетті ашықтық пен айқындықты арттырады деп ойлаймын, – деді Нұрахмет Нұриев өз баяндамасында.
Айта кетейік, іс-шара барысында жер қойнауын пайдаланушылар мен отандық тауар өндірушілер жалпы құны 37 миллиард 929 миллион теңгені құрайтын шарттар мен оффтейк-келісімшарттар мен ұзақ мерзімді меморандумға қол қойды.
Шетелдік инвесторлардың және республиканың барлық өңірлерінен 2 мыңнан астам делегат қатысты. Форумда ел экономикасы нақты секторының қажеттіліктері үшін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді локализациялауды кеңейту мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар жер қойнауын пайдалануды, көмір өнеркәсібін, көлік және энергетика салаларын одан әрі дамыту перспективалары жайлы әңгіме өрбіді.