Дональд Трамп БРИКС елдері өз валютасын шығарып, өзара есеп айырысуда америкалық долларды пайдаланудан бас тартып жатса, онда Америка Құрама Штаттарына экспортталатын тауарларына 100 пайыз салық салатынын ескертті, деп жазады Dalanews.kz.
"Біз ықтимал достас емес елдерден БРИКС валютасын жасап шығармау және күшті АҚШ долларын алмастыратын басқа валютаны қолданбау міндеттемесін талап етеміз, әйтпесе олар 100 пайыздық бажға тап болады, сөйтіп АҚШ-тың тамаша экономикасындағы сауда-саттығымен қоштасуға тура келеді", деп жазды Дональд Трамп Тruthsocial-дағы парақшасында.
Оның айтуынша, "БРИКС-тің халықаралық сауда-саттықта АҚШ долларын алмастыруға ешбір мүмкіндігі жоқ". Мұны істеуге тырысатын кез-келген ел "баж салығын күтіп алып, Америкамен қоштаса берсе болады".
Сонымен қатар Америка президенті Вашингтон мұндайда "жай ғана процесті бақылап, сырттай қарап тұрмайтынын да" ескертті.
Айта кетсек,БРИКС белгілі бір дәрежеде ұжымдық жағынан Батысқа қарсы ұйым ретінде қарастырылады. БРИКС бастапқыда бес елден тұрған: Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка. 2024 жылдың басында оларға Иран, Мысыр, Эфиопия және Біріккен Араб Әмірліктері қосылды. РФ президенті Владимир Путин америкалық валютаның үстемдігін бірнеше рет сынға алып, БРИКС аясында тәуелсіз төлем құралын және есеп айырысу жүйесін құру ниеті барын жариялады. Қазіргі уақытта АҚШ доллары жаһандық төлем операцияларындағы ең маңызды валюта болып табылады.
Мәскеу батыстан тәуелсіз баламалы валютаны енгізу Украинаға қарсы соғысқа байланысты ұрынып жатқан айыппұл шараларының әсерін азайтуға мүмкіндік береді деп үміттенеді. Соғыс жағдайында Батыс елдері Ресейге қарсы бірқатар санкциялар енгізді, олар, әсіресе қаржы секторын оңдырмай жатыр.
Жалпы, Дональд Трамп баждарды 2017 жылдан 2021 жылға дейінгі алғашқы президенттік мерзімінде қысым құралы ретінде қолданған. Сондықтан оның бұл тәсілге тағы да баруы әбден мүмкін. Экономистер ауқымды баждар АҚШ-ты бағалар өсіміне әкеліп соқтырады деп санайды.
Әуел баста, Қазақстан БРИКС-ке мүшеліктен бас тартқан. Алайда 2024 жылдың соңында Қазан қаласында өткен "БРИКС+" саммитінде бірқатар мемлекет аталған халықаралық ұйымына "серіктес ел" болуға дайын екенін растады. Олардың қатарында Беларусь, Боливия, Индонезия, Куба, Малайзия, Таиланд, Уганда және Өзбекстанмен қатар Қазақстан да бар. Яғни, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан БРИКС-ке "серіктес ел" мәртебесіне ие. Айтқандай, осы саммитте Путиннің қолына ақша ұстап түскен суреті БАҚ беттерінде тарап кеткен. Кейіннен бұл болашақ валютаның таныстырылымына арналған көшірме нұсқа екені нақтыланды. Сондай-ақ БРИКС-тің таяу арада жаңа валюта жасап шығарғалы жатпағандары да айтылған.