Германиядағы мыңға жуық болашақ әскерге шақырылушы Қазақстан паспортын да иеленген – БАҚ

Көркем Алдабергенова 19 қар. 2025 12:29

Германияда бундесверге шақыру жөніндегі жаңа ережелерге ілігуі мүмкін мыңдаған жас азамат қос азаматтыққа ие. Олардың қатарында Ресей мен Қазақстан азаматтығы барлар да бар. Бұл туралы 18 қараша, сейсенбі күні Die Welt газеті Германияның Федералдық статистика ведомствосының деректеріне сүйеніп жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Желтоқсанда бундестаг шақырудың жаңа тәртібін бекітуі тиіс: 2026 жылдан бастап Германиядағы барлық 18 жастағы азамат арнайы сауалнама толтырып, кейін әскери қызметке жарамдылық санатын анықтау үшін медициналық тексерістен өтеді. Егер еріктілер саны жеткіліксіз болса, әскерге жеребе арқылы шақыру жоспарланып отыр. Алайда бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ.

Die Welt мәліметінше, 2022 жылдың мамыр айында Германияда 2008 жылы туған 340 859 ер бала тұрған. Солардың 56 693-і Германия азаматтығымен бірге тағы бір немесе бірнеше азаматтыққа ие болған. Олардың ішінде 3 691-ының – Ресей, 1 620-сының – Қазақстан, 14 463-ының – Түркия, 4 141-ының – Польша, 3 857-сінің – Италия, 1 888-інің – Сербия, 1 640-ының – Марокко азаматтығы болған.

Газеттің жазуынша, сауалнамада өзге азаматтықтардың бар-жоғын міндетті түрде көрсету талап етіледі. Германия Қорғаныс министрлігі заң жобасын әзірлеу кезеңінде бұл «сенімсіздік белгісі емес» екенін айтып, мұндай ақпарат Германия алдындағы міндеттемелер үшін қажет екенін түсіндірген.

Украинадағы соғыс аясында Ресей азаматтығы бар болашақ шақырылушыларға қатысты адалдық, құпия ақпаратқа қолжетімділік сияқты мәселелерде қиындықтар туындауы мүмкін, деп жазады Die Welt. Қорғаныс министрлігі газеттің сұрауына: ерікті түрде қызметке барғысы келетіндердің бәрі «конституцияға адалдығы бойынша тексеруден өтуі тиіс» деп жауап берген.

Заңгер Фердинанд Вебер қос азаматтығы бар жастарды медициналық тексерістен кейін әскери қызметке жібермеуі мүмкін деген пікір білдірді. Себебі оларға қатысты тәуекелдер бар. Германия СІМ-і Германия–Ресей қос азаматтығын алған адамдарды Ресейге бармауға бұрыннан ескертіп келеді, өйткені оларды Ресей армиясына шақырып алуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар