АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен қандай да бір келісім тек «сөзсіз капитуляция» жағдайында ғана мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы америкалық көшбасшы 6 наурыз, жұма күні Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«Иранмен ешқандай келісім болмайды, тек сөзсіз капитуляция болған жағдайда ғана! Осыдан кейін және ұлы әрі қолайлы көшбасшы (немесе көшбасшылар) таңдалған соң біз көптеген тамаша әрі батыл одақтастарымызбен және серіктестерімізбен бірге Иранды күйреудің шегінен алып шығу үшін тынымсыз жұмыс істейміз. Елді бұрынғыдан да экономикалық тұрғыдан үлкен, мықты әрі қуатты мемлекетке айналдырамыз», – деп жазды Трамп.
Оның пікірінше, Иранды алда «зор болашақ» күтіп тұр.
«Иранды қайтадан ұлы етеміз – MIGA!» – деп қосты АҚШ президенті. Бұл ұран «Make Iran Great Again» (Иранды қайтадан ұлы етейік) дегенді білдіреді.
Кейінгі жазбасында Ақ үй басшысы Таяу Шығыста адамдарды жаппай көшіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Біз Таяу Шығыстың әртүрлі елдерінен мыңдаған адамды көшіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұл тыныш әрі ешбір кідіріссіз жүзеге асуда. Мемлекеттік департаментті басқарып отырған хатшы Марко Рубио бұл жұмысты өте жақсы атқарып жатыр», – деді Трамп.
