Жетісу облысында жеке сот орындаушылары жарты миллиардтан астам табысын жасыруға тырысқан

Қаракөз Амантай 03 жел. 2025 10:27

Жетісу облысында жеке сот орындаушылардың жүздеген миллион теңге көлеміндегі жасырын табыстары анықталды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Талдықорған қаласының прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде 2023 жылы жеке сот орындаушылардың жеке табыс салығы бойынша 240.00 нысанда тапсырған декларацияларында кірістердің айтарлықтай төмен көрсетілгені анықталды. Мұндай "көлеңкелі" тәсіл тек салық заңнамасын бұзып қана қоймай, адал салық төлеушілерге қатысты әділдік қағидаттарын да аяқ асты етеді.

Статистикалық деректерге сәйкес, аяқталған атқарушылық өндірістердің нақты көлемі 896,1 млн теңгені құрайды. Алайда салық органдарына тапсырылған декларацияларда бар болғаны 231 млн теңге ғана көрсетілген. Айырмашылық — 665,1 млн теңге.

Прокуратураның ұсынысынан кейін үш жеке сот орындаушы қосымша салық декларацияларын тапсырып, соның негізінде 2,6 млн теңге көлемінде қосымша салық төлеген.

Сонымен қатар осындай заңбұзушылықтар тағы 17 жеке сот орындаушыдан анықталған. Қазіргі уақытта уәкілетті орган прокурорлық қадағалау актісін орындау мақсатында ЖСО-лардың салық берешегін өндіріп алу бойынша шаралар қабылдауда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар