Лизинг пен автонесие: қайсысы тиімді?

Сағыныш Сардарова 02 жел. 2025 17:14

Қазақстандықтардың көбі автолизингті автонесиеге балама тәсіл ретінде көреді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің комитет төрағасы Азамат Панбаев бұл екеуінің негізгі айырмашылықтарын түсіндіріп берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, лизинг – банктегі несиемен салыстырғанда икемдірек және қолжетімді құрал. Негізгі айырмашылық: көлік толық төленгенге дейін лизинг компаниясының меншігінде қала береді.

"Лизинг кезінде мүлік клиентке берілмейді, ол толық төлем жасалғанша лизинг компаниясының меншігінде болады", - деді Панбаев.

Бұл жүйенің басты артықшылығы – қажет болған жағдайда лизинг нысанын ауыстыру мүмкіндігі. Егер шартта көрсетілсе, клиент өз көлігін басқа модельге немесе нұсқаға ауыстыра алады.

"Клиенттің сұранысына қарай лизинг ныснаны кез келген уақытта ауыстыруға мүмкіндік бар", - деді шенеунік.

Сонымен қатар, лизинг рәсімдеу кезінде несие тарихына қойылатын талаптар да жеңілдетілген. Сондықтан бұл құрал банк алдындағы төлем қабілетіне сенімсіздік танытатын азаматтар үшін де ыңғайлы.

"Лизингті рәсімдеу кезінде клиенттің несие тарихы шешуші рөл атқармайды. Оның міндеттемелері кредит есебінде көрінбейді. Бұл – басты айырмашылықтардың бірі", - деп түсіндірді Панбаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар