Павлодарда бір жасқа толмаған сәби үш сантиметрлік бұранданы жұтып қойған

Көркем Алдабергенова 07 нау. 2026 10:01

Павлодарда дәрігерлер асқазанынан ұзындығы шамамен үш сантиметр болатын бұранданы жұтып қойған бір жасқа толмаған сәбиге ота жасап, бөгде затты алып шықты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы 6 наурыз, жұма күні Павлодар облыстық балалар ауруханасының анестезиолог-реаниматологы Мерхат Әмренов Instagram парақшасында хабарлады.

Дәрігердің айтуынша, бала үйде ойнап жүріп бұранданы жұтып қойған.

«Пәтерде жөндеу жұмыстары жүріп жатқан. Болжам бойынша, сәби еденде жатқан бұранданы алып, аузына салған», – деді Әмренов.

Сәбиді ауруханаға дер кезінде жеткізген. Ауруханаға түскеннен кейін дәрігерлер қысқаша тексеру жүргізіп, бөгде заттың әрі қарай жылжып кетуіне жол бермеу үшін бірден процедураны бастаған.

Маманның сөзінше, мұндай заттар аса қауіпті болып саналады.

«Балалардың асқазанынан біз нені ғана шығармадық: батарейкалар, магниттер, тиындар. Бірақ ең қауіптісі – бұрандалар мен өздігінен бұралатын шегелер. Оларды алу кезінде дәрігер барынша мұқият әрі аса зейінді болуы керек. Бір ғана қате қозғалыс өңешті басынан аяғына дейін жарақаттап, баланы өмір бойына мүгедек етіп қалдыруы мүмкін», – деді ол.

Әмренов процедура кезінде баланың жақсы седативті күйде болуы маңызды екенін айтты. Өйткені кез келген кернеу немесе қозғалыс бөгде затты алуды қиындатады.

«Ұзындығы шамамен үш сантиметр болатын бұранданы эндоскопиялық әдіспен алып шықтық. Процедура шамамен 30 минутқа созылды. Қазір бала оянып, есін жиды, хирургия бөлімшесінің палатасына ауыстырылды», – деп қосты дәрігер.

Қазіргі уақытта сәбидің жағдайы жақсы, оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove