Басшы тұрақтамайтын басқарма: Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы 1,5 ай болмай қызметінен кетті

Сағыныш Сардарова 03 жел. 2025 10:16

Алматы облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Жақыпов бір жарым ай болмай қызметінен кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы редакцияға дереккөз хабарлады. Ішкі саясат басқармасының ресми сайтында да басшылыққа қатысты ешқандай ақпарат берілмеген. Тек екі орынбасары көрсетілген.

Айта кетейік, Ерлан Жұмашұлы Бағанашыл балалар үйіне қатысты даудан соң қызметтен кеткен Ерік Абитовтің орнына келген. Ерлан Жақыпов бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында лауазымды қызметтер атқарған, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары, AMANAT партиясы Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы болған. 

Журналист Ардақ Айбарұлы бұл ауыс-түйістің себебін былай деп көрсетіпті.

"Өлгенді де естіртеді", – дейді ғой. Басшы тұрақтамайтын ішкі саясат басқармасы "Самғауды" бұл жолы да қорғай алмапты. Облыс басшысының жаңадан тағайындаған адамы 1,5 ай жұмыс істеп, "докторантураға түстім" деген желеумен қырық сылтауын айтып, қызметінен кетіп қалған. Әрине, бұл әкімге үлкен минус. Ерік Әзілжанұлы Бағанашылдағы балалар үйіне қатысты шыққан дау-дамайдан соң қызметімен қош айтысқан кезде "Жетісу облысынан Айдар Карбозұлы Башбаевтың кандидатурасын ұсыныңыздаршы осы қызметке", – деп, айтудай-ақ айттық. Бірақ естір құлақ болмады. Міне, енді араға аз ғана уақыт салып, сол сөзді тағы қайталауға тура келіп тұр..." - деп жазды ол.

Расында да, әкімдік тарапынан әзірге Ерлан Жақыпов қызметінен кеткені жөнінде ресми ақпарат болмады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар