АҚШ президенті Дональд Трамп елдің ең ірі қорғаныс компаниялары қару-жарақ өндірісін ұлғайтып, мүмкіндігінше қысқа мерзімде ең жоғары көлемге жеткізуге кірісетінін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz
Бұл туралы америкалық көшбасшы 6 наурыз, жұма күні Truth Social әлеуметтік желісінде жазды. Ол бұл мәлімдемені қорғаныс саласындағы ірі компания өкілдерімен кездесуден кейін жариялаған. Кездесу барысында қару-жарақ өндірісінің көлемі мен оны шығару кестесі талқыланған.
Трамптың айтуынша, жиынға BAE Systems, Boeing, Honeywell Aerospace, L3Harris Missile Solutions, Lockheed Martin, Northrop Grumman және Raytheon компанияларының бас директорлары қатысқан.
Оның сөзінше, аталған компаниялар «эксклюзивті санаттағы» қару-жарақ өндірісін төрт есеге арттыруға келіскен.
«Біз мүмкіндігінше тезірек ең жоғары өндірістік деңгейге жетуді қалаймыз. Сондықтан олар “эксклюзивті санаттағы” қару-жарақ өндірісін төрт есе ұлғайтуға келісті», – деді ол.
Ақ үй басшысы өндірісті кеңейту жұмыстары бұл кездесуден үш ай бұрын басталғанын атап өтті. Қазірдің өзінде жаңа зауыттар салынып жатыр, сондай-ақ қару-жарақтың көптеген түрін шығару жолға қойылған. Ел бойынша бірнеше штат жаңа кәсіпорындарды өз аумағында орналастыру үшін өзара бәсекеге түсіп отыр.
«Бізде, мысалы, Иранда пайдаланатын және жуырда Венесуэлада қолданылған орта және жоғары орта санаттағы оқ-дәрілердің қоры іс жүзінде шексіз. Соған қарамастан, біз осы санаттағы оқ-дәрілерге берілетін тапсырыстарды да арттырдық», – деді Трамп.
Сондай-ақ ол бұл кездесудің қорытындысы бойынша тағы бір жиын өткізу жоспарланғанын, оның екі айдан кейін өтетінін айтты.
