Қарағандыда қылмыстық істер жөніндегі арнайы сот бірге тұратын әйелді өлтірді деп айыпталған ер адамға үкім шығарды. Ол аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін 18 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Dalanews.kz
Politico сайтынаның мәліметінше, қанды оқиға Сортировка шағын ауданында болған. Ерлі-зайыпты ресми некеде тұрмаған, азаматтық некеде бірге өмір сүрген.
25 маусымда әйел қызының тойына беті көгеріп келген. Туыстарының айтуынша, оны бірге тұратын ер адам жанжал кезінде соққыға жыққан. Сол күні әйел үйіне оралғаннан кейін бірнеше сағаттан соң полиция оның жан тапсырғанын хабарлаған. Денесінде көптеген жарақат болған.
Тергеу деректеріне сәйкес, әйел түнгі екілер шамасында үйге келген. Үш сағаттан кейін құқық қорғау органдары оның ересек қыздарына қайғылы хабар жеткізген. Осылайша қызы үшін өміріндегі қуанышқа толы күн анасының қазасымен ұштасқан.
Сот материалдарына қарағанда, қылмыстан кейін ер адам болған жайтты жасыруға тырысқан. Ол әйелдің үйге келген соң оған өзі шабуылдағанын, ал өзінің қорғануға мәжбүр болғанын айтқан. Алайда сот ұсынылған дәлелдердің бұл нұсқаны жоққа шығарғанын атап өтті.
Полиция оқиға орнына жеткенде әйел әлі тірі болған. Дереу жедел жәрдем шақырылғанымен, дәрігерлер оны құтқара алмады, әйел жедел жәрдем көлігінде жан тәсілім еткен.
Сотталған ер адам үкімге апелляциялық шағым түсіріп, қайтадан өзін қорғауға мәжбүр болғанын алға тартты. Ал марқұмның қызы, керісінше, оның жазасын ауырлатуды сұрайды. Оның айтуынша, анасы жылдар бойы зорлық-зомбылыққа ұшырап келген.
«Ол қалай өзін-өзі қорғадым дей алады? Анам бойы да аласа, әлсіз болатын. Тісі түгел еді. Олар қайтадан қосылғаннан кейін, яғни ол түрмеден шыққан соң, анамның тісі түгел сынған болды. Денесі жараға толы еді», – дейді марқұмның қызы.
Апелляциялық сот шешімі кейін хабарланады.
