Швейцарияда өтіп жатқан хоккейден 2026 жылғы әлем чемпионатында топтық кезең ойындары толық аяқталды. Жарыстың келесі кезеңіне сегіз үздік құрама шығып, ширек финал жұптары белгілі болды, деп хабарлайды Sportinside.kz.
B тобындағы шешуші кездесулердің бірінде Канада құрамасы Чехияны 3:2 есебімен жеңді. Канадалықтар бұл матчта мінез көрсетіп, кездесудің тағдырын үшінші кезеңде шешті. Команда сапынан Маклин Селебрини екі рет мергендігімен көзге түссе, Джон Таварес жеңіс голын соқты.
Селебрини 35 және 48-минуттарда шайба салды. Ал Таварес 50-минутта Чехия қақпасын дәл көздеп, Канадаға маңызды жеңіс сыйлады. Чехия құрамасында Марек Альшер мен Доминик Кубалик гол авторы атанды.
Осы нәтижеден кейін Канада 20 ұпай жинап, B тобын бірінші орынмен аяқтады. Чехия 13 ұпаймен үшінші сатыға орналасты.
A тобында турнир иесі Швейцария Финляндиямен кездесіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Алаң иелері сапынан Аттилио Бьяска, Кен Ягер және Нико Хишир гол соқты. Кен Ягер бұл ойында дубль жасап, командасының жеңісіне үлкен үлес қосты. Финляндия құрамасының екі шайбасын Александр Барков енгізді.
Швейцария топтық кезеңде өте сенімді өнер көрсетіп, мүмкін болған 21 ұпайдың барлығын жинады. Осылайша олар өз тобында бірінші орын алды. Финляндия 18 ұпаймен екінші сатыға тұрақтады.
Әлем чемпионатының ширек финалында мына құрамалар кездеседі:
- 28 мамыр, 19:20 – Финляндия – Чехия;
- 28 мамыр, 19:20 – Канада – АҚШ;
- 28 мамыр, 23:20 – Швейцария – Швеция;
- 28 мамыр, 23:20 – Норвегия – Латвия.
Ал Ұлыбритания мен Италия құрамалары элиталық дивизионнан шығып қалды. Келесі маусымда олардың орнына Қазақстан мен Украина құрамалары жоғары дивизионда өнер көрсетеді.