«Жоғары жақтан хабар келді»: Түркістанда фельдшер 37 күн психиатриялық ауруханада жатқанын айтты

Самал Асқар 06 нау. 2026 23:13

Түркістан қаласының 30 жастағы тұрғыны, бұрын фельдшер болып жұмыс істеген Өмірбек Мұхаммад өзін полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадасы алдап психиатриялық медициналық мекемеге жеткізіп, ем қабылдауға мәжбүрлегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Dala news.
 
Өмірбек Мұхаммадтың айтуынша, бұл оқиға оның медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы мен еңбекақы мәселесін көтергенінен кейін басталған.
 
Ол 2025 жылдың қараша айында фельдшерлердің әлеуметтік және еңбек жағдайына қатысты мәселелерді көтеру үшін бірнеше мемлекеттік органға ресми өтініш жолдаған. Оның ішінде Қазақстан Парламенті, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі және басқа да мемлекеттік органдар бар. Өтініштер eGov порталы арқылы жіберілген.
 
Сонымен қатар ол еліміздің әр өңіріндегі медицина қызметкерлері пікір алмасуы үшін WhatsApp мессенджерінде ашық топ құрған. Айтуынша, бұл топқа Қазақстанның әр аймағынан фельдшерлер мен медицина қызметкерлері қосыла бастаған.
 
Фельдшерлердің талаптары мынандай болған:
•фельдшерлерге жеке жалақы жүйесін енгізу;
•үстемеақы, сыйақы және пәтер жалдау төлемін тұрақты төлеу;
•зейнетке ерте шығу құқығын қарастыру;
•1193-бұйрық шеңберінде фельдшерлерді жеке санат ретінде қарау;
•4-категориядағы мобильді бригадалардың жұмыс тәртібін бұрынғы 24 сағаттық режимге қайтару.
 
Оның айтуынша, осы бастамалардан кейін Түркістан қаласының полиция қызметкерлері бірнеше рет үйіне келіп, WhatsApp тобын жабу жөнінде ауызша ескерту жасаған.
 
Полиция басқармасына жеткізілген күн
 
Өмірбек Мұхаммадтың айтуынша, 2025 жылғы 5 желтоқсанда екі полиция қызметкері оны «түсініктеме бересіз» деген уәжбен үйінен Түркістан қалалық полиция басқармасына алып кеткен.
 
«2025 жылғы 5 желтоқсан күні сағат 14:30 шамасында екі полиция қызметкері мені осы іс бойынша “түсініктеме бересіз” деген уәжбен тұрғылықты мекенжайымнан Түркістан қалалық Полиция басқармасына алып кетті. Мен полиция басқармасының ғимаратында сағат 14:40-тан 17:40-қа дейін, шамамен үш сағат бойы тергеуде болдым», – дейді ол.
 
Оның айтуынша, тергеу барысында жедел уәкілдер бір сұрақты бірнеше рет қайталап, оған қатысты түрлі айыптаулар айтқан.
 
«Тергеу барысында екі жедел уәкіл бір сұрақты бірнеше рет қайталап қойып, маған қатысты “үкіметке қарсы шығып жүрсің”, “халыққа үгіт-насихат жүргізіп отырсың” деген мазмұндағы сөздер айтты», – дейді Мұхаммад.
 
Ол сол уақытта өзін нашар сезінгенін айтып, жедел жәрдем шақырылғанын жеткізді.
 
«Сағат шамамен 17:30-да өзімді әлсіз сезініп, жүрегім айнып, құсқым келіп тұрғанын айттым. Осыған байланысты жедел жәрдем шақырылды», – дейді ол.
 
«Медициналық тексеріске апарамыз деп алдады»
 
Өмірбек Мұхаммадтың айтуынша, жедел жәрдем бригадасы мен полиция қызметкерлері оны «медициналық тексеруге апарамыз» деген сылтаумен Шымкент қаласындағы психиатриялық медициналық ұйымға жеткізген.
 
«Анамның маған қатысты жазған арызын негізге ала отырып, полиция қызметкерлері жедел жәрдем бригадасының қызметкерлерімен бірге “Шымкент қаласындағы облыстық клиникалық ауруханаға медициналық тексерілуге апарамыз” деген желеумен қасақана жалған ақпарат беру арқылы мені жаңылыстырып, нақты жеткізу мақсатын түсіндірместен, заңсыз түрде еркімнен тыс Шымкент қаласының психиатриялық медициналық ұйымына жеткізді», – дейді ол.
 
Оның сөзінше, ол кезде дәрігерлік-психиатриялық комиссияның қорытындысы да, соттың заңды күшіне енген шешімі де болмаған.
 
«Анам арызды өз еркімен жазбаған»
 
Өмірбек Мұхаммад өзін психиатриялық мекемеге жеткізуге негіз болған арыз туралы тек ауруханадан шыққаннан кейін ғана білгенін айтады.
 
«2025 жылғы 5 желтоқсан күні анамның Түркістан қалалық полиция басқармасына маған қатысты арыз жазғанын мен тек 2026 жылғы 12 қаңтарда, психиатриялық диспансерден шыққаннан кейін ғана білдім», – дейді ол.
 
Оның айтуынша, бұл арыз оған ресми түрде көрсетілмеген және мазмұны түсіндірілмеген.
 
Жігіт редакцияға туыстарымен болған телефон әңгімелерінің аудиожазбаларын да жіберген. Онда анасы арыздың қалай жазылғанын түсіндіреді.
 
«Сен мектепке кел, көр. Баланды сұра, кім не қылды деп айтады. Бүлік шығарған жоғары жақтан келді ғой. Сотталайын деп тұр емделуге деп екі-ақ мүмкіндік айтты. Пайдаланасыз деп емделуге жібергенде шешесі жазып жіберу керек деді ғой, сосын жаздық қой», – деген анасының сөздері келтіріледі.
 
Тағы бір әңгімеде ол былай дейді:
 
«Өзіне өзі істеді, фельдшердің айлығы көбейсін деп жазған. Қазір бүлікшінің қатарында тұр, өзі Тоқаевтың тізіміне ілініп кетті. Маған директор айтты: “Екі-ақ нұсқа бар – соттайсың ба, әлде емделуге жібересің бе”. Хабар жоғары жақтан келді».
 
Психиатриялық стационарда 37 күн
 
Өмірбек Мұхаммадтың айтуынша, алдымен ол психиатриялық медициналық мекемеде 48 сағат бақылауда болған. Кейін дәрігерлер тарапынан қысым жасалғанын айтады.
 
«Осы мерзім аяқталған соң бөлім меңгерушісі, кезекші дәрігер және бас дәрігердің екі орынбасары тарапынан маған психологиялық қысым көрсетіліп, шешім қабылдау еркіндігім шектелді. Маған екі нұсқа ұсынылды: өз еркіммен 10–15 күн жатсам, жеңіл диагноз қойып, психиатриялық есепке алмай шығаратынын айтты. Ал келіспесем, сот арқылы еріксіз қайта әкеліп, шизофрения диагнозын қойып, дәрілерді күштеп салатынын және психиатриялық есепке алатынын ескертті», – дейді ол.
 
Осы жағдайдан кейін болашақ өмірі мен жұмысына алаңдап, емделуге келісім беруге мәжбүр болғанын айтады.
 
Алайда уәде етілген 10–15 күннің орнына ол психиатриялық ауруханада 37 күн жатқан.
 
Сондай-ақ оның айтуынша, бұл уақыт ішінде әкесімен және басқа туыстарымен кездесуге мүмкіндік берілмеген.
 
Тек 2026 жылдың 12 қаңтарында ғана ол медициналық мекемеден шығарылып, сол күні алғаш рет әкесімен кездескен.
 
Президент пен Бас прокурорға жүгінді
 
Өмірбек Мұхаммадтың айтуынша, қазір ол Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, Бас прокурор Берік Асыловқа және Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға ресми өтініш жолдаған.
 
Өтінішінде ол:
•психиатриялық диспансерлік есепке қоюдың заңдылығын қайта қарауды;
•қойылған F22.0 диагнозын жоюды;
•қажет болған жағдайда тәуелсіз республикалық психиатриялық сараптама тағайындауды;
•полиция қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасы және медициналық мекеме қызметкерлерінің әрекеттеріне құқықтық баға беруді сұраған.
 
Айта кетейік, Өмірбек Мұхаммад 2018 жылдан 2024 жылға дейін Түркістан облысы Отырар аудандық ауруханасында, Павлодар облысы Ақтоғай аудандық ауруханасында, Астана қаласының жедел медициналық жәрдем станциясында, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің Апаттар медицинасы орталығында фельдшер болып жұмыс істеген. Қазіргі уақытта бұл қызметте жұмыс істемейді.
 
Қазіргі таңда бұл жағдайға қатысты ресми органдар тарапынан түсініктеме берілген жоқ.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove