Президент Қасым-Жомарт Тоқаев цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізуге бағытталған жаңа стратегияны бекітті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақорда мәліметінше, Мемлекет басшысы "Ауқымды цифрландырудың және жасанды интеллект технологияларын жаппай ендірудің 2029 жылға дейінгі Digital Qazaqstan жалпыұлттық стратегиясын бекіту туралы" жарлыққа қол қойған.
Жарлықтың толық мәтіні баспасөзде жарияланады.
Айта кетейік, биыл сәуір айында Президент Alem.ai battle және AI Governance Cup байқауларының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне ерекше тоқталған болатын. Сол кезде Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағыт Қазақстанды жан-жақты жаңғыртудың маңызды тетіктерінің бірі екенін айтқан.
Мемлекет басшысы еліміздің цифрлық даму бағытын айқындайтын Digital Qazaqstan стратегиясы қабылданатынын да сол кезде мәлімдеген еді.
"Бәріңізге белгілі, биыл елімізде – "Цифрландыру және жасанды интеллект жылы". Сондықтан алдымызда әлі де көп жұмыс бар. Ширақ қимылдап, тұтас қоғам болып табанды еңбек етуіміз керек", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі әлемнің өте жоғары қарқынмен өзгеріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай кезеңде Қазақстан бәсекеге қабілетті ел ретінде дамып, технологиялық көштен қалмауы керек.
Президенттің пікірінше, цифрландыру мен жасанды интеллектіні тиімді енгізу елдің өсіп-өркендеуіне, мемлекеттік басқару мен экономиканың жаңаруына ықпал етеді.