Азаматтық қоғам мен мемлекеттік органдардың қарым-қатынасы соңғы жылдары айтарлықтай өзгерді. Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдардың саны артып, олардың әлеуметтік саладағы рөлі күшейіп келеді. Ресми деректерге жүгінсек, 2024 жылдың көктемінде елімізде 23 335 ҮЕҰ тіркелген. Бұдан қоғамда өзін-өзі ұйымдастыруға деген сұраныстың, азаматтардың өз мәселесін шешуге белсенді араласуға дайын екендігінің айқын дәлелі. Көп жағдайда әлеуметтік проблеманы алғаш болып көтеретін де, нақты шешім ұсынатын да – осы ұйымдар.
Мемлекет те олардың күшін сезініп, қолдауды жүйелі арнаға бағыттап отыр. Басты құрал ретінде «Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс және ҮЕҰ-ға гранттар мен сыйақылар туралы» заң қолданылады. Бұл заң қаржыландырудың тәртібін ғана емес, мониторинг пен тиімділікті бағалаудың ережелерін де айқындайды.
2025 жылдың қаңтарында енгізілген түзетулер артық нормаларды қысқартты, ал гранттық саясатқа қатысты баптар жаңартқанын білеміз. Енді жобалардың нәтижесі нақты өлшемшарттар арқылы анықталатын болды. Бұрынғыдай қағаз жүзіндегі есептермен шектелмей, қоғамға тигізген шынайы пайдасына мән беріледі.
Мұндай өзгерістердің басты мақсаты – әділ бәсекеге жол ашу және сенімді арттыру. Егер ұйымдар қаржыны тиімді пайдаланып, халыққа нақты нәтиже көрсете алса, олардың беделі де, ықпалы да артады. Сенім болған жерде серіктестік те нығаяды. Серіктестік нығайған сайын әлеуметтік мәселелерді шешу ауқымы кеңейіп, қарапайым халықтың тұрмысында оң өзгеріс байқалады.
Мәселен, ауылдағы ауыз су тапшылығын шешуге бағытталған шағын жобаны алайық. Мұндай істі бұрын тек әкімдік өз күшімен атқарса, қазір ҮЕҰ тікелей араласып, қаржы тартып, тұрғындарды жұмылдырып, тиімді жол ұсына алады. Ал билік сол бастаманы қолдап, нәтижесін бірге бақылайды. Бұл тәжірибе қаржының дұрыс жұмсалуына, уақыттың үнемделуіне және мәселенің нақты шешілуіне мүмкіндік береді.
ҮЕҰ қызметі қоғамның саяси мәдениетіне де ықпал етуде. Олар халықты билікке сауатты сұрақ қоюға, заңды жолмен талап етуге, қоғамдық бақылауды іске асыруға үйретеді. Бұл демократиялық үрдістердің орнығуына негіз қалайды. Халық үнсіз қалмай, талап қойып, бақылап отырса, билік те селқостыққа жол бермейді.
Әрине, әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Кейбір өңірлерде ҮЕҰ-ның кәсіби деңгейі жеткіліксіз, кейде қаржыландырудың әділдігіне күмән туындайды. Дегенмен, жүйе біртіндеп жетіліп келеді. Бастысы – қоғамда азаматтық ұйымдардың дамуына деген ынта бар, ал мемлекет тарапынан оған қолдау көрсетіліп отыр.
Қазақстанның тұрақты дамуы үшін мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы сенім мен әріптестік ерекше маңызды. Заңдардың нақтылығы, жобалардың нәтижелілігі, халықтың белсенділігі бір арнаға тоғысқанда ғана қоғам мүддесіне сай шынайы өзгеріс болады.