Өнер өмірді көшіруге мүдделі емес. Милорад Павичтей ұзыннан бір бөлек, көлденеңінен бір бөлек дүниені ұғуға болатын болса, Иво Андричтей көзбайлау панорамалық пейзажбен алдаусыратып, төбеден бір-ақ лақтырып жіберсе – өнердің бекзаттығы сол шығар. Өнер – жол үсті шаршатып барып, ләззатын соңғы демде жүрегіңе үрлейді, не біткен тұсқа дейін үрлеп бітеді. Екеуі де өнердің абзал қасиеттерінен. Бұл – оқырманға өнерді түсіндірудің айласы, алайда, «өнер түбі – сұрақ» дер едім. Кәдуілгі сұрақ. Сұрақ – күмән. Күмәнді дүниеде абзалдың салмағы, албастының әлпеті көрінеді. Өнер осы сұрақты әр желіге, әр келіге, әр карастың үстіне қойып өлшей береді. Жауап тауып беруге тағы мүдделі емес.
«Бөгелек». Бір атауы – оқыра. Оқыра тиген малдың қиқу шабысын көрген біледі. Ол кезде басында титтей миы бардың бәрі басын көміп тұрған жерінде не қатып қалады, не қашып тынады. Оқыра тиген мал албастыдай көзі алайып, дүние әлемді ала шаң етеді. Ағылшын жазушысы Этель Лилиан Войнич бөгелектей жәндіктің уын сезінбеген шығар, бірақ, маң-маң басып өрістен өңкей тыңайып қайтқан малдай семіз қарындардың желкесінен шағып, есуастай ес кіргізген елдің өлермен, өр тұлғаларын көзімен көрген. Төңкерісшіл рухты, биліктің әділетсіздігіне қарсы қан-жанымен кіріскен тұлғаларды жанымен сүйді, әспеттеді, ғашық болды. Романтикалық кейіпкер деп бағаланған «Бөгелек» романының бас кейіпкері – Артур Бертон – Бөгелек жазушының көз алдынан өткен қайратты тұлғалардың жиынтық образы еді. Романның төңкерісшіл патриоттық рухта жазылғанын біліп қойған шығарсыз. Біз осы жалпыламашыл тақырыптың саяси тарабын ысыра тұрамыз да, романдағы негізгі қозғаушы қуат көзіне, негізгі маңызына үңілеміз.
Роман алғаш жарық көргенде оқырман қауым ыстық ықыласымен қабылдады. Америка мен Англия елінде тіпті, жеті рет қайталанып басылды. Орыс тіліне аударылып, Мәскеудегі «Тәңір әлемі» журналына басылғанда, орыс ұлты зар еңіреп, көзіне сүрмедей сүртіп оқыды. Тіпті, кітаптың оқиғасы мен кейіпкерінің ескі замандағы өмірі, шығарма аурасынан авторды ел өліп қалған екен деп ойлайтын. Жоқ, автор Нью-Йорктағы кішкентай лашығында ел жұртқа белгісіз Лилиан болып ғұмыр кешті. Неге орыс елі «Бөгелекті» соншама сүйіп оқыды? «Бөгелекті» орыс ұлтындай төбесіне көтеріп, кеудесіне құйған жер бетінде ұлт жоқ шығар? Әлі күнге дейін кітаптың бірнеше рет жаңалай басылған нұсқалары жоғары сатылымға ие. Осының сырын білсеңіз, айтыңызшы?
Сананы бодандықтан құтқару үшін қарудың күші ғана керек пе? Сана бостандығы саясаттың шаруасы емес, ол – құдайтанудың, адамшылықтың ісі. Романда «Біздің жол Құдайшылдардың жолына қосылмайды. Біздің жолға құдайды қосқысы келетіндер – бізбен емес» деп жас төңкерісшілердің бірі айтады. Сонда Артур: «Егер бұл құдайсыз жол болса – ол жалған жол болғаны» дейді. Автор көп даурықпаның бостандық, төңкеріс дегенді ату, қыру, күшпен жеңу деп түсінетініне күйінеді, ал бас кейіпкер: «Егер де кек пен құштарлық Италияны құтқаратын болса, онда Италия әлдеқашан азат болар еді. Италияға ыза емес, махаббат керек» дейді.
Көп адам күрескерліктің сырт көрінісімен де алдана береді, жалқылар ғана нағыз күрескерліктің негізін түсінеді. Бодан сана өзін бостандықта да азат сезіне алмайды, сондықтан біз Италияның рухын, намысын оятайық дейді. Артур Италияның рухсыз, жасық санасына қорланды. Оның оянуын саяси жүйелерді өзгертуден, құқықтық нормаларға өзгеріс енгізуімен емес, құдайын танытумен ғана құтқара алатынын білді. Бірақ, тағдыр жас Артурды шын ақиқат жолына байлады. Ойлаңызшы, ақиқат дегенде әр сананың өзі иіскеп танитын ақиқаты болады ғой. Ақиқатты мейлі діннен ізде, мейлі партиямен ізде, мейлі оппозициямен қуғындалып ізде – ниетің дұрыс болмаса – жүрген жерің тозақ. «Адам дүние есігін ашқаннан бері қарашаңырақ үйіне қайту үшін сабылып жүр» дейді неміс жазушысы Новалис. Адам қайсібір тірлігімен өзгелер мүсіркеп күлетін ақиқатын үйіне жеткенше іздеуі тиіс.
[caption id="attachment_15570" align="alignright" width="281"] Этель Лилиан Войнич[/caption]
Құдайға «неге?» деп сұрақ қойсаң, ендігәрі «негеңді» аузыңа алмайтындай жауап береді. Артур өз бойындағы сұрақты іздеуге аттанады, бес жыл бойы оның көрген қорлығы «негенің» жауабын табуға аса көп мысал болды. Тіпті, қара түсті құлдарға жалданған күндері де болды. «Тіпті, құл да өзіне әлдекімнің құлданғанын сүйеді» дейді. Цирктегі бүкір болып киінген тұрқына мәз болып, қабық пен қоқыс лақтырған халықтың ессіздігі бір бөлек, бүкір болмаса да бір аяғы сынған, бір қолы майып Артурдың жан дүниесі бүкірдей жылап жатты. Бес жылдағы естанған ауыр жарақаттар, қаңғыбастыққа салған аштық оқырманның жүрегін дірілдетіп жібереді. Оқырман, кекжиген көңілін пәс түсіріп, имене түсіп еңкейе береді. Әлемге кектенуден кек қана қайтады. Әлемге махаббат керек. Өзіңе де. Тәңір жаныңа жарасын салып тұрып, сені сүйетінін әйгілесе ше? Артур осыны ұқты. Өзін алдаған, өзінің баз кешуіне себеп болған ортасы мен анасын, әкесін кешірді, өйткені, кешірмеу арқылы тек кешірімсіздік көресің.
Артур өлім жазасына кесіліп, ескі жаралары қозып, естанды халде жатса да әкесіне таңдау қояды: «Не мені таңда, (мені таңдасаң, ақиқатты іздеушілерге қосыласың, Италияға шын еркіндік алып береміз), не мойныңдағы крестіңді (өлі құдайыңды) таңда». «Маған неге табынбайсың, мен де Иса секілді өліп қайта тірілдім ғой». Әкесі кардинал, елге мәшһүр падра, ғұмыр бойы әспеттеп мүсіндеген құдайын қалай тәрк етсін, баладан баз кешті. Соңғы сценада жүрек лоблымасқа тағы шара жоқ: ауыр ату жазасы. Көз алдыңа, Әлихан, Мағжан, Тұрар, Әліби, Ілияс, Бейімбет сынды алашшыл азаматтардың әз рухы оянады. Өлу арқылы өлмеуді үйреткен сықылды. Өлім жеңілу емес екен, өлім жеңіс екен. Автор оқырманды кейіпкер өліміне қалтқысыз дайындайды. Шығарма бастан бас тазару процесіне, жуынуға бет алған сықылды. Автор шымылдық артында отырса да, трагизмдік лебіз бояуын төгіп шашпай, ысырап етпей, соңына қарай ғана лекіте салады. Боз-боз боп бордай егілмей көр. Тіпті, мылтық кезенген әскердің өзі жақсы адамды жарақаттамайын деп далаға атады. Тұла бойы қанға боянып жатып, Бөгелектің миығында тәтті шуақты күлкі ойнап жатады. Әкесіне, үйіне абыроймен жетті деген осы шығар. Өлімінің үстінен түскен әкесіне: «сіздің құдайыңыз қанағаттанды ма?» дейді.
Л.Толстой «Құдайшылық пен Адамшылық» атты хикаятында Руссияның саяси жүйесіне қарсы төңкерісшіл декабристің өлім жазасына кесілген күнінен бастапқы ішкі жан дүниесін береді. Өлімді іштей қабылдауы, өлімге бас иіп, құдай алдындағы ар иманын таразылаған кейіпкердің өлімді соншалық жеңіл қабылдағанын бейнелейді. Төңкерісшілердің қатарында атойлап жүргенімен, жан дүниесімен адамзатқа асыл ақиқатты тарту еткісі келетін, жан қуанатын арлы ілімді, адал бақытты іздегенін мойындайды.
«Бөгелек» бітісімен тіл ұшында екі жол өлең лыпып тұрып алады:
«Тірімін бе, әлде өлі,
Шіркеймін ұшқан бақытты».
Рас, ызыңдаған өлеңмен қалғыған рухты оятқысы келіп А.Байтұрсынов «Масаны» жазды. Қайратқа мін, жігерлен деп Міржақып «Оян, қазақ» деді. «Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан авансқа артық лебіз сыйлады. Олардың есімін өшпес жүректерге жеткізетін шын шығарма қашан туады? Қырғын сойқан мен деректі сұхбати сипаттарынан арыла алмаған шығармамен көз арбай алмайсыз. Ойлаймын, шын шығарма уақытында жазылмаса кейін кеш пе деп?! Егер жазыла қалса, олардың басқан ізін құдайдан бөліп алып қарамағайсыз!
Сағадат ОРДАШЕВА