Келесі жылы «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі экономиканы кредиттеуге шамамен 8 трлн теңге бағыттауды жоспарлап отыр. Алайда, мұндай қомақты қаражат инфляцияны жеделдетіп, фискалдық саясаттың жоспарланған нәтижелеріне түзетулер енгізуі ықтимал.
«Бәйтеректе банктермен бірдей кредит беру, кепілдендіру, сақтандыру құралдары бар, бірақ толыққанды реттеу жоқ. Қаржы институттары арасында бәсеке әділ болуы үшін ережелер барынша ұқсас болуы қажет», – дейді, Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Ұлттық Банктің пікірін бірқатар эксперттер қолдап отыр. Қаржылық кеңесші, Qazaq Expert Club мүшесі Жания Сандыбай "Мемлекеттік кепілдікке сүйенетін холдинг төмен пайызбен кредит бере алады, бұл жеке банктер үшін нарықтық теңсіздік туғызады. Сонымен қатар, тиімсіз жобалар көбейсе, холдингті қайта капиталдандыру қажеттілігі туған сайын жасырын мемлекеттік қарыз өседі" дейді.
Экономист Гүлфайруз Жүнісбекованың сөзінше, 8 трлн теңгенің қысқа мерзімде экономикаға түсуі инфляциялық қысымды айтарлықтай арттырады. Сол себепті, мұндай шараларды сақтықпен қабылдаған жөн.
