Кремльде Ресей мен АҚШ делегациялары Украинадағы соғысты бейбіт жолмен реттеу мәселесі бойынша келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Кездесу 3 желтоқсанға қараған түні өтіп, бес сағаттан аса уақытқа созылған. Ресей жағынан келіссөзге Владимир Путин, президент көмекшісі Юрий Ушаков және арнайы өкіл Кирилл Дмитриев қатысқан. АҚШ делегациясын президенттің арнайы өкілі Стивен Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер бастап барған.
Путиннің көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, тараптар соғысты тоқтату бойынша бірнеше нұсқаны қарастырған, бірақ әзірге ортақ шешімге келе алмаған.
"Дегенмен АҚШ ұсынған кейбір ұсынысты талқылауға болады. Ал кейбірі бізге мүлде сәйкес келмейді. Жұмыс жалғасады", – деді Ушаков.
Ол Путиннің Вашингтонның кей ұсынысын сынға алғанын, әсіресе, аумақтық мәселелер бойынша келіспеушіліктер барын атап өтті. Соған қарамастан, Ушаков кездесуді "мазмұнды және пайдалы" деп бағалады.
Келіссөз жабық форматта өткен. Тараптар оның мазмұнын жария етпеуге уағдаласқан. АҚШ делегациясы нәтижелер туралы Дональд Трампқа тікелей баяндап, кейін Мәскеумен телефон арқылы байланыс орнатпақ.
Осы уақытта Украина президенті Владимир Зеленский Telegram арнасында "соғыстың аяқталуына қатысты жеңіл шешімдер болмайтынын" мәлімдеді. Ол АҚШ делегациясының Мәскеудегі келіссөзінен кейінгі позициясын күтетінін, себебі сол Киевтің келесі қадамдарын анықтайтынын айтты.
Сондай-ақ, ол алдағы уақытта АҚШ делегациясымен және Дональд Трамппен жеке кездесу өткізуі мүмкін екенін жоққа шығармады.
