Армения премьер-министрі Никол Пашинян ел азаматтарының Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) қалу немесе Еуроодаққа бет бұру мәселесін өздері шешуі керек екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ол сайлаушылармен кездесу барысында Арменияны жоғары газ бағасымен немесе экономикалық қысыммен қорқыту дұрыс емес екенін айтты.
"Армения халқының таңдауы болуы керек: ЕАЭО құрамында қалу ма, әлде Еуроодақ бағытын таңдау ма — оны халықтың өзі шешеді. Менің міндетім — азаматтарға осындай мүмкіндік беру", — деді Пашинян.
Премьердің бұл мәлімдемесіне Ресей тарапы да жауап берді. Ресей вице-премьері Алексей Оверчук егер Армения ЕАЭО-дан шығу туралы шешім қабылдаса, онда Ресеймен арадағы газ келісімдерін қайта қарау мәселесі туындауы мүмкін екенін айтты.
Оның сөзінше, егер Армения өзін бұдан былай Ресеймен және ЕАЭО-мен бір кеңістікте көрмесе, 2012 жылғы келісімдердің болашағы туралы сұрақтар пайда болады.
"Бұл — логикалық әрі әділ шешім", — деді Оверчук.
Сонымен қатар, ресейлік шенеунік қазіргі таңда барлық келісімдер өз күшінде қалып отырғанын атап өтті.