Алматы мектептерінің бірі оқу үдерісі кезінде жөндеу жұмыстарын жасамақшы

Қаракөз Амантай 20 қар. 2025 16:55

Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы №86 мектеп-гимназиясы оқу кезінде мектеп ішінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. 11 қараша күні жарияланған лоттың құны 22,3 млн теңгені құрайды. Алайда мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған конкурс бірнеше заң талаптарының тікелей бұзылғанын көрсетеді. Dalanews.kz редакциясы құжаттарға шолу жасау барысында үш бірдей заңсыздықты анықтады.

Санитарлық талаптардың тікелей бұзылуы

Біріншіден, мектеп әкімшілігі жөндеу жұмыстарын оқу процесі кезінде бастамақ. Бұл – санитарлық талаптарға қайшы. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы №КР ДСМ–76 бұйрығымен бекітілген санитарлық ережелердің 57-тармағында: “Объектілер жұмыс істеп тұрған кезде авариялық жағдайларды жоюдан басқа, ағымдағы немесе күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жол берілмейді” деп нақты көрсетілген. Яғни оқу жылы кезінде жөндеу жасауға тыйым салынған. Бұл норма балалардың қауіпсіздігі мен оқу ортасының санитарлық жағдайын сақтау мақсатында енгізілген. Соған қарамастан мектеп жөндеуді дәл оқу кезеңінде жоспарлап отыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың ұйымдарына басымдық берілмеген

Екіншіден, мемлекеттік сатып алу әлеуметтік осал топтарға қатысты заң талаптарын сақтамаған. “Мемлекеттік сатып алу туралы” заңның 27-бабына сәйкес, белгілі бір жұмыс түрлері, оның ішінде жөндеу жұмыстары мен жиһаз дайындау – мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестіктері немесе солар құрған кәсіпорындар арасында ғана ойнатылуы тиіс. Бұл ұйымдар үшін аталған жұмыс 100% көлемде арнайы тәртіппен сатып алынуы қажет. Алайда №86 мектеп жариялаған конкурста мұндай басымдық қарастырылмаған, яғни заңмен белгіленген әлеуметтік квота ескерілмеген.

Жұмыс пен тауар бір лотта көрсетілген

Үшіншіден, мектеп жариялаған лотта “жұмыс” пен “тауар” бір лотқа біріктірілген. Техникалық ерекшелікте жөндеу жұмыстары ғана емес, сонымен қатар шкафтар, жиһаздар дайындау және орнату да енгізілген. Мемлекеттік сатып алу заңнамасы жұмыс пен тауарды бір лотта біріктіруге тыйым салады. Жиһаз – тауар, ал жөндеу – жұмыс. Екеуі бірге көрсетілген жағдайда конкурс әділ өтпейді.

Қорытындылай келе, №86 мектеп-гимназиясы жариялаған жөндеу конкурсы оқу жылы кезіндегі қауіпсіздік талаптарын, мүмкіндігі шектеулі жандар ұйымдарына берілетін заңды артықшылықты және мемлекеттік сатып алудың базалық қағидаттарын өрескел бұзған.

Осы мәселеге байланысты Dalanews.kz редакциясы Алматы қаласы әкімдігіне ресми сұрау жолдады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар