Жаңаөзенде үлескерлер миллиондаған қаржысынан айырылып қалды

Сағыныш Сардарова 03 жел. 2025 10:45

Жаңаөзенде үлескерлер миллиондаған қаржысынан айырылып қалды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

ҚМА Маңғыстау облысы бойынша департаменті "Өзен көлік құрастыру зауыты" ЖШС басшылығына қатысты азаматтардың қаражатын үлескерлік құрылыс ретінде заңсыз тарту дерегі бойынша тергеуді аяқтады.

Екі жыл бойы компания басшылығы Жаңаөзен қаласында Astana Rich Village тұрғын үй кешенінің құрылысын қажет рұқсат құжаттарынсыз, жобалық-сметалық құжаттамасыз, мемлекеттік сараптама мен авторлық қадағалаусыз жүргізген. Азаматтардың қаражатын тарту мақсатында түрлі интернет ресурстарда пәтерлер нарықтан төмен бағамен сатылатыны туралы жарнама жарияланған.

Нәтижесінде 23 азаматпен жалған алдын-ала сатып алу-сату шарттары жасалған. Заңсыз тартылған қаражаттың жалпы көлемі 303 млн теңгеден асты.

"Түскен ақша құрылыс материалдарын сатып алғандай көрініс жасап, кәсіпорын кассасынан қолма-қол ақшаға айналдырылып, шын мәнінде жеке қажетіне жұмсалған. Тұрғын үй құрылысы аяқталмаған.

Залалды өтеу және жәбірленуші үлескерлердің мүдделерін қорғау мақсатында сот санкциясымен күдіктілерге тиесілі мүлікке - тұрғын үй, пәтер, 2 көлік және 3 жер учаскесіне тыйым салынды. Күдіктілердің бірі қамауға алынды, екіншісіне бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылды", - деді ҚМА өкілі.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар