Freedom Inside '26

Ердоған маңызды құжатқа қол қойды: жаңадан ыхтиярхат алғандар 20 жылға салықтан босатылады

Ердоған маңызды құжатқа қол қойды: жаңадан ыхтиярхат алғандар 20 жылға салықтан босатылады
Ақорда

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған шетелдік инвесторлар мен елге қоныс аударғысы келетін азаматтарды тартуға бағытталған ауқымды салықтық жеңілдіктер пакетін жариялады. Оның айтуынша, бұл шаралар Түркияны халықаралық капитал, сауда және таланттар үшін жаһандық тартымдылық орталығына айналдыруға тиіс, деп хабарлайды dalanews.kz.

Парламент қарауына ұсынылатын бастамалар қатарында экспорттаушылар мен өндірушілер үшін корпоративтік табыс салығын айтарлықтай төмендету, транзиттік саудадан түсетін табысқа салынатын салықты барынша азайту, сондай-ақ Түркияға көшіп келетін шетелдік резиденттерге 20 жылдық салықтық демалыс беру қарастырылған.

Ердоған бұл туралы Ыстанбұлдағы Долмабахче жұмыс кеңсесінде өткен «Түркия инвестициялық орталығы: күш ғасыры» атты іс-шара барысында мәлімдеді. Ол бастамаларды әлемдік экономикадағы тұрақсыздық жағдайымен байланыстырды.

Президенттің айтуынша, өңірлік қақтығыстардың салдары мен халықаралық саудадағы өзгерістер жаһандық экономикаға ықпалын жалғастырып жатыр.

«Әрбір бизнес пен экономиканың әр саласы қалың тұманның ішінде өз жолы мен бағытын іздеп жүр», – деді Ердоған.

Ол сондай-ақ жалғасып жатқан қақтығыстардың әсері энергетика, өндіріс, сауда, туризм және көлік салаларында айқын сезіліп отырғанын атап өтті.

Жаңа шаралардың ішіндегі ең маңыздысының бірі – шетелде тұратын ауқатты азаматтар мен жоғары білікті мамандарға арналған жеңілдік. Соңғы үш жыл ішінде Түркияның салық резиденті болмаған және елге көшіп келуге шешім қабылдаған адамдар 20 жыл бойы шетелде тапқан табыстары мен капитал өсімінен Түркияда салық төлеуден босатылады.

Бұл ретте тек Түркия аумағында алынған табысқа ғана салық салынады.

Сонымен қатар Ердоған мұндай азаматтар үшін мұрагерлік пен сыйға тартуға салынатын салық мөлшерлемесі 1 пайыз деңгейінде белгіленетінін айтты.

Бұдан бөлек, Түркия үкіметі шетелдегі активтерді елге қайтаруға жағдай жасауды жоспарлап отыр. Әңгіме қолма-қол ақша, алтын және бағалы қағаздар туралы болып отыр. Билік оларды белгілі бір мерзім ішінде төмендетілген салық мөлшерлемесімен Түркияға әкелуге мүмкіндік бермек.

Ресми Анкараның мақсаты – шетелдегі қаржыны ішкі экономикаға қайта бағыттап, инвестициялық белсенділікті күшейту.