Әзербайжан Ирандағы дипломатиялық қызметкерлерін толықтай кері қайтару туралы шешім қабылдады. Бұл туралы елдің сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрдің айтуынша, шешімді Әзербайжан президенті Ильхам Алиев қабылдаған. Қазір Ирандағы дипломаттарды кезең-кезеңімен елге қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Бұл шара Тегерандағы елшілік пен Тебриздегі консулдыққа қатысты.
Джейхун Байрамовтың сөзінше, бұған дейін ол Иранның сыртқы істер министрімен телефон арқылы сөйлесіп, мәселені талқылаған. Иран тарапы оқиғаға байланысты жан-жақты тергеу жүргізуге уәде берген. Баку сол тергеудің нәтижесін күтеді.
Айта кетейік, 5 наурызда Иран аумағынан ұшырылған дрондар Нахчыван қаласындағы әуежай маңына құлағаны хабарланған еді. Кейін Әзербайжан СІМ әуежай ғимаратына зақым келгенін және бірнеше бейбіт тұрғын жараланғанын мәлімдеді.
