Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша бұрынғы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допинг-тестен оң нәтиже бергені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы The Ring басылымының инсайдері, DAZN жетекші тілшісі Майк Коппинджер хабарлады деп жазды 1bol.kz порталы.
Жекпе-жекке жауапты тараптардың айтуынша, Жәнібек Әлімханұлының Эрисланди Лараға қарсы жоспарланған айқасы қазір үлкен қауіп алдында. Кубалық WBA чемпионына басқа қарсылас іздеу мәселесі қарастырылып жатыр.
Әзірге ресми мәлімдеме жарияланған жоқ. Расталған ақпарат жақын күндері жариялануы мүмкін.
Ал Жәнібек Әлімханұлы командасы бұл ақпаратты естігенін жазды. Қайта тест тапсыруға өтініш бергендерін мәлімдеді.
Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық былғары қолғап шебері Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO, IBF және WBA белбеулері үшін біріккен титулдық жекпе-жек алдында допинг сынамасын тапсырды.
Отандасымыз бүгінге дейін WBO, IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағына ие болған.
Бұл жекпе-жек АҚШ-тың Техас штатында орналасқан Сан-Антонио қаласында өтеді деп жоспарланған.
