Қонаевтағы 150 мың гектар: екі Алматыға тең жер ме?

Самал Асқар 06 нау. 2026 15:26

Алматы облысында заң бұзушылықпен берілген ірі жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды Dala news.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті Қонаев қаласы әкімдігінің қызметіне жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексеруге жер учаскесін беру заңдылығына қатысты мәселелер негіз болған.

Тексеру барысында жалпы аумағы 150 мың гектар болатын жер телімі тұрғын-ойын-сауық кешені мен зоологиялық парк салу үшін берілгені анықталған.

Алайда жерді беру кезінде Жер кодексінің талаптары бұзылғаны, атап айтқанда, учаскені бөлу қаланың бас жоспарына қайшы келгені белгілі болды.

Қонаев қаласы әкімдігіне берілген нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған. Осыған байланысты прокуратура Қонаев қалалық сотына талап арызбен жүгінді.

Сот процесі барысында жер ресурстарын басқару департаментінің өкілдері үшінші тарап ретінде қатысып, анықталған заң бұзушылықтар бойынша түсініктеме берді.

Істі қарау нәтижесінде сот талапты толық қанағаттандырды. Коммерциялық мақсатта берілген жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.

Сонымен қатар бұл ақпарат қоғамда қызу талқыланып жатыр. Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Диас Нұрақын әлеуметтік желідегі парақшасында 150 мың гектар жер туралы мәліметтің шынайылығына күмән келтірді.

Оның айтуынша, мұндай көлемдегі жер ойын-сауық кешені үшін тым үлкен болуы мүмкін.

«Алматы облысында 150 мың гектар аумақ мемлекет меншігіне өтті деген ақпарат тарап жатыр. Бұл ат шаптырым аумаққа ойын-сауық орталығы салынбақшы екен дейді. Дәл осы жерде сәл-пәл логиканы қосып ойлану керек еді. 150 мың гектар жерге екі Алматы қаласын сыйдыруға болады. Алматының жер көлемі – 68 мың гектар», – деп жазды ол.

Нұрақынның пікірінше, мұндай деректерді таратқанда ақпараттың нақтылығы мұқият тексерілуі тиіс.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove