"Баж салығын" ұртоқпақ еткен Трамп саясаты Қазақстанға қалай әсер етуі мүмкін - сарапшы

Кәмшат Тілеухан 05 ақп. 2025 11:15 680

"АҚШ президенті Дональд Трамптың бірқатар тосын мәлімдемелері халықаралық сауда келіссөздерін жандандыруға арналған "ұртоқпақ" құралы сипатына көбірек ие" деген пікірлер қазір жиі айтылып жүр. Канада мен Мексикаға салынбақ санкциялар уақытша кейінге шегерілді, ал Қытаймен арадағы келіссөздер осы аптада өтеді деп күтіліп отыр. Бірақ әлемдік экономикада айтарлықтай дүдамал жағдай сақталуда. Айналып келгенде, мұның барлығы Қазақстан экономикасын қалай әсер етуі мүмкін? Бұл сауалға  "Комментарий" талдау тобының жетекшісі, экономист Эльдар Шамсутдинов жауап бере отырып, ықтимал бірнеше сценарийді алға тартады, деп жазады Dalanews.kz.

Пессимистік: сауда соғысының масштабты сипатқа ұласуы, доллардың нығаюы, әлемдік экономика өсімінің баялауы, әсіресе Қытайдың.

"Мұндай жағдай, әлбетте Қазақстан теріс әсер етеді, өйткені Қытай экономикасының баяулауы (EIU есебі бойынша, ҚХР тауарларына 20% баж салығы енгізілсе, 2025 жылы елдің ЖІӨ-сі 0,6 п.т төмендейді деп күтіледі) салдарынан шикізатқа сұраныс (мұнай, мыс) төмендеуі мүмкін, яғни еліміздің негізгі экспорттық өнімдерінің бағасы арзандауы ықтимал. Мұнай мен металдың әлемдік нарықтағы құны құлдыраса, ол экономикамызға тікелей салмақ түсіреді. Оның үстіне, Қытайдан өндірісті Қазақстанға көшіре қою екіталай, себебі еліміздің теңізге тікелей шыға алмайды, бұл логистиканы қиындатады", - дейді сарапшы.

Бірқалыпты немесе "базалық сценарийде" тарифтер біртіндеп реттеліп, нарықтар тұрақтануы мүмкін.

"Қытай "Бір белдеу – бір жол" бастамасы аясында Қазақстанға инвестициясын арттыра түседі. Мұндайда сауда соғысы ерте кезеңді бастан кешіріп, қосымша баж мәселесі әлі өзектілік танытады. Ақырында қос тарап белгілі бір салаларда өзара келісімге келуі мүмкін. Мұндай жағдайда тауар ағындары басқа нарықтарға қарай ығысып, үшінші елдерге жаңа мүмкіндіктер туғызуы ғажап емес".

Үшінші, "оптимистік сценарийде" ауқымды сауда шектеулері болмай, шикізат бағасы орташа деңгейде (мұнайдың бір баррелі – 75 доллар) қалады. Бұл Қазақстан үшін қолайлы.

Балама сценарий:

"Кейбір экономистер Трамптың тарифтерге қол салуы долларды әлсірету мен АҚШ қазынашылық облигацияларының кірістілігін төмендетуге бағытталған деп есептейді. Жалпы, бұл арада АҚШ әкімшілігі басқа валюталарға шаққанда долларды ақырындап девальвациялауды мақсат еткен 1985 жылғы Плаза келісіміне ұқсас әрекет жасағысы келетін секілді. Ал доллар арзандаса, шикізат автоматты түрде қымбаттайды. Бұл сценарий де Қазақстан үшін тартымды болуы мүмкін".

Қазақстан үшін мүмкіндіктер көзі:

Осындай дүдамал жағдайда Қазақстанның сирек кездесетін металл қорлары ерекше қызығушылық тудыра бастауы ықтимал. Өйткені әлемдегі сирек кездесетін металдар өндірісінің 70%-ын басқаратын Қытай АҚШ тарапынан тарифтік шектеулерге ұшыраса, ол осы нарығын өзгелер үшін "жауып тастауы" мүмкін.

"Кейбір сарапшылардың айуынша, Украинада оқ атуды доғару бойынша келісімдегі шарттардың бірі осы нарыққа қолжетімділікті қамтамасыз ету көрінеді. Яғни, сирек кездесетін металдар нарығына.  Трамптың өзі сондай мәлімдеме жасады. Украина титан, темір рудалары, көмір, лития сынды шикізат қорына ие. Алайда оның кейбірі Ресей әскері жаулап алған территорияларда орналасқан. Осы жағынан алғанда, Қазақстанның сирек металл қоры тартымды нысанаға айналуы мүмкін", деп сөзін түйіндейді экономист.

Бұған дейін сайтымызда "Дональд Трамп АҚШ долларынан бас тартпақ БРИКС-ке доқ көрсетті" деген мақала жарияланған. Яғни, баж салығы "тоқпағын" ары-бері сермеген АҚШ-тың жаңа президенті оны БРИКС-ке де кезеп отыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар