Бауыржанның жеті нүктесі

Dalanews 26 мам. 2015 00:48 1161

Ел бағасы бір бөлек, көңілдің терең түкпірінде бұғып жататын, кейде күпір ойлы, кейде жөнемді пікірлі жеке Пенде бағасы бір бөлек. Қаламына адал, қарымы мықты ақын жастардың ішінінен жеке пенде ретінде маған «Өң. Мен. Түс.», «Жұмбақтасқа жауған күз», «Жүрек кітабы» атты жыр-кітаптарының авторы Бауыржан Қарағызұлының өлеңдері өзіндік өрнегімен қатты ұнады. Қазіргі қазақ поэзиясын шығармашылықпен байытып жатқан жастар турасында өз пікірімді айтуға түрткі болды. Сонымен…

Бір нәрсе айқын – жастарға Мұқағали мен Жұмекен жеткен биіктен қарамау керек. Олардың бақыты – әлем жақұттарымен олардың ана тілінде ұлы халықтың араласуынсыз құныға қауышып, кәусарына алаштық дүниетаным негізінде қаныға алуы. Жылт еткен әлемдегі әдеби құбылысты – жастар сол күні ғалымдардан да, сыншылардан, тіпті аға буын ақындар ортасынан бұрын біліп отырады.

11303508_873982569318289_560185071_nБіздің жас ақындар – үш алып топтан тұрады: алматылық, астаналық және жергілікті жерлердегі поэзия дүлдүлдері. Бұл үш топ бірін-бірі талант жағынан мойындаса да, алаштық поэтикалық ой ауқымы жағынан бір-бірін мойындамайды. Әрі бірінде жоқты екіншісі толықтырып, үшіншісі бұрынғы айтылған айшықты ойды өзіне дейінгілерден асырып, бұрынғыдан ала бөтен жұтындырып жіберіп отырады. Олар өз шығармашылық ізденістерінде Әлемнің ортаңқол әдеби құбылысын ақындық ұстаханасында қайыра соғып, керемет етіп жіберсе, Ғаламның құнды деген құндылығын әдеби-тұлғаттық ізденіс үстінде бағасын түсіріп кері кетіріп те жібереді. Ғаламдық Поэзиядағы жанбағанды жандырып, Әлемдік мәдени кеңістікте лаулағанды көмескілендіреді. Бірақ, олардың көзін ашатын шамшырақ, ойына тамызық болатын бір темірқазық – бодандық дәуірдің ақындардың айта алмаған бүкпелі де, тұманды да тұмшалы ойларын барды бар, жоқты жоқ деп ашық айта білудің әдеби бағының бұйырғаны. Рухани-мәдени кеңістік адам танығысыз өзгеріске ұшырады. Бұны орынды аңғарғандардың бірі – ақын Өтежан Нұрғалиев “Жаһандануды қазақ жек көредi, өздерiнiң өлiм жолындай көредi. Бiрақ басқа жол жоқ. Жалғыз ғана ортақ жол, талай халықтың сүйегiн қуратып қырған, бақытсыз еткен, ең соңында ұрпағы қайта тапқан жол – осы. Ассирия, Бабыл, бағзы Грек, Шумерия, бәрi құрыды, артында тек атағы ғана қалды. Тек аңыз ғана қалады. Қазақ та осылай, өзiнiң қазақшылығын жоғалтады” дейді. Біз бұрынғы көп жағдайда орыстың идеологиялық шекпенінен шыққан момын қазақ поэзиясын келмеске кетіріп, жоғалған көк түркілік поэзиялық кеңістігімізбен алты алаштық аңыста жастардың арқасында қайта табысып отырмыз.

Жаңа дәуірдің әдебиетін жаңа қырынан ұлтына ата буыннан да, аға буыннан да өзгеше қалыпта ұсынып жүрген жастардың әдебиеті өзімен санасуды керек етеді. Әрі олар біздің көкке көтере аспандата  мақтауымызды да, жерге тыға даттауымызды да қажетсініп отырған жоқ. Оларға әділ бағаны тек өз буыны ғана бере алады. Ол дәуірді көбіміз көре алмаймыз. Бұл – өмір заңы. Олар ағалық және аталық кезеңге жеткен шақта бүгінгі біздің құнсыз дегеніміз құндыға, жасық дегеніміз жақұтқа айналады.

Қазақ өлеңінің мазмұны да, табиғаты да адам танығысыз өзгеріске түсуде. Бодандық дәуірдің қатып қалған әдеби канондары келмеске кетіп барады. Ата буын мен аға буын шығармашылықпен үйреніп, өлең өрімінде қалыптастырған поэтикалық өнегелер іні буын үшін өлшем болудан қалып барады. Әр ақындық толқын өзіне дейінгі поэзия жауһарларынан үйренеді. Бірақ бұл үйрену әдеби процесте қалай өрістеді. Бұған әрине кесіп-пішіп, айттым болды деп жауап беру өте қиын. Бірақ бір нәрсе айқын – бұрынғы ақындарымыз қос тілді болса, тек қарт Шығыстан мүлдем қол үзіп, мәдени дәнекті тек славян өркениетінен ғана алса, бүгінгі жастар – көп тілді, әрі барлық әдеби-мәдени игіліктерді мұсылманшылық дүниетаным арқылы таразылайды. Сонымен қатар, ұлттық діл тұрғысынан өздерінің ақыл-парасаттарына салып, өзгенің озығын ғана қабылдайды. Тозығына қарсы уәж айта біледі. Мұның бәрі жас ақындардың, оның ішінде Бауыржан Қарағызұлының түрлі БАҚ беттеріндегі сұхбаттары мен эсселерінде көрініс беріп жүр.

Бауыржанның өлеңдерін қазіргі қазақ әдебиетіндегі мағжандық деп атайтын ақындар қауымы мен әдебиет сыншылары бар. Ақындық ар кодексін бұлжытпай ұстану – қиынның қиыны, әрі Мағжан жеткен биікке жету өте ауыр, сонымен қатар, заманалық қазақ поэзиясында философиялық ой-толғауда «ескі соқпақ» пен «арта қалған ой айтудан» қашып құтылу жас ақындардың көбінің қолынан келе бермейді.

Жастар соған қарамай, бірде жол тауып, бірде әдеби адаса жүріп, жаңа модалық әшекейлерімен өздерінің әдеби процеске жасаған экспанциясында өздерімен бірге соны поэтикалық инвестицияларын да әкеле алды. Бұл енді ойласа сөз ететін жеке мәселе.

11070598_858587830857763_445790220454097375_nЖ. Делезше сөз қозғасақ: «Мен қиялымды шарықтатып, авторды сәбиге айналдырамын да, оны ішіндегісін бүкпей айтатын бал тілді бала болуын қалаймын, әрі соған мәжбүр етуге тырысамын», – дейді. Осы тұрғыдан келгенде Бауыржан өлеңдерінде қазақ поэзиясының аңқылдаған екі қыры танылады: бірі – өткенмен байланысты ақындық тәжірибе, екіншісі – қазақ поэзиясындағы дәстүр мен жаңашылыдықты қосыла өрілткен автордың өзіндік үні. Ақынның индивидуалды үні қозғаған тақырыбында ұлттық мәдени-рухани материалды поэзия тілімен жарастыра қабыстыра білуінен тұрады.

Жастар шығармашылығы, оның ішінде Бауыржан поэзиясындағы мәтіндемелік аға буынға қарағанда «баламалы», маргиналды, «көлеңкелі» де «қатпарлы» желілікке ие, сондықтан оны бұрынғы советтік әдіснама аясында қасаң «дігідік қасқамен» әдеби талдап шығу еш мүмкін емес. Бұл қадамға бару үшін ең құрығында олардың тұтынатын және пір тұтатын рухани-мәдени әлемінің сұлбасын тани білуге тиіссің. Олар әлем әдебиеті мен мәдениетін шығармашылық ізденіс үстінде өздерінше оқып-үйреніп, шығармашылық процесс үстінде өздерінше кәдеге жаратады.

Жастар әлемдік философиядағы «өлім халіндегі өркениет» ұғым-түсінігін «алаш өркениетіндегі алас ұруы» тұрпатында поэзия тіліне көшіре білді. Аға буын сияқты бұрынғының қайыра оралуын аңсамайды. Мүмкін еместі мүмкін етуге тырыспайды, қайта бұрыннан бар зар-замандық әдеби-мәдени концепцияларды қайыра туындатады. Өйткені, бұл – қазақ неоклассицизмінің тұғырнамасы.

Бұрын алаш ақындық әлемінде бөгде мәдениеттің ыңғайына жығылған «Мен» және «Өзге» басты орында тұрып келді. Қазақ ғылыми әлемі бұнымен санасып, әдебиеттегі айтулы тұлғаларды бөтеннің классикалық әдебиетімен кіндіктестіруге тырысты. Бұл әлемдік деңгейде орынды қадам болғанымен, ұлттық деңгейде өзін көбіне ақтамайды. Өзге бітімдік эстезисті (ілкі сезімдік түйсіну М. Маффесоли енгізген термин ағыл. aesthesis, фр. Esthesis) бұлыңғыр Ақын тұлғасын оқырман мен жазарман ұғынуға тырысып бағатын өнер иесінің жан дүниесі алмастыратын анонимдік аналогқа біздің мәдениетімізде ат басын тіреп отыр.

Онтология – болмыс туралы ілім, ол эстетикада қолданыс тапқанда ақын тұлғасы өз бен өзгеге («Мен» және «Сенге») қаққа жарылады. Жастар өлеңінің мәтінінің тінінің бойындағы экзистенциалдық сезімнің қылаң беруі аға және ата әдеби буында ұшыраспайтын, ұшырасуы да еш мүмкін емес әлдебір өзге онтологиялық ұлт тірлігінің (өзге адамның, рефлексиялық алаңның алабөтендігін, басқа бір мәдени ортаның, т.б.) бой көрсетуін танытады. Жаңа қазақ поэзиясын оқыған шақта әдебиеттанушы ғалымдар «үнсіз, бой бұғып, бойын ала қашуға тырысады». Бұл әл-әзір неолиризм табиғатын танып білудегі ең оңтайлы әдіс болып тұр. Жастар шығармашылығы жабық тақырыпқа айналып отырғаны да жасырын емес, олардың тұлғасы бөлек әлемі өзін түсінуге, тереңіне үңілуге шақырады. Біз бұл шақыруға үн қоса алмай жатырмыз. Бірақ олардың жазғандарын түсінуге мұқағалиша, төлегенше ой жүгірту керек пе, әлде керек емес пе – осы ғылыми гордей түйіні өзін шешуді керек етеді.  Әзірше Қозы мен Қодардың текетіресі орын алуда, кімнің Қозы, кімнің Қодар екенін айырып көр мықты болсаң. Ескі түсінікте жастарға әдеби бағалау жасаушылар да, жаңа түсінікпен өз ойын айтпақ болуға талпыныс жасағандар да өзін тек Қозы санайды.

Бұл толық ашықтық немесе толық жабықтық «қозы мен қодар» әлеміне өте ұқсас, онда алаш өнеріндегі Махаббат пен Жауыздықтың мәңгілік күресі орын алып жатыр.

Қазақтың жастар тарапынан ұлтқа ұсынылып отырған Баян сипатты жаңа алаш эстетикасы – Қозыны да, Қодарды да өлтіреді, ешқайсын тірілткісі келмейді. Оларға керегі тек бағзылықтың бүгінгі өмірмен үндесуі. Советтік дәуір қазаққа таңған эстетика өлді, оттай жанып, күлге айналды. Жастардың  персонализмі жаңа қазақ мәдени эстетикасын туғызды.

Эстетика дегеніміз – әр ұлттың сыртқа жаймайтын ішкі әлемі, ол ешбір өзгеріске түспейді (тек толығып, жаңғырып отырады), оны белгілі бір ғылыми терминмен атай алмаймыз. Әр ақынның шығармашылығында ол жаңашылдық түрінде өзіндік көзқарасын таныту арқылы эмблема,  символ, милеттің келбеттік айнасы ретінде көрініс тауып отырады. Бірақ бұл айна реалдылықты танытпайды, тек барынша жаңа көзқарастарды мәдени кеңістіміздегі шығармашылық адамдарының талғап та, таңдап та қолданудың қандай болатындығын білдіреді. Сондықтан да, жас ақындардың өмірге әкелген образдары бұрын ешкім сөз етпеген Баян бейнесі «шөгінді мән» түрінде бұғып жататын «Қозы мен Қодар бойындағы» әлдененің көрініс табуы. Алаш эстетикалық компонентінсіз ұлттық философия да, дінтану да,  этика да, басқа да ғылымдар да жоқ.

Қазақ пен әлемді милет тәніндегі: Қозының нәзіктігі мен Қодардың дөкірлігі жалғайды. Осылардың басын қосып тұратын Баянның көзге көрінбес сұлулығы. Осы үшеуін ұлттық эксплициттік және имплицитік эстетика аясында жалғай алған ақын ғана өзін поэзия патшалығында көп нәрсеге қол жеткіздім деп сенімділікпен айта алады.

Осыдан келіп мәтіндегі эростық еректік пен бағзы әлемдік алаши бастау көз менмұндалайды. Бұл өзі бөлек әңгіме.

Жастарды өлеңдеріңде қазаққа шекпен кигізбедің деп кінә артуға болмайды. Олар қазақтың тұлғасын үйреншікті ұлттық бітім-болмысы арқылы емес, бетперделі маска арқылы суреттеуі біреулерге оғаш көрінуі де мүмкін. Бірақ қалай болса да, сол баяғы қазақ менмұндалап тұрады.

Мен ескі дәстүрмен Бауыржанның бір өлеңіндегі бір шумақты жұлып алып, оны бағзы дәстүрмен талдап шығуды хош көріп отырған жоқпын. Бұл арадағы ең бастысы еленбей жүрген көпті сөз ете отырып, еленіп жүрген бірді танытуды мақсұт ету басты орында тұрады әрі Бауыржан өз буынынсыз еш ашылмайды. Өлеңді талдау бір бөлек, ақынның дербес әлемі туралы ой толғау бір бөлек. Өлеңдегі шумақты жұлып алып талдау кейбірде алаңғасар көкеміздің жеңешемізді біреуге күліп қойдың деп көкала қойдай қылып сабағанын көз алдымызға әкелсе, тұтас өлеңге пікір айтқанға дейін оны ақынының әдеби дәуірімен байланыстыра ой айту – ақылман қариямен болған бір сәттік баянды тірліктей көрінеді. Біз сондықтан әуелі Бауыржанның ақындық әлемін оның дәуірі мен замандастары арқылы сөз етуді жөн көрдік. Ендігі әңгіме Бауыржанның бір өлеңі хақында.

БІР ӨЛЕҢ БОЙЫНА СЫЙҒАН ӘДЕБИ ҮРДІС

 (Бауыржан Қарағызұлының «Жеті нүкте» туындысы хақында)

Ислам дінін тәпірлеушілердің айтуынша, дін – бірегей қозғалыстағы процесс әрі адамның мұқтаждығына сәйкесті түрде кемелдену ахуалы. Құран Кәрім дінді қатерленуге лайықты нәрсе деп есептейді.

Құран Кәрім – мұсылманның қасиетті де құдіретті кітабы. Ол – ең соңғы пайғамбарының кереметімен танылған, кереметтігі соншалық – адамзат тарихындағы ешбір қасиетті кітап мазмұны мен пішіні жағынан да оған тең келе алмайды. Керемет дегеніміз – адамдарды хақ жолына бағыттау мақсатында Алланың шапағатымен және пайғамбарлар арқылы жасалатын игі құбылыс. Құранда дүниенің бастауы мен ақыры, болмыстың ең жоғары сатысы, оның ерекшеліктері, табиғаттың сыры, Алланың дүниемен қарым-қатынасы, адамның мәні, Жаратқанға қатысты, құдай аманаты, періштелер мен жын-шайтандар, т.б. мәселелер ауа жайылмай, абстрактылы, философиялық ділмәрлікке ұрынбай, қарапайым, ұғынықты  да нақты, жатық тілмен жазылған. Себебі, Құран Кәрімде барша жұртқа арналған, әрбір кісі одан өзінің түйсігіне сай жауап таба алады. Болмыстың көзге шалынбас тылсым сырларын (Алла Тағаланы, періштелерді, жын-шайтандарды т.б.) баяндай отырып, Құран табиғат әлемін де ұмытпайды, табиғат сырын білуге, зерттеп үйренуге шақырады. Құрани ғалымдардың арасында тәпсір (түсіндірме) ғылымы ерекше орын алады. Құранды тәпсірлеушілер өз дәуірі мен замандастарының мұқтаждықтарына және ойлау жүйесіне сай сан ғасырлар бойы әр алуан түсініктемелер жасап келеді. Құранға түсіндірме беріп келген авторлардың көзқарасындағы эволюцияның құпиясы – сабақтастықтың тіні үзілмеуі сырттан қарағандардың бәрін қайран қалдыруда. Бұдан қазақ өркениеті де тыс қалмауда. Алаш өнерінде жаңа толқын тарапынан ислам діні ұлықтала тәпсірленіп жатыр.

Алаш әдебиетіндегі бүгінгі толқын Жастардың діни неоромантизміндегі өзекті тақырып – Құдай құдіретін философиялық тұрғыдан тәпсірлеп ой түю. Осы тақырып олардың өлеңдерінде әр қырынан, әр түрлі сипатта кестеленген.

Сопылық әдебиеттен енген поэтикалық штамптылық, яғни классикалық канонданған поэтикалық символдану іні буын өлеңдерінде сырға ұйытқы, тұспалды ұғымдар тобы – «шарап», «гүл», «бұлбұл», «шам», «көбелек», «түн», «соқыр», «үй», т.б. молынан ұшырасады.

Жас ақындар тіл байлығын өз шығармаларында іске жаратуда әрі шығыстық сөз бейнелілігін, әрі батыстық сөз сұлулығын қатарынан тайпалата қолдану арқылы қалыптасқан фантастикалық емес, фантастиканы әдеби өмірге ендірді.

Әдебиеттегі шартты ұғым «Ақындық» өзімен семантикалық бір ұяға жататын лирикалық «Меннен» бөлініп жырлануы – қазақ әдебиетінде соны құбылыс, романтиктер тілімен айтсақ: «ақын қос әлемділігі» бірінші рет төл поэзиямызда діни тақырыпты жырға қосуда төбе көрсетті.

ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім: «Қазақ халқының философиясы – метафоралық философия. Метафораның философиялық мәнісі – әлі жете зерттелмеген мәселе. Метафоралық философияда мынау ақ, мынау қара деп ашып айтпайды. Мұнда сөз тұспалдап білдіріледі. Ал астарлы сөзді екінің бірі ұғына бермейді. Мысалы, Құранның тілі – метафоралық тіл. Құран сөзін түсіндіру мақсатында көптеген тафсирлер жазылған. Мен кейбір кісілердің Құранды меншіктене сөйлейтініне таң қаламын. Тегінде Құранның атынан сөйлеуге болмас. Кім болсын, Құран туралы өзінің жеке түсінігін ғана айта алады. Құран атынан сөйлеу пенденің қолынан келетін іс емес. Өйткені, оның ішіндегі метафоралық ойлар әлі талай келер замандардағы ғұламаларға азық болмақ.

Біздің ойлау жүйеміз метафоралық ойлауға негізделген. Мысалы, сөз қадірін білетін билер, шешендер астарлап сөйлеген. Бір кісі туралы мынау жаман адам деп, олар ашық айтпаған. Оны астарлап береді, оны ол кісі түсінсе түсінді, түсінбесе, оның кісілігінің жоқтығы. Сөз ұлағатын түсінбейтін адам ел билігінен аластатылады. Ой аристократизмі деген осы. Қазақы ұғымға салсақ, ой зиялылығы. Абайдың шығармалары метафораға өте бай» дейді («Егемен  Қазақстан». №284, 2006).

Бауыржан Қарағызұлының «Нүктесі» – поэзиямыздағы өшкенді жандырып, өлгенді тірілткен туынды. Енді осы өлеңнің басталуына көңіл аударайық.

А. Нүктесі

– «Бармын…» деп ойымды ойға сендіремін…

– …Дүния-ай, неге сонша мөлдіредің?!

– Жасаурап қос жанарым Жаным ұлып,

Бейуақыт күнбатысқа телміремін…

– «Күнбатысқа күдіксіз қарасаңыз…»

– Батыстан Күн шыққанша адасамыз…

– Уақыт баяулайды, Жын асығып,

Жарассақ жүрекпенен жарасамыз.

– Өзімнен-өзім қорқам сенесіз бе?!

– Тағдырдың салғанына көнесіз де…

– Ол Бізді мойындайды, (кесірді айтам)

Өшікті неге маған, неге Сізге?!

– Расында ол да көркем, мен де көркем,

Құдайға сен бе бөтен, мен бе бөтен?!

– Жал-құйрықсыз жалғаннан, оқтай зулап,

Жарқ етіп, Сіз сияқты мен де кетем.

Х.Нүктесіне… дейді Жаннан – Рухқа бағдар алған жыр мәтіні.

Бізде бір өкініш бар-тын, ол – Сыр сүлейлері мен өзге өңірлердегі діни сарын өкілдерінің ерек стилі – әбжад үлгісінде өлең жазу үрдісінен айырылып қалғандығымыз. Осы поэтикалық дәстүрдің араб жазуымен келмеске кеткеніне өкінетінбіз. Бірақ неоклассицизм өкілдері осы дәстүрді кириллмен де беруге болатындығын дәлелдей білгені милеттің рухани мәртебесін өсіреді екен. Қазақтың ары мен иманын бүгінгі күн тұрғысынан саралаған Бауыржанның «Нүкте» минициклдік өлеңі ақынның жаны ұлып, милеттің ауыр күнәсін, ақталмаған үмітін, болашақтан дәмелі арузын әріптің қаузына сыйдырып, мұң мен зар төгеді. Бір ақиқат бар: ол – жұртқа ұнаған дүниенің ақынға, ақынға ұнаған дүниенің жұртқа ұнамауы. Әріптің бойында ақ-қараны айырған философиялық ой түйіндеу жатыр. Ақын ұлтын уақытқа айналдырып, жырын рухани кеңістіктегі даналық сағымына орайды. Ақынның бір ұтып отырған жері – сұхбаттасының тылсымдығы… Оны әркім әр түрлі жориды. Біздің аңдағанымыз – ақын жанын ұғатын жақсы жағы да айқара ашылған, кесірлі тұсы да тасаланбаған ұлтының жиынтық бейнесімен ой бөлісуінің штрихталып берілу мәнері өзінің сонылығымен көк дөнен көңілді селт еткізеді. Және жастардың бір өлеңін талдау үшін көлемді мақала жазуға болатындығы қуантады. Аға буындай шеберлік – қысқа жазуда, ойды тұқыртып беруде деген поэтикалық каноннан бойларын тарта ұстайтын жас буын, іні буын өздерінің минициклдік өлеңдерінде – поэмаға жүк болар мәселелерді көтеріп жүр. Оларда ойдың ықшамдығы – кері кеткендік, ал, ойдың көл көсірлігі – алға озғандық саналады.

Иә, әр дәуірдің өз шығармашылық ұстанымы бар. Аздың бойына көпті сыйдыру арқылы, көптің бойына азды сыйдыруға ұмытылып, бір өлеңнен бір өлеңге көшіп жүретін кезекші де, таптаурынды ойлар мен байдан шыққан бикедей бір жырдан екінші жырға шайыры жетектесе ере беретін көңілшек келіншек тақпақтарды жастар келмеске кетірді. Олар бір жазғанын мың жазбайды, қаздың балапанындай инкубатор жыр өрбітпейді. Қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын өз әлемдері бар. Біз ол әлемнің бар екенінен бейхабар жандармыз. Жастардың жыры жүрегін жанын ұғынған санаулыларға ғана ашады. Әттең, біз оған бойлап ене алмайтынымыз, қандай өкінішті!?

Орыс ғалымы Лотман кез келген кішігірім өлең бойына көркем туындыға жатпайтын қалың томдарға сыймайтын ақпаратты ұсынатынын сөз етеді. Біз талдағалы отырған «Нүкте» – тап осындай өлең.

В.Нүктесі

– Жер ауырлап барады…

– Ауырласын.

– Ой да ауыр…

– Иманың ауырмасын.

Жүрегін ауыртпашы адамдардың,

Әр адам – тағдырласың, бауырласың.

– Мен талай айғай салдым «сүйемін» деп,

…алдайды.., содан кейін күйемін кеп…

– Айғай мен ақыл қатар жүре ме екен?

– Білмедім… Сабырымды тірек етем…

– Сені сөзбен сипаған алдамшылар,

Өзінің алданғанын біле ме екен?!

– Біздегі уақыттың өлшемінде,

Зіл басып көтертпейді еңсем мүлде…

– Ой таза да – Жан таза, Өлім сұлу,

Шер толқыр көңіліңнің кемсеңінде!

– Жер ауырлап барады, ұрыспағын…

– Айттым ғой, барлық адам – туыстарың.

– Нені іздеймін білмеймін нені аңсаймын???

– Көздеріңнен сүйейін, дұрыс бәрі… 

Олар сезінген ғаламды біз ұғына алмаймыз!? Бұл – ұрпақтар ауысуы кезінде мәдени кеңістікте орын алатын заңды құбылыс. Осы құбылыс «Нүкте» өлеңінде орын алып, аға буын зарлап жоқтаған, әбжад тіріліп отыр. Ағада жоқтың ініде барлығы өнерде өте ауыр. Оны кейбіреулер іні буын үшін бұны кешпеуі де мүмкін, ағынан жарлып мойындауы да ықтимал. Басын поэзия құмына тыққан түйеқұстай; еш қайран қыла алмай, бармағын шайнай, тісін шықырлата ішінен тынуы да бек мүмкін. Жердің ауырлығы – біздің күнәһарлығымыздың арта түскендігінің нышаны. Және ұлт үшін болатын бақыт – батыстан таңның атуы. Ойда құбылады, пікірде өңін айналдырады, бірақ бәрі де Құран Кәрімдегі сөздердің поэзия тілімен жұртқа жайылуы болып табылады. Бұл – өлең жалпақ жұртқа емес,  діни сауаты бар азшылыққа арнап жазылып отырған элитарлық өлең. Жастар бірде қалың оқырман қауым үшін санаға жеңіл жыр жазса, енді бірде екінің бірінің оңайшылықпен қабылдай қоюы қиын шешімі сан тарам өлең тудырады.  Біз «Нүктені» осының соңғысының санатына жатқызамыз.

С. Нүктесі

– Мына Жолды…

– Еріктен тыс тағдырменен жазғасын,

Нені ойласын тәуекелшіл әз басың.

– Уақыт пен кеңістікке тәуелді

Ой деген не?!

– Менің қоңыр күрсінісім — көз жасым.

– Ақ дұғадан жаралдым,

Бәлкім, мәңгі дұға болып қалармын…

– Құпиясы, кілті мына ғаламның,

Күлкісінде, жүрегінде анаңның…

– Күлкі???

– және Көз жасы ғой…

– Кім үшін?

– Ана деген – жүрек үшін… Нұр үшін.

Оқылады мейірімен анаңның

Жүрек деген – Кітап қой ол дұрысы.

– Ештеңені түсінбедім, құрысын!

– О дүние мен Бұ дүнияның арасы –

Сабырыңның тобасы.

– Мына Жолды…

– D. Нүктесін қарашы…

ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақ әдебиеті мұсылман түркі әлеміне төрт ойшыл қаламгерді сыйлады: Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп және Ғұмар Қараш. Аталған ақындар өткен ғасырдың басында өз философиялық туындыларында Алланы ұлықтаудың тамаша үлгісін көрсетті:

Абай:

Алланың өзі де рас, сөзі де рас,

Рас сөз ешуақытта жалған болмас.

Көп кітап келді Алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөз айырмас, –

десе, Мәшһүр Жүсіп өз кезегінде, осы төрт кітап туралы:

Таурат, Забур, Інжіл мен Құранды көр,

Қуа берсе бәрінің соқпағы бір.

Мақтағаннан басқа жоқ айтар бөлек:

«Шарапатлы туар, – деп, – бір ғазиз ер!» –

деп, пайғамбарымыздың тууының барша қасиетті кітапта таңбаланғанын сөз етсе, араға жүз жыл салып, жұрттың бәрі прозаик ретінде таныған классик жазушы Әбіш Кекілбайұлы Жаратушының нұрына баланған поэзияда өз бағын сынап, «Дүние ғапыл» жыр жинағын өзінің Алланы ұлықтауымен бастайды:

 

Уа, шарапаты шалқар мұхиттай хақ Аллам!

Шапағатыңды шашып тұрсың тағы алдан.

Қияметтің қыл көпірінен өтпек үшін сүрінбей,

Жерде бейнет шегіп бағуға жаралған.

Атар таңыңды нұр дидарың деп ұмсынып,

Шырайымды шығысқа бұрып,

Пейілімді пейішке түзеп,

Жан-тәніммен етіп бағам құлшылық! –

 

деп, қызылдар аярлықпен үзген дәстүрді жалғады. Өйткені, бұрындары қазақ ақындарының жинағы Ленинді, сайтанның діні коммунизмді ұлықтаудан басталатын, енді бәрі орнына келіп, ислам мен расулымыз өзінің қастерлі тұғырына мәңгіге оралды. Алланы ұлықтауға негізделген дәстүр мен жаңашылдық Әбіш қаламының құдіретімен қазақ философиялық романтизмінде қайыра түледі.

Ислам – аталған ойшылдар үшін Құдай аманатын орындаудың ең жоғарғы сатысы. Абай «Толық адам», Шәкәрім «Жүрегі таза адам», ал Мәшһүр болса «Нәпсіні жеңген жан» таным-түсініктерін әдебиетімізге енгізді. Бізге қажеті – Бауыржан Қарағызұлының өлеңдеріндегі исламдық көзқарастың дәстүрлі ақындық философиясымен ұштасуы. А. Қабылбаеваның: «Ислам ешқашанда өзін алдындағы діндерден оқшау ұстап, олардың мазмұн-мағынасын бұзып-күзеген немесе жоққа шығарған емес, керісінше, ислам өзін бұрыннан келе жатқан құдайшыл діндердің тиянақтаушы, аңсарын жалғастырушы әрі өрге бастырушы ретінде көрсетіп, бұрынғы пайғамбарларды құрметпен еске алғанын әрі олардан кейінгілерді «қолдаушы пайғамбарлар» санайтынын айтқан жөн» [«Үш қиян» газеті. №4 2005.] деген пікірімен тоқайласады. Ақын бұрынғы діни-ағартушылық әдебиет өкілдерінің бағзы дәстүрімен діни терминдерді өлең жолдары бойында оңды-солды қолданбайды. Поэтикалық туындының бойындағы мағаналық торшаның бойына бұққан шөгінді мәнге көңіл бөледі де, діннен хабары бар жандардың осы өлең мәнісін әрқайсысы  әр түрлі түсуіне жол береді.  Олардың өлеңді жерден алып, жерге салуға да құқығы бар, жаңаша жырланған деп мойындауға да дәттері бар.

E. Нүктесі

– Құдай Қалам сілтегенде жаралдың…

– Уақыт пен кеңістікте жоғалдым.

– Ұмытшақсың…

– Сен есіңе түсірші.

– Сөзге айналған жүректегі жанардын,

мөлдірімін…

– Қайдан келдің, қайда кетіп барасың?!

– Тағдырыммен таба алмадым жарасым.

– Рухыңмен жалғамақшы боласың

Екі дүние арасын.

– Ғұмырыммен ғарыш жаққа ұмтылдым…

– Бекер бәрі…

– Жан ішінде жұлқындым.

– Таңдау еркің қақ маңдайдан үсіген,

Қоршауында құмарменен құлқынның.

– Дүниені өзгертпекші болғанмын,

– О, ендеше тағы, тағы алдандың.

– Мен – ғарышпын…

– Ия, оған дауым жоқ…

Неге сонша жалғыз қалсаң қорландың?!

– Әуел бастан Аңсар едім – себебі…

– Ой ішінде ойлар сөніп, өледі.

– Парақташы жүрегіңнің кітабын,

Ғайып өзі Сәлем алып келеді.

Иасауи дәуірінде жасалған әдеби дүмпу араға ғасырлар салып, түркі әлемінде неожадитизм аясында қайыра жаңғырды. Діни мотивті Дәулеткерей Кәпұлы, Ақберен Елгезек, Азамат Тасқара сынды ақындар түрлі қырынан беріп жүрсе, енді солардың қатарынан Бауыржан Қарағызұлында көріп әдеби көңіліміз бір көтеріліп қалды.

Хакім Абайдан бастап, әдебиетті діни-философиялық жағынан ұлтты оятудың әдеби құралына айналдырған қазақ қаламгерлері оны түрлі көркемдік әдіспен игеруге бел шеше кірісті. Осы орайда, белгілі әдебиет зерттеушісі М. Бекбосыновтың Абайдың қара сөздеріне жасаған өздік түйіндеулерін бере кетелік: «…жиырма сегізінші ғақылиясында айтқан сөздері – Абайдың ислам қағидаларын заманына сай қаншалықты  зерделегенін танытар шығарма. Бұл ғақылияда Абай Мұхаммед пайғамбар өлген соң, жас дінді өрістетуге байланысты адам еркі жайлы жабариттер мен кадариттер арасындағы пікірталастың көрінісі – «қасб» идеясын сынға алады. Себебі адамда ерік жоқ. Әлемдегі барлық жақсылық пен жамандықты Аллаһ жаратты, адам туғанда – ақ Алла оның маңдайына жақсы не жаман тағдырды жазып қойған. Сондықтан, Адам еркі Алла қолында деген жабариттер идеясы, ақылға сыйымсыз, Алланың мейірімді сипатына қайшы, қате тұжырым болса да, отаршылар саясатына үйлесімді, іздегенге сұраған нағыз тиімді қисын еді. Ал, кадриттердің әлемдегі барлық жақсылық пен жамандықты Алла жаратты, бірақ жақсы не жаман болу Аллаға қатыссыз, адамның  өз еркіне байлаулы деген ойларының отаршылар ниетіне қарсы мәндегі бірден-бір тұжырым болғандықтан оны жақтап… Абай Алла берген ерікті адам баласы жақсы іске жұмсау керек дейді. Абайдың «Ғұмырдың өзі – хикаят» деуі осы, басқаша айтсақ, өмірің мәнсіз, нәрсіз өтсе, өлімің қайғысыз болмақ…

Қорыта айтқанда, хакім Абай аллатануды ешбір тоқтаусыз қабылдай отырып, дінтануға сыни көзбен қараған, жаманат атаулыға қарсы күресте ислам дінінің гуманистік сипатын кең насихаттаған кемеңгер болды» дейді.

Түркі ақындарының көне түркі тілінде жазылған мұраларымен үндестікті жаңа жағдайда қайыра дамытуға атсалысқан түрікмен әдебиетіндегі Мақтымқұлы мен Молданепестен кейін қазақ әдебиетінде де жаңаша түр өзгешелігін енгізген Абай, Шәкәрім және Мәшһүр Жүсіп арқылы өз жалғастығын діни-философиялық бағытта тапты да, ата буын мен аға буынға оны жалғастыруға совет үкіметі тыйым салды. Бірақ, соған қарамай, Мұқағали сияқты танымал ақындар Алланы жырға қосуды астыртын болса да, қолға алғандарымен басқалар тарапынан кең қолдау таба қойған жоқ.

Егемендіктен кейін Алланы ұлықтау қаламгерлер арасында жаппай көрініс бере бастады. Біз көбіне прозаик деп танитын әдебиет классигі Әбіш Кекілбай да «Дүние-ғапыл» жыр жинағында “Таңғы кәлима” өлеңінде Алланы ұлықтауға ден қояды. Бауыржанда осы тақырыпты өзінше жырлауға талпынған.

Е. Нүктесі

– Күбірлеп өз-өзіне бұлданатын,

Адам емес, есімім — мұң болатын.

– Терезеңнің алдында жылап тұрған,

Сен емессің, сезімтал түн болатын…

– Қалайша, қалай енді жай табамын,

Жалғыз қалсам Ол болды айтар əнім..

– Жек көресің өзіңді, іштей үгіп,

«Сүймеймін» деп неше рет қайталадың?!

– Дəл бұлайша сүйгем жоқ жан баласын,

Күлесің ғой, білемін, таңданасың.

– «Досым» дейсің, сездірмей ештеңені,

Өз сөзіңе өтірік алданасың…

– Тағдыр-ай, кірпіктерде бұлдыраған,

Жан əлемі… Жалғыздық тұнжыраған.

– Бүгін айдың нешесі?

– Жүрек күні,

Мен емес, терезеде түн жылаған…

Дінге отаршылар жасаған көп ғасырлық қыспақ оған қарсы тұра алатын білімді мұсылман қауымын, оның ішінде дінді терең түсінетін жас ақындар шоғырын өмірге әкелді. Олар дінсіздендірудің отаршылдық зардабын көппен бірге көріп, бірге көтерген ата және аға буыннан бөлек дәуірде өмірге келу себепті, рухани кеңістіктегі мұсылман ағартушыларына айналып, өз бабаларынан мұраға қалған өршілдікті, жалтақ үкіметті жақтамауды бойларына сіңіріп өсті. Осындай ортада пайда болған бунтарлық көңіл-күй қазақ діни жырларының тууына себеп болды.

Араға ғасыр салып, қазақ әдебиетіндегі жоғалған діни әдеби үрдіске жастар мүлде соны қырынан келіп, өздерінің психо-философиялық туындыларын өмірге әкеліп жатыр. Ұлттық ұғым-түсініктегі ғаламзаттық нышанаттар философиялық тұспалға негіздеп жырлануда.

Бауыржан өзіне дейінгі дайын үлгіні өзі пір тұтқан ұстаздарының жүріп өткен шығармашылық үрдісін өз заманына сай толықтырып, өз мәнеріне сап түрлендіріп, мүлде соны қырынан әдеби қауымға сыйлады.

F.Нүктесі

– Қасиетті Рухпен қуаттанған,

Ар іздедім сөзінен шуақ тамған.

Не табамын өмірді күлдіргеннен?!

– Не табасың өмірді жылатқаннан?!

– Қойшы өмірді… Дәл қазір жан жылаған,

Жолын іздеп кімдер бар қаңғымаған?

– Күбір-сыбыр, күңкілдек, айғай-шудан,

жазғы түн-ай, жалыққан, қалжыраған…

– Тым белсенді, тіл тапқыш, ұшып-қонған,

Шаршап жүрген шығарсың пысықтардан?!

– Балаларды аяймын суық сөздің

жалынына меселі үсіп қалған…

– Жол іздеймін бір ғажап…

– Не қыласың?!

– Жалғыздықтан бір күні жарыласың…

Топыраққа жүрегің оралады,

Жаратқанның алдынан табыласың…

 

деп, өлім халіндегі жанның соңғы татар дәмін, жұтар ауасын демі таусылар, жүрегінің соғуын тоқтатар сәтіндегі кезін сипаттайды.

Бауыржан: Рух – Жан – Тән синтезденуі Ұлттың тәңірге қосылуы жолындағы діннің қысымшылық пен жалғандықтан арылуы деген философиялық түйіндеулер жасайды. «Тазарған жанмен иеңді /тәңірді/ танисың» деген суфизм поэзиясындағы басты ұғымды еліне танытуда ініміз әрі ағартушы, әрі философ, әрі неолирик ақынға айналады.  Жастардың діни рауанға оранып саяси-азаматтық және діни-мистикалық лирика түрінде жазылған өлеңдерінде Шығыс классиктерінің тигізген әсері, лебі барлығын, бірақ оларды неоклассицизм өкілдері өзіндік төл тума дүниеге айналдырып, өз демі, өзі тәні етіп жіберген ақындық құдіреті мен стильдік қуатын аңғарамыз.

Жастардағы Шығыс тақырыбымен өзектестік олардың шығармашылықтарында екі саладан тұрады: азаматтық және діни-философиялық. Біз талдағалы отырған өлең құрылысы мен мазмұны синкретті болып келіп, осы екі әдеби ағымның қым-қуыт араласқан синтезі деуге негіз бар. Өлең мұсылман ақынның ислам жамағатына мұңын шағып, психологиялық сыр ақтаруына толы романтикалық сарындағы қиялындағы оқырманға арналған монологімен бастау алып, діни ұғымдарды бірде түйдектеп, бірде шөгінді мәнмен астарлай жырлауға ұласып отырады.

Бауыржан тек Шығыс ескілігімен шектеліп қалмай, оның бүгінгісімен де жете таныс екендігі сөз ұққан жанға танылып отырады. Жаңашыл бағыттағы ұлт әдебиетіндегі неожәдит қозғалысы – дін мен өнер саласында туып, Шығыс пен Батысқа қатар бет түзеп, бүкіл әрекеттеріне мұсылмандық пен ұлттық құндылықтарды негіз етіп алып отыр. Христиан еліне (Ресей) мұсылман елінің (түбі бір түркілердің) бодан болуы татар (қазір де тұл болу), Орталық Азия елдері (кешегі құл болу) қаламгерлерін түрлі ойға жетеледі. Олардың алдынан: Еуропаны үйреткен мәдениеттің бодандыққа түсуі неліктен? Алланың сүйікті құлдары неліктен бодан болды? Бұның себебі не? Құран Кәрім мен пайғамбар өсиетін дұрыс ұғынбадық па? Исламды жаңылыс жорыдық па? Қайтсе мұсылмандар азат болады деген сансыз сауал туындап, әр елдің қаламгерлері оған өздерінше жауап қайтарды. Осындай жауап беру –  «Нүкте» өлеңінің лейтмотивіне айналған.

Сопылықтың ислам аясында туып, бірақ (тар ауқымды – Ә.Ә.Ә.) мұсылмандыққа қарсы діни-философиялық ағым ретінде қалыптасуының себебін ашып беруде Руслан Ахметов:  “Басы VIII ғасырда араб елдерінен басталған «сопылық» тарихы Иран арқылы түркі топырағына жетті. Сопылық түркі әдебиетінің туу, даму, өрлеу, құлдырау кезеңдерін саралайтын болсақ”, – дейді [Сопылық әдебиет. «Жұлдыз» 1993]. Бұл қарама-қарсылықтардың шығу төркіні тарам-тарам. Енді аталған ғалымның жоғарыдағы пікірін негізге ала отыра, ары қарай тарқатып көрелік. Олардың діни әдебиетке енгізген бірінші ұстанымы  – Алланың алар орны; екінші ұстанымы – Аллаға деген махаббат; үшінші ұстаным – зікір салатын өнер синтезденуі; төртінші ұстаным – Шейхтер абыройы; бесінші ұстанымы – сопылардың өзге діндерге деген көзқарасы. Қазақ әдебиетіндегі сопылық пен араб-парсы сопылық әдебиетін еш шатыстырмау керек.

Бірінші ұстаным бойынша, адам – құдайдың бір бөлшегі және оның сипатын  барлық заттардан іздеуші. Осы негіз қазақ діни романтизміне темір қазық болды. Тап осындай сенім ұшқыны Б. Қарағызұлы туындыларында үнемі кездесіп отырады.

Міне, осындай өзіне дейінгі дайын үлгіні (діни романтикалық штампты) Бауыржан Қарағызұлдары өз заманының қалыбына салып, жаңаша тұрпатта түрлендіре білді. Жастар өзіне дейінгі ата және аға буынның жігіттік дер шақтарында болмаған «ақылдың азабы», «қос әлемділік» және «жалғыздық» айшықтарын Аллаһтың құдіретімен байланыстыра отыра, жалтақтамай енгізді.

М. Мырзахметұлы Әлішер Науаидағы ғашықтық сезімді (жай сезім, тәңірлік сезім, махаббат сезімі) үш түрге бөледі. Жастар осы сезімдерді тұтастырып беруге талпыныс жасап жүр.

Батыс символистері ұлтсызданған, атеистік мәндегі шығармашылық типін өмірге әкелсе, ислам символистері ұлтық нақыш пен жергілікті колоритке негізделген мұсылмандық  шығармашылық типін дүниеге әкелді.  Оларды көркемдік тәсіл ортақтастығы біріктірсе, дүниетанымдық түсініктері оларды алшақтап бөлектендірді. Бір әдеби әдіс пен діни сенім аясында біріккен мұсылман символистерінің өзі жергілікті ерекшелік пен дәстүр жалғастығы аясында мұқыммұсылмандық жағынан бір тұтастықта болғанымен, тарихи-мәдени алуандық, яғни пантүрікшілдік жағынан бір-бірлерінен дербестеніп, ірге ажыратты. Қазақ діни романтизмі мен символизмі – бір-бірінен бөлініп алынбайтын әдеби тұтастық. Сондықтан, оларды жеке-жеке қарастырар болсақ, онда ештеңе ұтпаймыз. Қашанда бірлікте алынған нәрсе ғылыми ақиқатқа бір табан жақын тұрады.

Түркі дидактизмі, сопылықтың символизмі мен ұлттық колорит сіңірілген қазақ діни романтизмі өркен жая бастады. Жастар күнделікті қолданыстарға (гүл, бұлбұл, қыздың қасы, еріні, шашы, т.т.) тылсымдық-құпиялық сіңіріп, өздері ғана түсінетін поэтикалық ұғымды ұлттық әдеби өмірдің табалдырығынан аттата білді. Сонымен, жастар қайыра туындатқан қазақ діни романтизмінде бір жағы бүкіл әлем таныған Шығыстың жеті жұлдызының әсері бар да, екіншісі – күллі Орта Азия пір тұтқан Иасауи мен Сүлеймен Бақырғанидің, Әлішер Науаидың  ықпалы бар екендігін үнемі есте ұстауымыз керек.

Белгілі бір әдеби топтың шығармашылық ұстанымы бар да, оны әрқайсының жеке дара көркемдікпен игеруі бар. Сопылық (мистикалық) дінге күман келтіру емес, белгілі бір дәстүрлі дінді ұстанған қоғамдағы түрлі әлеуметтік әділетсіздікке қарсы белгілі бір дінді ұстанған адамның қарсылығын білдіретін әлемдік ұғымға айналған әдеби-философиялық түсінік. Христиандар – оны өзінше (символистер, мистиктер деп) ұғынса, мұсылмандар оны өзінше (сопылық деп) түсінеді. Діни романтизм дәстүрлі діндердің бәрінде бар болғанымен, тап ислам елдеріндегідей жалпы халықтық құрметке ие бола алған жоқ.

Мұқағали қасаң кезеңде Алланы ұлықтаған жырлар жазғандығы әдебиет тарихынан белгілі. Сонымен, төл әдебиетімізде Иасауи, Абай, Шәкәрім және Мәшһүр Жүсіптер салған діни сарын мүлде жойылып кетпейді. Әр кезеңде әр жаңа буын ақындары тарапынан өз жалғастырушысын тауып отырады.

Қазақ әдебиетіндегі діни ағымды кітап, мақала, уағыз арқылы толық түсіну мүмкін емес. Әркімнің жүрегінің түбінде өзінің пендеауи иманы, яғни ары, рухы бар – соны  оятуға ұмтылу керек. Жүрек, ар-ұят оянса, мінез-құлық түзелсе, мәдени, тарихи өрлеу басталады. Ізгілік, руханият, бақыт келеді. Сондықтан дінді ең әуелі иман деп түсіну қажет. Осы жерде Румидің сопылар туралы айтқан: «Исламның  аты да, заты да Сендер», «Сендерсіңдер исламның жауынгер арыстандары!» деген өлең сөздері еске келеді. Мәселе – исламның жүрегін, рухын жаңғырту, сол арқылы Алланы тану, ұлықтау. Құдайға шүкір, жаугер қазақ ежелден догматизм мен фанатизмді жаратпаған. Табиғатынан ақкөңіл, ержүрек, еркін сөйлейтін ата-бабаларымыз исламға жақын болған. «Мәрт» (немесе «толық адам») идеалы да сопылар сомдаған идеал ғой. Арабтар мен парсыларға жалтақтай бергенді де қою керек. Енді өз жолымызды табуымыз керек. Қазақ діни әдебиетінің өз жолы, өз тарихы, өз рухани миссиясы бар. Біз әдебиетіміздегі исламды парасат, ізгілік, мәдениет көзіне айналдыруға бар күшімізді салуымыз керек. Осы жолда жас толқын сәтті әдеби ізденістерге қол жеткізіп жүр.

Бауыржан «Жан» яғни жүрек ұғымына басқа бір әдеби тәсілді, фантастикалық емес фантастиканы қолдану арқылы санамалап, шендестіру мен дамытуды қатар өрбіте беруге қол жеткізе алған.

X.Нүктесі

Қайда?!

– Өмірдің босағасын аттағанда,

Жатырқап жылап кірдім жат ғаламға.

Өлімге секунд сайын жақындаймын,

Білмеймін, сор табам ба, бақ табам ба?!

 

Мәңгілік жарығыма ұмтыламын…

Жалықтым тыңдай-тыңдай құлқын әнін.

Торында қутыңдаған қу тірліктің,

Балықтай жанұшырып бұлқынамын.

 

Рухым асқақ еді, білгір еді,

Құтқарса сол құтқарар, кім біледі?

Ішімде Құдайды аңсап Жан жылайды

Сыртымда сайтанға еріп Жын күледі.

 

Ғажабын ғақылымның ұғынғанша,

Япыр-ай, қалды екен ғұмыр қанша?!

Шіркін-ай, жүрегімнің құпиясын,

Сезем бе қос жанарым жұмылғанша?!

 

Ғайыпқа жетелесе ой торабы,

Көкейім жалғыз Сөзді қайталады.

Тағдырым түнгі аспанға телміргенде,

Неліктен қайран көңіл жай табады?!

 

Өлімнің босағасын аттағанда,

Білмеймін, сор табам ба, бақ табам ба?!

Білерім, боз жусандай көктеп шығам,

Біздегі жасыл уақыт тоқтағанда…

«Таза қазақ философиясы бар ма?» деген «Central Asia Monitor» газетінің бас редакторы Бигелді Ғабдуллиннің сауалына Әуезхан Қодар былайша жауап береді: «Осы бір сөз тіркесіміндегі «философия» сөзіне ғана табан тіреп, айтар болсам, ғылыми айналымда «ұлттық философия» деген ұғым жоққа тән, өйткені, ол жеке тұлғалардың шаруасы… Күні бүгінге дейін философия Батыстың тағдыры болып сипатталуда. Сонда немене басқалар ойлана білмей ме?» [Кодар А. Степной знания. Очерки по культурологии. – Астана: Фолиант]. Аталған сұхбат иесі өзінің «Дала білігі» атты мәдениеттанушылық еңбегінде қазақ философиялық дәстүрін ұстанушыларды: жырау, шешен, би және хан деп төртке бөледі. Түркі-қазақ философиясының өмір сүру формасын кеңінен сөз ете отырып, қазақ ақыл-ойына өз ықпалын тигізген ғаламдық үш әсерді:

1) қытай әсері;

1) араб – иран әсері;

2) еуропа әсері деп, жеке-жеке атап көрсете отыра, осы кездерге дейін ата-баба танымы өмірді «жақсы» мен «жаманға» айырып, ой түйгендігін дұрыс атап көрсеткенімен түркі дидактизмінің әдеби әсерін назардан тыс қалдырады.

Бауыржанның нағыз ақындық бабында, шығармашылық шабытты шағында екендігін білдіретін діни романтизм бағытындағы ізденісінің сәтті туындысы  “Нүкте” өлеңі  өз бойынан ұлттың діни өмірінің мәні мен имани тұмарын сыйдыра алған.

Қазақтың бас ақыны Абай өзінің алғашқы өлеңдерін Шығыс ақындарына еліктеп шағатай тілінде жазғаны мәлім.

Сондай өлеңдерінің бірінде ғұлама ақын:

 

Әлифдек ай йузіңе ғибрат еттім,

Би, бәләи дәртіңа нисбат еттім,

Ти, тілімнен шығарып түрлі әбиат,

Си, сәнаи мәдхия хұрмет еттім,

 

деп араб әріптерін тізбектеп бір сұлудың сымбат тұлғасын беруге тырысқан. Ақын өлеңде арабтың жиырма тоғыз әрпімен шектелмеген, сонымен бірге «Мәт – қасың, тәштит – кірпік, сәкін – көзің» деп сұлу қыздың жүзін суреттеуде араб харакаттарын да сәтті пайдаланған. Мұнда ақынның дөңгелеген сәкінді – көзге, иілген – мәтті қасқа, тәштитті – кірпікке теңегенін ерекше айта кеткен жөн. Бұл – әлі әдеби және көркемдік ізденіс үстіндегі ақындық шеберлігінің көрінісі.  Абайдың әбжәд ілімін тұтынуда Әлішер Науайды үлгі еткенін ақын мұрасын зерттеушілердің бәрі ауызға алады.

Басқа тілде жазудың еш сөкеттігі жоқ. Оған әдебиет тарихынан мысалдарды көптеп келтіруге болады. Соның жарқын бір мысалы: орыс әдебиетінің алыбы А.С. Пушкин де өзінің алғашқы өлеңдерін француз тілінде жазғаны белгілі жайт. Жазба әдебиеті түркілерге қарағанда, басқа империалистік елдерге қарағанда, балаңдау орыс әдебиеті бұны жасырып жауып әлекке түсті.

Біз бұрын Абайдың неліктен бұндай әдеби қадамға барғанын ауызға алмай келгеніміздің себебі: араб жазуына негізделген әбжәд ілімін ескермеуімізде және оның ұлттық және дәстүршіл ақындар шығармашылығындағы алатын орнын бағалағымыз келмегендігімізде жатыр. Осы бір араб жазуының тылсымдығы араб сопыларына  әбжәд ілімін дүниеге әкелгізді. Түркі дидактизмінде сандық магия ұғымы өмірге келді (Абайдағы бес санның қасиеттілігі соның дәлелі). Осының бәрі мұсылман діни романтизмін тылсымдыққа орандырды. Оны осы жағынан игерген қазақ ақындары діни романтикалық туындыларында қажетті жерінде орнымен пайдалана бастады.

Жазудың ауысуымен бірге қазақ әдебиетінде әбжәд ілімі өзінің өмір сүруін тоқтатты деген қасаң пікірді неоклассицизм өкілдері болып табылатын жастар бардың жоғалмайтынын дәлелдей бастады.

Адам мен дүниені әріппен таңбалай жырлау түркі әдебиетінде Әлішер Науаидан басталады. Осы бір ортақ түркілік данышпан тұлғаның бір ғана ұлттқа телініп, өзбек ақыны аталып жүргені кеңестік кезеңдегі аярлықпен жүргізілген ғылыми әділетсіздіктен орын алды. Осыны орынды пайдаланған өзбек ғалымдары орталық азияның жазба тілін – көне өзбек тілі деп, ал, түркі әдебиетіне ортақ тұлға  Әлішер Науаиды өздеріне басы бүтін иеленіп кетті.

Әлішер Науаи енгізген зат пен адамды әріппен өрнектей жырлау мұсылман әлемінде ақындық шеберліктің шынайы шыңына баланады.

Расында парсы поэзиясына жетік түркі шайыры өз шығармаларында мұндай шеберлікті көп қолданған. Науаи өзінің «Ләйлі – Мәжнүн» шығармасында:

Етгач «алиф» қадин қилиб «дол»,

Мажнуниһ алғин улти филхол (сол мезетте), – деп тік тұрған Ләйліні «әлиф» әрпімен берген де, оның иілгенін арабтың доғал тәрізді жазылатын «далы»-мен суреттеген. Сондай-ақ, ақын Мәжнүннің шынайы сезімін  жырлауда тағы да араб әріптеріне жүгінген:

 

Буйним уза, «айн» ин айлагил  тавқ (алқа),

«Шин» ин қил ичимға шуъпаи шавқ (сезім).

«Қоф» ин манга айла кухи андух (қайғы),

кунглумга ғамини кух то кух.

Уч нуқтасини шарора айла,

Иккисини икки хора айла,

 

деп жырлайды. Мұндағы тырнақша ішіне алынып берілген «а», «ш», «қ» әріптерін қосып оқығанда арабша ғашық сөзі келіп шығады. Ал төменде аталатын үш нүкте «ш» әрпінің үстіне қойылатын болса, екі нүкте арабтың «қ» әрпінің үстіне қойылады.

 

Ал, енді беріден сөз қозғасақ, Мәшһүр-Жүсіп:

Жапырақтың  біреуі – «кәф», біреуі – «нон»,

Көңілді Хаққа қойып, айталық шын.

Сол екі жапырақ болды ерлі – байлы,

Болғанда бірі – пышақ, біреуі – қын.

Орнатып «кәф» жапырағын «нон» – ға қойды,

Мас болып бір ноқатпен қарыны тойды.

Десе және бір жерінде:

 

Кетпен шотқа қолға ұстайтын «кәф» емес пе,

Осы сөз анық емей, сол көмес пе?!

Бір салып қалған жерден топырақ алса,

Шұңқыр боп қалған жері «нон» демес пе?!

 

Ақын мұнда «Кәф» әрпін біресе пышаққа теңесе, біресе кетпен шотқа теңеген. Бұл әріптің арабша жазылуы да расында сабы бар кетпенге ұқсайды. «Мас болып бір ноқатпен қарын тойды» деп «Нон» әрпінің үстіндегі бір нүктені суреттеген. Осы өлеңнің соңында ақын «Кәфті нонға қоссалық – күн   – дейді ғой» деп Құран Кәрімдегі «Йасин» сүресінің 82-аятында баяндалатын Аллаһтың он сегіз мың ғаламды жаратарда «Кун» яғни «Бол» деп бір ғана сезіммен болмыстың пайда болғанын алға тартқан.

Осы нүкте мен кеңістік шартты ұғымдары жастар тарапынан орыс қарпімен әбжадтың қайыра түлеп, туған топырағына оралуын әдеби өмір салтына енгізді.

Шығармаларында әріптерді ойнату тәсілін заманалық қазақ әдебиетінде енді міне, жастарымыз өз шығармашылықтарында шебер пайдаланғанының бір жосығы ретінде Бауыржанның “Нүкте” өлеңінің мәтінінен аңғарамыз.

Қазақ әдебиетіндегі жас ақындардлың осындай өлең жолдарымен мәндес жерді парсы ақыны Фердаусидің «Шаһнамасынан» да кездестіреміз.

Онда шайыр:

 

Ду гейти пәдид омад әз «қоф» вә «нун»,

Черо не бе фәрмон – е дәр нә чун, –

 

деп, екі әлемінің «кәф» пен «нуннан» жаралғанын алға тартады. Осы арада Фердауси мен Мәшһүрдің әдеби-рухани мұрагерлерінің бір арнадан сусындағанын анық аңғаруға болады. Ол ислам дінінің қайнар көзі – Құран Кәрім. Қасиетті кітаптің ішінде адамзат баласы үшін жұмбақ бірнеше аят бар. Аят деген сөз немесе сөйлем де емес,  жай араб әріптерінің тізбектеліп берілген қалпы. Мысалы, «Бақар» сүресі «Әлиф Ләм Мим» деп басталған. Бұдан басқа «Әлиф Ләм Ро», «Әлиф Ләм Мим Сад», «Кәф Хә Ия Айн Сад», «Та Хә» т.т. аятар бар. Сондай – ақ «Сад» пен «Қаф» сияқты сүрелер арабтың «С», «Қ» әріптерімен аталып, алғашқы аяты да осылай басталады. Жалпы жиырма тоғыз әріптің он төрті жиырма сегіз сүренің бірінші аятын құрайды. Бұл сүрелердің «Бақара» мен «Әл Ғимраннан» басқасы Меккеде түскен аяттарға саналады. Бұларды ғалымдар «муқаттаға әріптері» деп атайды.

Мұсылман романтизміндегі сопылықсыз ислам өнерін түсіну мүмкін емес. Сопылық (қай дәуірде болсын) – Құран – Хадисті ең жоғары дәрежеде тәпсірлеу (талдау, түсіндіру). Сол сияқты осы бір ұлт өркениеті кеңістігіндегі діни-рухани құбылысты біз милет әдебиетіндегі исламды шынайы тірілту, оны оқырманның өмір философиясына және алаши дүниені өзгерту құралына айналдыру деп те сипаттай аламыз.

Әбжәд ілімінің мұсылман мәдениетінің дамуына көп септігі тиген. Жазу ауысса да, алаштың дүниетанымы ауысқан жоқ. Жастардың жаңа әбжәдті өмірге әкелуінің де тарихи себебі осында жатыр. Бар айтпақ болғанымыз – бір өлеңнің өз бойына әдеби үрдісті келісті де, жарасымды сыйдыра білгені.

Ақын қаламын ақ қағаз бетінен алып кетті, нәтижесінде оның жан сырын, ішкі толғанысын, өзі өмір сүрген қоғамға деген көзқарасын танытатын мәтін-монолог қалды, ішкі дүниесін ақтарған мәтін-монолог дүние есігін ашты. Мәтін оқырман тарапынан не ақынның уағызы, не онымен ой жарыстыруы үшін поэтикалық үнін естіртудің жолы да болып табылады. Ол үнге әттең санаулылар ғана  ден қояды. Бірі – өзі үшін тың дүниені жолықтырса, екіншісі – оның әдеби-мәдени жаңашылдығының жаршысына айналады. Мәселе осы тың дүниені жолықтырғандар жайында. Олар ақынның өздік үнін өзгелік үнге айналдырып, жаңа әдеби жыр жазу үрдісін өмірге әкеледі. Жастар бірін-бірін қайталамайды, жетпеген жерін жеткізу әдеби-стилистикалық тәсілмен бұрын болмағанды болдырып, бұрын толмағанды жұтындырады.

Қазақ поэзиясы әлемдік деңгейдегі жыр жазу процесінде түркі әлеміне үлгі бола алатындығын танытып отыр. Біз бұны бүгінгі жастар шығармамшылығымен жете танысқан шақта айқын көз жеткіземіз.

Әлемдік эстетика, оның ішінде қазақ эстетикалық таным-түсінігі бабалар дәстүрінен алшақтап, гегелдік және бахтиндік еуропаның ізімен кетті. Ал, жастардың әдеби ізденістері бізге алаш эстетикасына қайтып оралуға үндейді. Алаш эстетикасы өз кезегінде бағзыдан тамыр тартқан «табиғилық» пен «қоғамдықтың» селбесуінің мәңгілік проблемаларынан тұрады. Ақындардың осы екеуін бірлікте алып жыр жазып жүргендері бар. Әрқайсын дербестікте алып поэзия бұлағының көзін ашып, шығармашылығын көкке өрлетіп жүргендер бар. Біз осының бәрін болмаса да шет жағасын Бауыржан Қарағызұлының поэзиясына қатысты сөз еттік.

ТМД кеңістігінде орыс эстетигі В.В. Бычков мәдениетті классикалық және постклассикалық мәдениет деп екіге орынды бөліп жүр. Міне осы мәдениеттердің қай-қайсының болсын бойында «Ұлығ Өзге» бар. Бар айырмашылық – осы мәдениеттердегі оның айқын және бұлыңғыр сезілуінде. Осы «Ұлығ Өзгеден» – Үлкен мәдениет, Пост-мәдениет өріп шығады. Бар айырмашылық – түрлі мәдени-тарихи типтерге жататын ұлттар арасындағы кімнің «Ұлығ Өзгесінің» бағзылығымен өзгелерге ұстаздығы. Бұрынғы классикалық поэзияда өзгенің «Ұлығ Өзгесі» байқалса, енді жастардың шығармашылығында алаштың «Ұлығ Өзгесі» байқалып отырады. Осы өзгені аша алдық па, аша алған жоқпыз ба, оған баға беретіндер – поэзия сүйер алаш қауымы. Біздікі – көңілдегі ойды көк дөненнің ащы терін шығарып,  поэзия алманындағы бір тұлпардың шығармашылық шабысына өздік пікір айту.

Ол пікірді «Поэзия әлемі» бағдарламасында Бауыржанға қатысты ақын ағасы Талғат Ешенұлы айтып та қойды. Біздікі – сол ойды ары қарай жалғастыру. Оны дұрысты жалғастырдық па, әлде бұрысты жалғастырдық па, оны да Бауыржан Қарағызұлының поэзиясын қалт жібермей оқып, жалт еткен авторлық жаңашылдығына қуанып жүрген жырсүйер қауым айта жатар.

ӘБІЛ-СЕРІК ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ ӘЛІӘКБАР

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар