Жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтіріп, аяғынан айырылуына себеп болған жүргізуші 15 млн теңгеден астам өтемақы төлеуі тиіс, деп хабарлайды Dalanews.kz
Бұл ақпарат Ақмола облыстық сотының ресми парақшасында жазылды. Ерейментау аудандық сотында адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу дерегі бойынша қылмыстық іс қаралды.
2025 жылдың шілде айында жүргізуші жолаушыларды Екібастұздан Астана қаласына апара жатып жолда алдыңғы автокөлікпен соқтығысып қалған.
Жол апаты салдарынан артқы жақта отырған, қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушы ауыр жарақат алды: оның оң аяғы ампутацияланды, сонымен қатар, миына қатты зақым келген.
Сот анықтағандай, айыпталушы автокөлікті шаршаған күйде басқарған, жылдамдықты асырған, алда келе жатқан көлікпен ара қашықтықты сақтамаған және қауіпсіздік белдігін тақпаған күйі жолаушыларды тасымалдаған.
Жүргізуші кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкінгенін білдірді. Зардап шеккен жолаушы айыпталушыны бас бостандығынан айырмауды, тек қозғалыс еркіндігін шектеу жазасын қолдануды сұрады.
Ер адамның кінәсі оқиға орнын, автокөлікті тексеру, фотосуреттер мен жол апаты схемасы, сараптама қорытындылары және іс материалдарының басқа деректері арқылы расталды.
Жазаны тағайындау кезінде сот айыпталушының оң сипаттамасын, бұрын сотталмағанын, зардап шегушінің пікірін, сондай-ақ, кінәсін мойындауы мен өкінуін ескерді.
Сот үкімімен ер адамға бір жылға қозғалыс еркіндігін шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау орнатылды. Сондай-ақ, ол бір жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
Зардап шеккен жолаушының пайдасына материалдық шығын, моральдық зиян және соттағы өкілдік қызмет үшін кеткен шығындар өтеліп, жалпы сомасы 15 миллион теңгеден асты. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
