Қазақстан Бас прокуратурасы “Ордабасы” футбол клубының бұрынғы президенті Бақтияр Байсейітовты экстрадициялау туралы Түркияға ресми сұрау жолдады. Ол аса ірі көлемдегі қаражатты жымқыру дерегі бойынша халықаралық іздеуде жүр, деп хабарлайды Dalanews.kz. ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бас прокуратураның мәліметінше, Байсейітов Түркия аумағынан анықталған. 21 ақпанда Қазақстан Анкараға оның елге қайтарылуына қатысты ресми құжаттарды жіберген.
“Әзірге Түркия тарапынан жауап түскен жоқ”, – деп хабарлады Қадағалаушы органның баспасөз қызметі.
Тергеу нұсқасы бойынша, Бахтияр Байсейітов Түркістан облысындағы “Қаратау” кенішін салуға бөлінген 320 млн теңгеден астам қаражатты жымқыруға қатысы бар деген күдікке ілінген. Тексеру нәтижесінде жобаға қажет жабдықтардың жеткізілмегені, ал бөлінген қаржының бір бөлігі Iri Building және “Қаратау” сияқты байланысы бар компаниялар арқылы заңсыз шығарылғаны анықталған.
Тергеушілер оның осы компаниялардың мүддесін лобби жасап, шешім қабылдау процестеріне ықпал еткенін айтады. Байсейітовтың әрекеті ҚР ҚК 189-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы (“Өзгенің мүлкін аса ірі көлемде талан-таражға салу, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған”) бойынша саралануда.
Айта кетейік, Бахтияр Байсеитов 2017–2021 жылдары “Ордабасы” футбол клубының президенті болған.
