Министрліктен аудан әкімдігіне дейін: Қазақстандағы әйел басшылар кімдер

Қаракөз Амантай 06 нау. 2026 16:33

8 наурыз – әйелдер қауымының қоғамдағы орнын тағы бір мәрте еске салатын ерекше күн. Бүгінде қазақстандық ханымдар ғылымда да, кәсіпте де, мемлекеттік басқару жүйесінде де белсенді. Осы орайда Dalanews.kz редакциясы жауапты қызмет атқарып жүрген білікті ханымдардың бірқатарына шолу жасады.

Үкімет үмітін арқалаған үш министр

Қазіргі таңда Үкімет құрамында 21 министрдің ішінде үш әйел министр қызмет атқарады.

Аида Балаева Премьер-министрдің орынбасары әрі Мәдениет және ақпарат министрі қызметінде елдің идеологиялық бағытына үлес қосып келеді. 2023 жылдың күзінде министрлік тізгінін ұстаған ол, 2025 жылдың соңында Үкімет басшысының орынбасары деңгейіне дейін көтерілді. Мемлекеттік қызметттің барлық сатысынан өткен саясаткер бұған дейін Президент әкімшілігі мен Ақпарат министрлігінде жауапты шешімдер қабылдап, өзінің жоғары кәсібилігін дәлелдеген. 

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова – медицина ғылымының майталманы әрі тәжірибелі дәрігер. 2024 жылдан бастап министрлік тізгінін қолға алды. Бұған дейін Сенат депутаты ретінде әлеуметтік саясат пен денсаулық сақтау мәселелеріне қатысты бастамалар көтерген.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова еліміздің білім беру жүйесін 2025 жылдан бастап басқарып келеді. Ол бұл лауазымға Мәжіліс депутаты қызметінен келіп, жастар саясаты мен білім саласындағы түйткілді мәселелерді шешуге білек сыбана кірісті. Ұрпақ тәрбиесі мен ұстаздар мәртебесін көтеру жолындағы ауқымды жұмыстар Жұлдыз ханымның тікелей бақылауында.

Әкім әйелдер кімдер?

Жергілікті атқарушы билікте де әйел әкімдердің қолтаңбасы айқын сезіледі. Әсіресе қала аудандары мен стратегиялық аймақтарда ханымдардың басқару қабілеті жоғары бағаланып келеді.

Мысалы, Алматы қаласының Наурызбай ауданын 2023 жылдан бері Назира Тоғызбаева басқарады. Ол қарқынды дамып келе жатқан аумақтың инфрақұрылымын жақсартуға елеулі үлес қосып жүр.

2022 жылы Жетісу ауданының әкімі болып тағайындалған Ләззат Жылқыбаева да білім және мемлекеттік қызметтегі мол тәжірибесін ауданның әлеуметтік ахуалын көтеруге жұмсап келеді.

Өңірлерде де әйел басшылардың еңбегі ерен. Мәселен, Алматы облысы Ұйғыр ауданын Бота Елеусізова, Жамбыл облысы Тараз қаласы Жібек жолы ауданын Қарлығаш Аралбекова басқарып, жергілікті халықтың мұң-мұқтажын шешуде белсенділік танытып отыр. Солтүстік Қазақстан облысының екі ауданын да әйел әкімдер басқарады. 2022 бері Аққайың ауданында Жанар Құсайын, ал Мамлют ауданында Елена Степаненко қызмет атқарады. Ақмола облысының Жақсы ауданында Алмагүл Қадыралина, Шығыс Қазақстанның Зайсан ауданында Аэлита Ахметсәлімқызы өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға күш салып келеді.

Парламенттегі ханымдар

Еліміздің заң шығарушы органы – Парламентте де әйелдер үлесі артып келеді. Қазіргі таңда Сенаттағы 49 депутаттың 10-ы, ал Мәжілістегі 97 халық қалаулысының 17-сі – әйелдер. Олар заң жобаларын талқылау кезінде отбасы құндылықтарын, әлеуметтік қорғауды және демографиялық мәселелерді басты назарда ұстайды. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік саясаттағы гендерлік теңдік пен әйелдердің ел болашағына қосып жатқан өлшеусіз үлесінің айқын айғағы.

Мемлекеттің мерейін үстем етіп жүрген нәзік жандылардың еңбегі әрдайым құрметке лайық!


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove