Семейде миллиард теңгеден астам шығын келтірген қаржы пирамидасының ісі қаралып жатыр

Көркем Алдабергенова 07 нау. 2026 17:23

Семейде қаржы пирамидасынан зардап шеккен жүздеген адам соттың әділ шешімін күтіп отыр. Келтірілген жалпы шығын көлемі миллиард теңгеден асып кеткен. Іс бойынша 100-ден астам адам жәбірленуші деп танылып, алты күдіктіге айып тағылған, деп хабарлайды Dalanews.kz «Жетінші арнаға» сілтеме жасап.

Қала тұрғындарының бірі оңай табыс туралы уәделерге сеніп, қаржы пирамидасының құрбаны болған. Көптен күткен өз үйінің орнына ол бір жарым жылдан бері жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп жүр. Әйелдің айтуынша, бірнеше жыл бұрын оның отбасы пирамиданы ұйымдастырушыларға 15 миллион теңге берген.

Жәбірленушінің танысы ақша салса, көпбалалы отбасыға кең әрі жайлы баспана алып берілетінін айтып сендірген. Қазір бес баласы бар ана балаларымен бірге уақытша туыстарының үйін паналап отыр.

«Шынымды айтсам, біздің жағдайымызды білетін, бес балам бар екенін, оның ішінде ерекше қажеттілігі бар балам барын білетін адамның осындай әрекетке баратынын елестете алмадым. Сот ісі әзірге алға жылжитын түрі жоқ. Әділ шешім болады деп үміттенеміз», – деді әйел журналистерге.

Қомақты қаражат салғандардың арасында көпбалалы әке де бар. Оның айтуынша, ол шамамен 200 миллион теңгесінен айырылған.

«Мен “Рахат” ЖШС-не шамамен екі жүз миллион теңге салдым. Алғашында аз мөлшерде салдық, кейін көбірек инвестициялай бастадық, өйткені сендік. Бірақ біздің сенімімізді пайдаланып кетті. Енді ақшамызды қайтара алмай отырмыз», – деді ол.

Жәбірленушілердің айтуынша, кейбір адамдар салған қаржысынан айырылғанын көтере алмаған. Көпшілігі көлік алып, баспана сатып алып, балаларына жарқын болашақ сыйлауды армандаған. Алайда олардың үміті ақталмаған. Тек Семейдің өзінде қаржы пирамидасынан зардап шеккен 141 адам ресми түрде жәбірленуші ретінде танылған.

Тергеу дерегінше, төлемдер қаржы пирамидаларына тән классикалық схема бойынша жүргізілген – жаңа салымшылардың ақшасы бұрынғы салымшыларға таратылған.

Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Сәкен Қондыбаевтың айтуынша, жалпы шығын көлемі миллиард теңгеден асады. Оның ішінде 200 миллион теңгеден астам қаражат ішінара өтелген.

Қазіргі уақытта іс сот қарауында.

Құқық қорғау органдары қазақстандықтарды мұндай ұсыныстарға сенбей, қаржылық жобаларды мұқият тексеруге шақырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove