СІМ Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты қазақстандықтарға ескерту жасады

Көркем Алдабергенова 07 нау. 2026 11:02

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы шиеленіске байланысты ел азаматтарына арнайы үндеу жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы ведомство 6 наурыз, жұма күні өзінің ресми сайты мен Telegram-арнасында мәлімдеді.

Министрліктің хабарлауынша, аймақтағы әскери қақтығыстардың жалғасуына және өңірдің көптеген елдерінде әуе кеңістігінің жабылуына байланысты қазақстандықтарға бұл мемлекеттерге барудан уақытша бас тарту ұсынылады.

«Таяу Шығыстағы әскери іс-қимылдардың жалғасуына, сондай-ақ өңір елдерінің көпшілігінде әуе кеңістігінің жабылуына байланысты СІМ Қазақстан азаматтарына белсенді ұрыс қимылдары толық тоқтап, жағдай толық тұрақталғанға дейін аталған елдерге кез келген сапардан бас тартуды қатаң түрде ұсынады», – делінген хабарламада.

Ескерту жасалған мемлекеттер қатарында Бахрейн, Мысыр, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Катар, Сауд Арабиясы Корольдігі, Кувейт, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман және Сирия бар.

Сыртқы істер министрлігі осы өңірде жүрген қазақстандықтарды жеке қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды. Сондай-ақ қауіпті болуы мүмкін аймақтарға бармау, жергілікті билік органдарының талаптарын орындау, зымыран қаупі туындаған жағдайда дереу баспаналар мен паналау орындарына бару қажеттігін ескертті.

Сонымен қатар азаматтарға Қазақстанның шетелдегі мекемелерімен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болу ұсынылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove