Күтпеген мәлімдеме: Қазақстан БРИКС мүшесі болатыны рас па?

Көркем Алдабергенова 24 жел. 2024 12:03 437

Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков Қазақстан 2025 жылы 1 қаңтардан бастап БРИКС-ке қосылатынын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ушаковтың сөзінше, Қазанда өткен саммиттің маңызды нәтижелерінің бірі – БРИКС серіктес елдерінің санатының құрылуы және 13 мемлекеттің тізімінің келісілгені болды.

«… Қазір Беларусь, Боливия, Индонезия, Қазақстан, Куба, Малайзия, Өзбекстан, Тайланд, Уганда елдерінен растама алынды. Олар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ресми түрде БРИКС-тің серіктес мемлекеттері болады», – деді Ушаков.

Еске салайық, бұған дейін Президенттің кеңесшісі - Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли Президентке Қазақстанның БРИКС құрылымына кіру мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныстар түскенін айтқан еді. 

Мемлекет басшысы бұл ұсынысты Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан мұқият қарастыруда.

Қазандағы жиынға қонақ ретінде шақырылған Тоқаев бүгін outreach форматындағы кеңейтілген құрамда өтетін жиынында сөз сөйлейді.

"Еліміз құрылымға мүше болуға және осы бірлестіктің даму перспективаларына қатысты басқа да мәселелерді қараудың көп сатылы процесін ескере отырып, қазір және жақын болашақта БРИКС-ке мүше болуға өтініш беруден қалыс қалады.

Президент бұған дейін бірнеше рет БҰҰ-ны әлемдегі әмбебап әрі баламасы жоқ ұйым ретінде атаған болатын. Сондай-ақ осы Ұйымда барлық өзекті халықаралық проблемаларды, соның ішінде әділетті әлемдік тәртіп құруға қатысты мәселелерді талқылау керек деген ұстанымын білдіргені жұртшылыққа мәлім.

Президенттің пікірінше, БҰҰ да кемшіліксіз емес. Бірақ дәл сондай басқа ұйым жоқ. Сондықтан БҰҰ-ға әлемдік қауымдастықтың қолдауы ауадай қажет. БҰҰ Жарғысы халықаралық құқықтың негізі болуы керек және бұл іргелі құжатта бекітілген қағидаларды бұзуға ешкімнің қақысы жоқ.

Мемлекет басшысы "орта державалардың" мүдделерін ескере отырып, БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің кең ауқымды консультациялары негізінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды бастау қажет деп есептейді", - деген еді Берік Уәли өз сөзінде.

Айта кетейік, БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай және Оңтүстік Африка) – бұл дамушы нарықтарға ие елдерден құрылған экономикалық және саяси ынтымақтастық ұйымы. Алғашында 2000 жылдардың басында БРИК (Бразилия, Ресей, Үндістан және Қытай) ретінде қалыптасып, 2010 жылы Оңтүстік Африка қосылғаннан кейін БРИКС атауын алды.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар