"Сұрақ, жауап алдын ала беріледі" - экс-депутат Мәжілісте бәрі сценариймен өтетінін мәлімдеді

Көркем Алдабергенова 03 жел. 2025 10:08

Экс-депутат Гаухар Танашева мәжілістен неге кеткенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Танашеваның сөзінше, ол мәжілістен өз еркімен кетпеген. 

"Мені мәжілістен кетірді ідеп айтсам да болады. Себебі менің ең соңғы депутаттық сауалымды естіген боларсыздар. Сол жерде халықтың жағдайын көтергенмін. Халық пен үкімет арасындағы көпірдің жоқтығын айттым. Мен көтерген мәселе мәжіліске де, партияға да ұнаған жоқ. Себебі ол туралы маған "сіз мынандайды қойыңыз" деді. Депутаттық сауалдар бір айлап жататын", - дейді Танашева Азаттыққа берген сұхбатында. 

Оның сөзінше, депутаттық сауалдар алдын ала тексерістен өтеді. 

"Соңғы депутаттық сауалымды оқыр алдында маған оны оқуға рұқсат берілмеген. Партия да рұқсат бермеді. Соңында сауалым Альберт Рауға түсті. Ол - Аманат партиясының өкілі, вице-спикер, "оқымайсың" деп айтты. Бірақ мен өзім оқимын деп шештім", - дейді экс-депутат. 

Сол күні депутат Магеррам Магеррамов Гаухар Танашеваны шақырып, "біз сізді 23-і шығарып тастағанбыз" деп айтқан. 

"Бюро отырысын жасап, орталық сайлау комиссиясына шешімді жібердік. Сіз депутат емессіз" деп айтты. Сонда мені өтіп кеткен күнмен шығарып тастаған. Маған ескертілмеген. Бюро отырысы болса, мен ол отырысқа баруым керек еді. Шешіммен келіспесем ойымды айтуым керек. Маған ондай мүмкіндік берілген жоқ", - дейді депутат. 

Экс-депутаттың сөзінше, депутаттар мен министрлердің жұмысында жүйе жоқ. 

"Министрліктер өзінше, депутаттар өзінше. Депутаттар халықтың мәселесін көтереді. Министрліктер өз ісін жасап жүре береді. "Мәселені бірігіп шешейік, қолымыздан не келеді?" деп бірігу жоқ. Мәжілісте бәрі сценариймен өтеді. Ол бойынша үкімет сағаты өтеді, кім сөйлеуі керегі, қанша адам сұрақ қоятыны шешіледі. Сұрақтарды басында дайындап қояды. Министр болсаңыз жауабын береді. Депутат болсам маған сұрағын беріп қояды. Содан "жақсы, керемет" отырыс өтеді", - дейді Гаухар Танашева. 

Қандай мәселелерді көтеруші еді?

Гаухар Танашева мәжілісте көбіне көпбалалы аналар мен отбасылардың мәселесін көтеретін.

2023 жылы Гауһар Танашева "Отбасылық капитал" бағдарламасын іске асыру туралы бастама көтерген еді. Сонымен қатар, маусымда қазақстандық балаларға 70 мың теңге әлеуметтік төлем төлеуді ұсынған еді. 

Ал 2023 жылы Алматы, Шымкент, Қонаев, Талғар қалаларына барып, Жамбыл, Түркістан, Жетісу облыстарын аралап шыққан. Аталмыш аймақтардағы аудан-ауылдарды аралап, халықпен тілдесіп, бірнеше мәселелерді тізіп шыққан еді. 

Соңғы депутаттық сауалы

Гаухар Танашева былтыр 25 желтоқсанда Мәжіліс отырысында өткір пікір айтып, соңғы сауалын жолдаған еді. 

"Билігі халқын аямаған елде ілгерілеу мүмкін емес. Жұрт баласын қалай асырарын, қарызын қалай өтерін білмей, ертеңгі күннен қорқып өмір сүреді. Халықтың 80 пайыздан астамы қарызбен өмір сүреді. Мұндай жағдайда патриотизм мен даму туралы айту қиын", - деген еді ол. 

Гауһар Шаймерденқызының өзі де 11 баланың анасы. Айта кетейік, Танашева 2023 жылдың 28 наурызынан бері депутат болған. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар