Алматы қалалық Мәслихат депутаты Жалынбек Жайнарбай мегаполистегі қоғамдық көлік жүйесіне бөлінетін субсидия көлемі мен оның құрылым жүйесіне тоқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Депутат ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 2017–2023 жылдар аралығында тасымалдаушыларға 217,6 млрд теңге субсидия бөлінген. 2024 жылы бұл сома 97,3 млрд теңгені құраса, биыл 140 млрд теңге қарастырылған.
Оның айтуынша, қоғамдық көлік субсидиясы барлық бағытта бірдей емес. Әр маршруттың өзіндік ерекшелігі мен шығын деңгейі бар.
"Негізінен көп бағыт бойынша бір жолаушыны тасымалдауға кететін нақты шығын шамамен 460–470 теңге көлемінде. Бірақ кейбір маршруттарда бұл сома 700–800 теңгеге дейін көтеріледі. Ал кейбір бағыттарда, керісінше, субсидия мөлшері 100 немесе 50 теңгеге дейін төмендеуі мүмкін", — дейді депутат.
Оның сөзінше, субсидия көлеміне жолаушылар саны, транзакциялар көлемі және әр бағыттағы тасымалдың өзіндік құны тікелей әсер етеді.
"Бұл көрсеткіштер үнемі өзгеріп отырады. Мысалы, былтыр 455 миллион транзакция тіркеліп, соған 87 миллиард теңге бөлінді. Мұнда қаланың өз автопарктері мен жеке тасымалдаушылар да бар. Мәселен, қала тарапынан сатып алынып, коммуналдық автопарктерге берілген автобустар да субсидияның бір бөлігі болып есептеледі", — деп түсіндірді Жалынбек Жайнарбай.
Депутаттың айтуынша, кейде бөлінген қаражат тек жолаушылар тасымалына жұмсалған қаржымен салыстырғанда, бір бағытта өзіндік құн 200–300 теңгеден аспайтын жағдайлар да кездеседі. Ал жеке автопарктерге тиесілі бағыттарда бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.
"Сол себепті орташа есеппен көпшілік бағыттардағы субсидия көлемі 460–470 теңгенің маңайында. Бірақ бұл көрсеткіш бағыттың қашықтығына, автобустың түрі мен қызмет көрсету сапасына қарай өзгеріп тұрады", — деді ол.
Оның сөзінше, субсидия көлемінің шамадан тыс ұлғаюына жол берілмес үшін депутат болып сайланғаннан кейін “BUS/километр” жүйесін енгізу туралы ұсыныс жасаған.
“Басты мақсат – субсидия көлемін шектей отырып, көлік жүйесін тиімді ету. "BUS километр" жүйесіне көшсек, қаржыландыру нақты жүріп өткен қашыққа байланысты есептеледі. Дегенмен бұл жүйеге көшу кезінде бір-бірінің бағытын қайталайтын автобустар көп, ол да бөлек мәселе”, – дейді депутат.
Жайнарбайдың айтуынша, Алматыда транспорттық инфрақұрылым мен көлік қаңқасын (транспортный каркас) жүйелі дамыту маңызды. Осыған байланысты ол қалалық Мобильділік басқармасын екіге бөлу жөнінде ұсыныс білдірген.
“Биыл жаңа әкім келгеннен кейін басқарма екіге бөлінді: бірі – көлік, екіншісі – жол бағыты бойынша. Бұл өте дұрыс шешім болды. Қазір транспорт саласына келген жаңа басшы осы саланы жақсы білетін адам сияқты. Ол біраз тиімді идеяларын айтты, егер сол жоспарлар жүзеге асса, қаладағы көлік жүйесінде айтарлықтай өзгеріс болады”, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, қазіргі таңда субсидия көлемі айтарлықтай жоғары болғанымен, қала тұрғындары үшін қоғамдық көлік жүйесінің қолайлылығы әлі де жеткіліксіз.
“Егер транспорттық каркас жоспары тиімді іске асса, субсидия өз өзін ақтайтын деңгейге жетеді деп сенеміз”, – деп түйіндеді мәслихат депутаты Жалынбек Жайнарбай.
Еске сала кетсек, бұған дейін Энергетика министрлігінің бұрынғы кеңесшісі, сарапшы Олжас Байділдинов тасымалдаушылар шығынмен жұмыс істеп жатқанын айтып, автобус билеті кем дегенде 500 теңге болуы тиіс деген пікір білдірген еді.
Сарапшының бұл пікіріне Үкімет түсініктеме берді.
Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, бағаның өсуі тек объективті себептер болған жағдайда ғана мүмкін.
"Мысалы, егер бензин қымбаттаса. Бірақ бұл әр компанияның коммерциялық шешімі, мемлекет тарапынан бекітілген норма емес", – деді ол.
Ал Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов сарапшының пікірі оның жеке көзқарасы екенін айтып, билік тарапынан жолақының күрт қымбаттауына жол берілмейтінін мәлімдеді.
"Қоғамдық көлік – халыққа арналған. Сондықтан жолақының күрт өсуіне жол берілмейді. Егер қоғамдық көліктегі бағалар өссе, мемлекет бұл бағытта қолдау көрсетеді", – деді ол.