Freedom Inside '26

Смайылов бюджеттегі миллиардтардың тиімсіз жұмсалғанын айтты

Смайылов бюджеттегі миллиардтардың тиімсіз жұмсалғанын айтты
pixabay.com

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов 2025 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы бойынша бірқатар жүйелі мәселені атады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәжіліс отырысында сөйлеген Смайыловтың айтуынша, өткен жылы бюджет жаңа Бюджет кодексі аясында орындалды. Мемлекеттік органдарға көбірек дербестік берілгенімен, цифрландыру, жоспарлау және қаражаттың тиімді жұмсалуына қатысты проблемалар сақталып отыр.

Оның сөзінше, бюджет процесін толық цифрландыру әлі аяқталмаған. Республикалық бюджет қаражатының қозғалысын бақылау тек екінші деңгейлі бюджетке дейін ғана жүзеге асады. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері толық интеграцияланбағандықтан, орталық және жергілікті органдардың деректері бір-біріне сәйкес келмейтін жағдайлар кездеседі.

«2025 жылы 2,4 трлн теңге қайта бөлінді. Кейбір әкімшілер бойынша қайта бөлінген қаражат көлемі жоспарланған бюджеттік бағдарламалардың 90 пайызына дейін жетті», – деді Әлихан Смайылов.

Оның мәліметінше, жыл ішінде республикалық бюджеттен құны 75 млрд теңгені құрайтын 99 жоба алынып тасталған. Сонымен қатар аяқталуы жоспарланған 600-ден астам инвестициялық жобаның 20 пайыздан астамы жүзеге аспаған.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы тиімсіз пайдаланылған қаражат көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 1,7 есе өскенін айтты.

«Қаражатты игеру деңгейінің жоғары болуы жоспарланған нәтижелердің орындалуына кепілдік бермеді. Орталық деңгейде бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштерінің орта есеппен 5 пайызы орындалмады. Өңірлерде бұл көрсеткіш 33 пайызды құрады. Жалпы мемлекеттік деңгейде цифрландыру, ауыл және су шаруашылығы, экология және басқа да салалар бойынша 11 негізгі ұлттық көрсеткіш пен 30-дан астам мақсатты индикаторға қол жеткізілмеді», – деді ол.

Смайылов сондай-ақ жалпы ішкі өнім болжамнан 9 трлн теңгеге артық болғанына қарамастан, бюджетке 335 млрд теңге түспей қалғанын мәлімдеді.

Оның пікірінше, бұл жағдай жоспарлаудағы кемшіліктер мен салық түсімдеріне қатысты шамадан тыс оптимистік болжамдардың салдары.

«Біздің бағалауымыз бойынша, 2025 жылы бюджетке 2026 жылдың 154 млрд теңге көлеміндегі төлемдері алдын ала есепке алынған және шамамен 900 млрд теңге көлеміндегі қосылған құн салығы қайтарылмаған. Соған қарамастан бюджет кірістері мен шығыстарының теңгерімі қамтамасыз етілмеді», – деді палата төрағасы.

Сонымен қатар ол салықтық әкімшілендіру сапасына қатысты мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, салық төлеушілердің сотқа шағымдану жағдайлары көбейген.

«Соңғы төрт жылда дауланған сомалардың жартысынан астамы салық төлеушілердің пайдасына шешілді. Көлеңкелі экономика мен жекелеген тауар нарықтарының ашық еместігіне байланысты тәуекелдер сақталып отыр», – деді Смайылов.

Ол сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың экономикаға және мемлекеттік қаржы жүйесіне ықпалы бұрынғыдай жоғары деңгейде екенін айтты.

Палата деректеріне сәйкес, 2025 жылы квазимемлекеттік секторға бюджеттен 812 млрд теңге бөлінген. Оның 57 пайызы мемлекеттік тапсырмалар арқылы үлестірілген. Бұдан бөлек, квазимемлекеттік ұйымдар мемлекеттік сатып алулар аясында қосымша 1,4 трлн теңге алған.

Смайылов бюджет процесіне енгізілген бюджеттен тыс қорларға да назар аударды. Оның айтуынша, бұл қорлардың нақты саны мен қызметінің тиімділігі туралы толық ақпарат жоқ.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қоры және Арнаулы мемлекеттік қор бойынша ұсынылған ақпарат жеткіліксіз. Олардың қызметінің нәтижелілігі мен қаржы ағындарының ашықтығы толық бағаланбай отыр», – деді ол.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы бюджет қаражатын игеру барысында атқарушылық тәртіптің төмендігі мен нәтижеліліктің жеткіліксіздігі әлі де өзекті мәселе болып отырғанын атап өтті.