Конституциялық реформа: халық таңдауы - құқықтық тұрақтылық кепілі

Самал Асқар 06 нау. 2026 16:28

Қазақстанда конституциялық жаңғыру үдерісі жаңа кезеңге аяқ басты. 2026 жылғы 15 наурызға тағайындалған республикалық референдум елдің құқықтық дамуы мен мемлекеттік басқару жүйесін қайта пайымдауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда. Бұл туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультетінің «Азаматтық құқық және іс жүргізу, еңбек құқығы» кафедрасы меңгерушісінің оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, профессор м.а. Гүлмира Нұрахметова өз пікірін білдірді. Маманның айтуынша, ұсынылып отырған өзгерістер кездейсоқ сипатта емес, жүйелі талдау мен қоғамдық сұранысқа негізделген.

 «Ұсынылып отырған конституциялық реформаны тұтастай қарастырғанда, оның жүйелі әрі бірізді үдеріс екені байқалады. Шешімдер кездейсоқ қабылданып отырған жоқ. Олар қоғамдық сұранысқа, сарапшылар пікіріне және мемлекеттік институттардың қызметін талдау нәтижелеріне сүйенеді. Мұндай тәсіл басқару сапасын арттырып, құқықтық шешімдердің болжамдылығын күшейтеді», - деді өз сөзінде Гүлмира Нұрахметова. 

Адам құқықтары - басты бағдар. Жаңа жоба мазмұнында адам құқықтары мен бостандықтары негізгі құндылық ретінде айқындалған. Сарапшының айтуынша, бұл жай ғана сөз жүзіндегі мәлімдеме емес. Ол заңдарды қабылдау мен оларды іс жүзінде қолдану барысында нақты бағыт-бағдар беретін негізгі қағида. Сондай-ақ, жоба халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қағидатын ұстанады. Бұл механикалық көшіру емес, ұлттық құқықтық кепілдіктерді жаһандық талаптарға үйлестіру екені атап өтілді.

Өкілеттіктерді айқындау, есептілікті күшейту және қатысу тетіктерін жаңарту көзделіп отыр. Конституциялық бақылауды нығайту арқылы Конституцияның үстемдігі мен құқық қолданудың бірыңғай стандарттары қамтамасыз етілмек. Мәтіндегі екіұштылықты жою, заң техникасын жетілдіру, нормалардың бірмәнділігін арттыру - реформаның маңызды міндеттерінің бірі. Сарапшылар қолданыстағы жекелеген ережелердің күрделі қабылданатынын атап өтіп, конституциялық мәтіннің анықтығын күшейту қажеттігін айтты.

 «Реформалық ұстаным тек құқықтық салаға ғана емес, әлеуметтік-экономикалық бағыттарға да қатысты. Басым салалардың бірі - білім беру жүйесі. Мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарын қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, балабақшадан бастап жоғары оқу орнына дейінгі деңгейде тиімділікті арттыру мәселесі көтерілді», - дейді Нұрахметова.

Талай маңызды ұсыныстар мен салмақты пікірлер айтылды. 15 наурыз - елдің құқықтық болашағын айқындайтын, әр азаматтың таңдауы шешуші мәнге ие болатын маңызды күн болғалы тұр.  

«Заңгер әрі жоғары оқу орнының оқытушысы ретінде мен референдумды тағайындауды маңызды қадам деп бағалаймын. Ол жоғары құқықтық тәртіпті, нақты түсіндіруді және әрбір азаматтың ұстанымына құрметпен қарауды талап етеді. Конституциялық таңдау тек саяси ұстанымдармен шектелмейді. Ол дауыс беру арқылы қоғамдық өмірдің негізгі ережелеріне, құқықтық қорғау стандарттарына, мемлекеттік институттар құрылымына және елдің құндылық бағдарларына әсер ететінін түсінуді қажет етеді. Сондықтан, алдағы кезеңде дәл ақпаратқа, құқықтық аргументацияға және рәсімдерге жауапты көзқарасқа сүйену аса маңызды. Референдумға қатысу - азаматтық кемелдіктің көрінісі. Бұл өз пікірін білдіру және конституциялық деңгейдегі шешімдерді қоғам қатыспай қабылдай алмайтынын көрсету мүмкіндігі болып табылады. Әр азаматтың таңдауы - жеке жауапкершілік, ал жалпы алғанда, дәл осы таңдаулар елдің құқықтық даму бағытын анықтайды» ,- деп тәмамдады заңгер.

Гүлмира Нұрахметова конституциялық мәдениет тек нормалар мәтіні арқылы емес, ашық диалог, дәлелді пікір және рәсімдерді құрметтеу арқылы қалыптасады дейді. Азаматтардың хабардарлығы мен жауапкершілігі неғұрлым жоғары болса, қабылданған шешімнің легитимділігі де соғұрлым берік болмақ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove