Шығыс Қазақстан облысында жаңа әуежайлар салынып жатыр. Брифингте облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов журналистердің сұрақтарына жауап беріп, жобаларды жүзеге асыру мерзімі, инфрақұрылымды дайындау кезеңі және қазіргі жұмыстардың жағдайын нақтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Брифинг барысында Нұрымбет Сақтағанов Зайсандағы әуежай құрылысы 66 пайызға аяқталғанын атап өтті.
«Қатонқарағайда 55 пайызға дайын. Ұшу-қону жолағы мен рулеждік жолдар құрылды. Қазір перрондар мен әуежай вокзалдары салынып жатыр. Жыл соңына дейін бұл құрылыс жұмыстары аяқталады. Сонымен қатар, тиісті жабдықтарды сатып алу және орнату жұмыстары жүргізілуде. Келесі туристік маусымның басында алғашқы ұшақтар осы әуежайларда қабылданатынына сенемін», – деді ол.
Бұрын хабарланғандай, Қатонқарағай курорттық аймағындағы әуежай Белқарағай ауылына жақын жерде 266 гектар аумақта салына бастаған. Құрылыс аясында ұзындығы 2200 метр болатын ұшу-қону жолағы қарастырылған. Көлік министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, әуежай сағатына 150 жолаушыға дейін қабылдауға қауқарлы.
Бұған дейін бұрынғы көлік министрі Марат Қарабаев мұндағы әуежайдан Қазақстан бойынша рейстерді (Астана, Алматы, Өскемен) және шетелге – Қытайға (Алтай, Қанас) және Моңғолияға (Баян- Өлгей) бағыттау жоспарланып отырғанын хабарлаған еді.
Зайсан курорттық аймағындағы әуежай құрылысы 2025 жылғы наурыз айының соңында басталғаны хабарланған болатын. Әуежай Сатпай ауылы маңындағы бұрынғы әскери аэродром орнына салынып жатыр, Зайсаннан шамамен 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол үшін аймақта климаттық жағдайларды және көлік қолжетімділігін ескере отырып, шамамен, 184 гектар жер бөлінген.
Ұшу-қону жолағының ұзындығы 2200 метр болады. Әуежай Bombardier Q400 және ATR-72 сияқты ұшақтарды қабылдай алады.
