Таулы аймақтарда қар көшкіні қаупі күшейді

Самал Асқар 06 нау. 2026 17:38

Қазақстанның таулы өңірлерінде қар көшкіні қаупі сақталып отыр, деп хабарлайды Dala news.

Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ТЖМ-нің «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары елдің таулы аймақтарындағы көшкін қаупі бар учаскелерді тұрақты түрде бақылап, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

2025 жылдың қараша айынан басталған көшкін қаупі кезеңінен бері республика бойынша 331 жерүсті тексеру жүргізіліп, қар көшкіні жүруі мүмкін орындарға 110 ескерту белгісі орнатылды. Халықты ақпараттандыру үшін 1275 ескерту хабарламасы және 6103 ақпараттық брошюра таратылған.

2025–2026 жылдардағы көшкін қаупі кезеңі басталғалы Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстарында 61 өздігінен қар көшкіні түскені тіркелген.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласы, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында 79 профилактикалық қар көшкіні түсіру жұмысы жүргізілді.

Қазіргі уақытта елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының тауларында көшкін қаупі сақталып отыр. Алматы облысы мен Жетісу облысының тауларында қар жамылғысының қалыңдығы кей жерлерде 1,4 метрге дейін жетіп, бұл қалыпты көрсеткіштен екі есе жоғары.

«Қазгидромет» болжамына сәйкес, 6–8 наурыз күндері Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының таулы аймақтарында қар мен боран түріндегі қатты жауын-шашын күтіледі. Қар жамылғысының тұрақсыз болуына байланысты өздігінен қар көшкіні түсу қаупі жоғары.

ТЖМ азаматтарды дауылды ескерту жарияланған кезде таулы аймақтарға барудан бас тартуға, сондай-ақ қар басқан тік беткейлерге шықпауға шақырады. Бұл қар көшкініне себеп болуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove