Azerbaijan Airlines (AZAL) компаниясының 25 желтоқсанда Ақтауға жақын маңда апатқа ұшыраған ұшағына қатысты тергеу қорытындысы осы жылдың соңына қарай немесе келесі жылдың басында жариялануы мүмкін, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тергеу екі бөлікке бөлінген. Қылмыстық іс бойынша тексеруді Бас прокуратура жүргізіп жатыр. Ал әуе апатының техникалық себептерін анықтаумен Көлік министрлігі айналысады.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, министрлік өз қарауындағы жұмысты аяқтауға жақын.
«Көлік министрлігі тергеудің соңғы кезеңінде. Қазіргі кезде біз технология иелерінен, аэронавигациялық құрылғылар мен басқа да жабдықтар бойынша сараптамалық қорытындының түсуін күтіп отырмыз. Осы құжаттар келгеннен кейін министрлік өз бөлігін аяқтайды. Есеп биыл немесе келесі жылдың басында дайын болуы мүмкін.
Ал Бас прокуратура жүргізіп жатқан бөлік бойынша да ілгерілеу бар. Көрші мемлекеттер басшыларының түрлі мәлімдемелерін өздеріңіз де көрдіңіздер. Сол себепті, келесі жылы ол бағыттағы тергеу де аяқталады деп үміттенеміз», – деді Бозымбаев Мәжіліс кулуарында журналистердің сауалына жауап беріп.
Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау әуежайы маңында AZAL әуе компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 жолаушы жарақат алған болатын.
