Астанада болған қайғылы жол апатынан кейін блогер Нұрболат Азилов ауыр жүк көліктеріне қатысты талапты күшейтуді сұрады. Ол миксер мен КамАЗ жүргізушілерінің жылдамдықты жиі асыратынын айтып, полиция департаментіне үндеу жасады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Айтуынша, мұндай көліктердің жүргізушілері көбіне уақытпен жұмыс істейтіндіктен, асығыс жүреді. Блогердің сөзінше, әсіресе миксер мен ауыр жүк көліктері қала ішінде жеңіл көлік секілді жылдам қозғалып, қауіпті жағдай туғызады.
“Кеше ғана қайғылы жағдай болды. Балалардың өмірі бәріміз үшін маңызды. Астанада ауыр жүк көліктері өте қатты жүреді. Кейде автобус жолағымен де озып өтетінін көреміз. Осындай асығыстықтың салдарынан жол-көлік оқиғалары көбейіп жатыр”, – деді ол.
Сондай-ақ Азилов қаладағы барлық ауыр жүк көліктеріне сағатына 40 шақырым жылдамдық шектеуін енгізуді ұсынды. Оның пікірінше, белгіленген талапты өрескел бұзған жүргізушілерге қатаң жаза қолдану қажет.
Блогер ауыр техниканы тәжірибелі әрі тәртіп сақтайтын жүргізушілерге ғана сеніп тапсыру керегін айтты. Сонымен қатар ата-аналарды балаларға жол қауіпсіздігі туралы жиі ескерту жасауға шақырды.
“Балалар жаяу жүргіншілер жолағынан асықпай өтсін. Бір сәттік немқұрайлылық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін”, – деді ол.